— Әкемнiң, — дедi бала ақырын.
— Әкеңнiң аты кiм?
— Ертiлеу.
— Өзiңнiң атың кiм?
— Өзiмнiң бе? Жүнiс.
— Ал Апаңның аты кiм?
— Апам ба? Апам жоқ. Кеше ағам айтқан сендерге әйәй апа әкеп берем деп...
Сол екен, қыз дем жетпегендей боп, алқынып, тоқтай қалды. Сосын бір түрлi боп
абыржып, iшiнен әлдекiмге ызаланып, алдындағы баланы итерiп жiбере алмай, сең
соққан балықтай болды.
Пiрмақан Нұрсұлуға бұрылды:
— Ау, омалып нағып отсың? Құда бала кеп отқан жоқ па? Тұр‚ қазан көтер!
— Жоқ‚ оған қарай алмаймын. Асығыспын‚ — дедi Мақамаш дыбырлап.
— Немене жау қуып бара ма?
— Кәзiр Қызкүмбездi бұзамыз. Соған барам...
Мына сөздi ести сала, Пiрмақанның түсi бұзылып кеттi. Қара жүзi демде үсiк шалған
қауындай бозарып сала бердi. Аузына жөндеп сөз түспей қалды. Сол үрейдi одан сайын
есемелей түсiп, ауыр есiк қатты ашыла бердi. Бөтен аяқ тықыры шалдың қорқынышына
қорқыныш қосты. Үйге Пұсырман кiрдi. Ол шаруасын келте қайырды:
— Пiреке, ешек-арбаңды алып шық. Ана Қызкүмбездiң керпiшiн тасисың.
— Қарағым-ау, ол деген... — Пiрмақанның құты қашып кеттi. Артынша шұғыл ес
жиып, майдалап көрмек болды. — Қарағым Пұсырман‚ сақал-шашым ағарғанда осы
iске менi араластырып кәйтесiң? Кәрi қойдың жасындай жасым қалды. Сақалым
сапсиып, мола бұзып жүрсем, ел күлмей ме? Мына жастар да жетедi ғой. Менi...
— Пiреке, бос сөздi қой да, арбаңа ешегiңдi жек‚ — дедi Пұсырман оның сөзiн бөлiп.
Өмiрi басынан сөз асырып көрмеген Пiрмақан демде қитығып қалды:
— Қарағым, басымды қағып алсаң да‚ бармайым. Күмбез бұзып, әруаққа шет
болатын жағдайым жоқ.
Сол арада бағанадан берi үнсiз отырған Сәдiрмақан:
— Өй, онда не тұр дейсiң? Пұсеке, әкем бармаса қойсын‚ өзiм бас боп бұзам, — дедi
жұлып алғандай етiп.
— Мiне, сөз!
— Шынында, сонда тұрған не бар? Бiз сорлы не болса содан қорқа беремiз, — деп
сөзге Мақамаш араласты.
Пұсырман Пiрмақанға түсiн суыта қарады:
— Әй, шал, барасың ба, жоқ па?
— Бармайым.
— Ә, сен де көнтiр екенсiң ғой. Бiлдiк сырыңды, — дедi Пұсырман ызбарланып.
Сол сол екен‚ қитығып отырған Пiрмақан астына сыздауық шыққандай қозғалақтап,
Пұсырманға қорқа қарады. Iзiнше қаны қашқан жүзiне жұқалаң қызыл шырай жүгiрдi.
Мағынасын түсiнбесе де, әлгi сөзден өлердей қорқатын ол ернi жуыспай, кекештенiп
қалды да‚ тiлiн төсей сөйледi:
— Қарағым Пұсырман‚ мен бiр оқымаған надан адам... Менi ненi түсiнiп қарық
қылады дейсiң. Әй, осы бiздiң ескiлiгiмiз-ай! Мақұл, мақұл. Айтқаныңа құлдық! Мiне,
шықтым, — деп қара шал орнынан қалт-құлт етiп‚ қолымен жер таянып тұра бердi.
Iшiнен: “Мына әтеңелеттiң есi жоқ екен ғой. Ақымақ, ит-шошқа!” — деп Сәдiрмақанға
ызаланды.
— Ранай‚ сен де жүр, қолғабыс етесiң, — дедi Пұсырман.
— Ау‚ әкесi барса, жетпей ме? — дедi Нұрсұлу шошып.
— Өзiң де жүр. Стансаның қатындарымен бiрiгiп керпiш тасисың.
Нұрсұлудың көзi атыздай болды.