Сиыр сәске жақындағанда қызыл қоңыр қыш керпiштер күмбез жанына ат жал боп
үйiлдi. Ықылассыз жұрт басқарманың ту сыртынан қадалып тұрғанын көрiп‚ қайла тиiп
ұшырып түсiрiп жатқан керпiштердi бiртiндеп үйiп жатыр. Әсiресе, қатындар жағының
зәре-құты ұшып кеткен. Олар iштерiнен күбiрлеп, қолдарын жерде жатқан керпiшке
қорқасоқтай созады.
Соны байқап қалған Көптiлеу бастаған шаруаны тез бiтiрудi ойлап‚ үркiп тұрған
жұртқа қарап:
— Кәне, керпiштердi арбаға тиеңдер! Шаруаны бiтiргесiн, бiр-ақ дем аласыңдар! —
деп айқайлады.
Жұрт оның айтқанын қайт қыла алмай‚ батылсыздау қимылдап, арбаларға
керпiштердi тией бастады. Аздан соң етi үйренген олар өзара күңкiлдестi:
— Жарықтықтың керпiшi-ай! Қандай қып-қызыл!
— Мыстан құйылғандай!
— Әлi өңiн бермептi.
— О, құдай, өзiң кешiре гөр! — дедi Дәуiт керпiш ұстаған қолы безгек буғандай
дiрiлдеп.
— Сен неменеге шошып тұрсың? Бол тез! — дедi оған керпiш алып берiп тұрған‚ екi
езуi екi құлағына жеткенше күлiп тұрған Ертiлеу.
Аздан соң керпiш толтырыла тиелген арбалар жегiлген пар ат мықшыңдап тартып
қалғанда, майланбаған дөңгелектерi белi қайысқандай сықырлай қозғалып, тастақ
жерге тақылдай тиiп, Байқожаға қарай жүрiп кеттi. Осы кезде бiр жағындағы
керпiштерi үңiрейе ойылып алынған‚ әлден-ақ қисая бастаған Қызкүмбез кенет бiр
жағына қарай ауа бастаған өз салмағына шыдамай‚ астындағы қара жер қозғалып
кеткендей‚ бiр бүйiрiне қарай қисайып бара жатты. Содан кейiн басындағы күмбез
шайқалақтап кетiп‚ тiреуi жоқ қабырға жердегi жас көктiң үстiне гүрс етiп құлап түстi.
Ақ шаң бұрқ ете қалды. Шошып кеткен жұрт сол жаққа жалт-жалт қарасып‚ үрпиiсiп
қалды.
— Мiне, бұ да бiттi. Ескiлiктiң бiр көзiн құрттық, — дедi Пұсырман дым да
болмағандай.
Елеусiн үндемедi.
Көптiлеу терiс айнала бердi.
Зауал ауа керпiштер стансадағы мектеп жанына тасылып болып та қалды. Соңғы
арбаға қалған керпiштердi жұрт тиеп жатқанда‚ қазақ, орысы аралас он шақты
жұмысшы үстi-бастарын қағынып, суға түспек боп‚ дарияға беттедi. Сырдың осы тұсы
иiн. Ағысы қатты. Одан әрiректе иiрiмi ұршықша шыр айналған‚ бой жоқ тұс бар.
Жұмысшылар сол араға барып, киiмдерiн шешiп тастап‚ шолпылдасып суға түсе
бастады.
Көптiлеу мен Пұсырман екеуi елдi жанықтырып, соңғы керпiштердi тез тиеттi.
Арбалар сықырлап, әрең қозғалып, қабақтан түсе бергенде‚ кенет дария жақтан шу
шықты:
— Ойбай, маңдайына көк тiгiлдi!
— Суға кеттi!
— Сұбханалла! — деп Дәуiт шұбар бетiнiң қаны қашып, пар атты аямай сабалап,
Байқожаға қарай салдырта жөнелдi.
Суға кеткен жирен сары орыс жiгiтi екен. Қалғандарында ес жоқ‚ түс жоқ, боп-боз.
Ел де қатты шошып қалған. Олар шуылдасып, әр нәрсенi бiр әңгiмелеп тұрғанда‚ батыс