— О не?
— Жоқ, айтпайым. Сенiң аузыңа сөз тұрмайтыны бесенеден белгiлi.
— Өллә-бiллә, тiрi пендеге тiсiмнен шығармайым. Мiне, жаным, мiне иманым, —
деп Төребай сол арада дәл бiр ақы-пұлы күйiп бара жатқандай оған жатты да жабысты.
Бас жiп қолынан сусып түсiп кеттi. Егесiне үрке қараған қоңыр ешкi сәл тұрды да,
аздан соң жұп-жұмсақ үлбiреген ерiнiмен қалың ажырықты үйiре жеп‚ бетiмен
жайылып бара жатты.
— Ә, солай ма? Жарайды. Кәне, берi әкел! — Қыжым оның қалқандай құлағын бiр
жаққа қашып кететiндей қолымен өзiне соза жақындатып, аузын тақап‚ бiрдеме деп
сыбырлап едi, Төребайдың ешкемердiң жонындай бұдыр-бұдыр бетi лезде түтiге
қызарып кеттi. Сосын оның қолын қағып жiберiп‚ ешкiсiне қарамастан‚ жалт бұрылып,
үйiне қарай асығыс адымдай жөнелдi.
Қатындар оның соңынан ду күлiп қала бердi.
Ержiгiт те ерiксiз күлдi. Сосын оның назары орнынан жаңа ғана қозғалып бара
жатқан пойызға түстi. Стоп-кран басқан түсi суық еңгезередей бiр кiсi екен. Оның
қасында түсi суық екi адам бар. Олар бұлар жаққа қарамастан‚ стансаның тас
қазармасына қарай тартты. Соны көрген қатындардың, әсiресе, Қыжымның иманы қара
таяқтай болды:
— Ойбай‚ кеттiк!
— Байымыздың жанында болайық.
— Әй, жетпегiр, қайдасың? Жүр былай!
— Ойнайым, — дедi бiр қара бала шешесiнен қашқалақтап.
— Өй, ойының осылғыр? Жүр былай! Мен саған ойнағанды көрсетейiн!
Қатындар үйдi-үйiне тарқай бастады. Аққұба, әдемiше келген Ранай да екi басына су
толы екi шелек iлiнген иiнағашты иығына көтерiп салып, ақшыл бетiне қан теуiп‚ бұған
бiр рет көз қиығын тастады да‚ жәйiмен жүрiп кеттi.
Ержiгiт оның iзiнен ере түстi де, әбессiнiп тоқтап, тас казарма жаққа бұрылды.
Ерәлiнiң үйiне соқты. Ол кеше ауданға бара жатқан мұны оңаша шығарып ап,
Көптiлеудiң қылуасын мөңiретiп жазған бiр буат қағазды тиiстi жерге тапсыр деп
өтiнген едi. Ержiгiт оның сөзiн жерге тастай алмаған. Соның бiр хабарын айтпақ боп,
бұл Ерәлiнiң үйiне келсе‚ бiр-бiрiне жабыстырып алған қос уысын құлағына тосып
алған ол ыржиып, көсе бетi жайыла түсiп, тiстерi ақсиып‚ әлдененi тыңдап отыр.
Ержiгiт таңғалды.
— Ау, бұ не?
—Шыбын. Қараш, өзi қалай-қалай зыңылдайды‚ а?
— Ау‚ уысқа түскесiн ендi кәйтедi?
— Бар мәселе, мiне, осында, — дедi Ерәлi ойлы қалпын бұзбастан. — Жаңа ол үйдiң
iшiн басына көтерiп, әрлi-берлi ызыңдал‚ ұйықтап жатқан менiң бетiме қонып, мазамды
алып бiтiп едi. Сосын оны... была-а-ай, қолыммен қағып ала қойдым. Ендi уысымнан
құтылып көрсiн. Асылы, осы уыстан жаман нәсте жоқ. Оған бiр түскесiн күн қараң.
Егер бүткiл әлем әлдекiмнiң уысында болса кәйтесiң? — Ерәлi қашанғы әдетiнше көзiн
жiпсите қарады.
— Қайдам... ояғын... — дедi Ержiгiт қияли Ерәлiге не дерiн бiлмей.
— Оның iж қайдамы жоқ. Кiм падыша болса‚ бар дүния соның қолында. Кеше мына
кiтапты оқып шығып ем‚ — деп ол бiр қалың кiтапты көрсеттi.— Сонда ақ патшаның
қиянаты жайлы жазыпты. Николай патша да еңбекшi елдi уысында ұстағысы келдi,
бiрақ халық оған көнген жоқ. Қаншама ату-асуға қарамастан, ел ақыры патшаны тақтан
тайдырды. Көрдiң бе, ел бiр қозғалса, оны басу қиын. Бостандық деген не iстетпейдi!
— Жақсы, — дедi Ержiгiт кеткiсi кеп. — Кеше берген нәстеңдi...