аша қарады. Көздерi үйренгесiн барып, ұзара бiр-бiрiн түртiп, қобырласып, тiлге келе
бастады:
— Паһ‚ паһ! Келбетiңе болайын!
—Шеттерiнен ұзатылатын қыздай жасана қалыпты ғой!
— Жiгiттер, есебiн тап та, бiрiн алып қаш!
— Әй, Мұздақбай, ана ауы далақтаңан жаман қатыныңды төркiнiне көк ала
торғайдай қып сабап-сабап қуып жiбер де‚ мына он екi де бiр гүлi ашылмаған қызға
жабыс!
— Ойбай, iшегiм!
— Осының бәрi өздерiнiкi ме екен? — дедi Қыжым көзi оттай жанып.
— Қайдағы? — Күлбарам аузын қолымен көлегейлеп, ақырын күлдi. — Осыған бола
арнайы сатып алған ғой.
— Е, бәсе, өзiм де солай ойлап ем. Шеттерiнен осындай боп киiнетiндей қай бiр
қанибай бұлар?
Конферансье жiгiт елдi шаққа дегенде тиыштандырып, ашық, саңқылдаған дауыспен
айтылатын өлеңдi жариялады да, аяғын қаздаңдай басып, топ кiсiнiң шетiне барып
тұрды. Сол екен‚ топтың алдыңғы жағындағы ортадағы орындықта отырған Мырзақан
баянды екi жаққа айырып жiберердей кере созып, әннiң қайырмасын құйқылжыта
тартып болды да, жанындағы ақ сары қызға қарап, басын сәл изеп қалды. Соны күтiп
тұрғандай, жiгiттер мен қыздар жаппай қосылып, шырқай жөнелдi. Қыздардың
сыбызғыдай сызылған нәзiк үнi мен жiгiттердiң жуан қоңыр даусы қосылып шығып‚
жұрт аузы-мұрнынан лық толып, ауасы тарыла бастаған аядай вагон iшiн дүрiлдетiп
әкеттi. Әсiресе өленнiң шырқап салар тұсында жiгiттердiң қуатты дауыстары тереңнен
суырыла көкке қарай самғай шығып, вагон iшiне сыймай, оның қабырғаларын
резеңкеше кере түскендей боп көрiнiп кеттi. Ал әннiң қайырмасын айтқанда, әлгi қоңыр
дауыс онан бетер құдiреттенiп құлақты жара, тақтай төбенi көкке көтерiп кетердей боп
сезiлдi. Артынша барлығы бiр шумақты қосыла шырқағанда‚ ұзақ жортуылдан қайтқан
әскер легiнше күңiренiп, айнала ың-жың боп, гуiлдеп кеттi. Өмiрi мұндайды естiп
көрмеген Қыжым құдды iшiне құрт кiрiп кететiндей, жалма-жан қос қолымен құлағын
баса қойды:
— Мына шiркiндерге не көрiнген дал-дардай бастарымен соншама бөрiнiң көтiнше
шулап! Онан да жеке-жеке айтпай ма?
— Әлi айтады ғой. — Күлбарам iшек-сiлесi қата күлдi.
— Үйтiп айтқаны құрсын! Дауыстары құлағымызды жарып, шекемiзден шықты ғой.
Әй, қарағым, мына шулағаныңды доғар! Оныңды ана қалаңа барғанда айтарсың!
— Е, сүйт!
— Басымыз ауырды.
— Үрдiсiмiзде жоқ бұ нағылған нәсте өзi?
— Әй, қарағым, мынауыңды қой да, бар болса, басқа бiреуiңдi шығар!
— Баламыздың у-шуынан құтыла алмай жүргенде, бiзге ендi жетпегенi осы едi?!
Жұрт ән айтылып бiткенше самбырлап сөйлеп, қобырлауын қоймады. Хор тағы да
бiр-екi әндi айтып болғасын‚ шымылдық жабылды. Ел бiр-бiрiне қарады:
— Бұ несi, бiтiп қалғаны ма?
— Кәнсерт деп дардайтқандағысы осы ма?
— Өзi ауыз жарымас бiрдеме болды ғой өзi.
— Әй, ана масатыңды қайтадан аш!
Соны күтiп тұрғандай, шымылдық ақырын сырыла бердi. Бұл жолы осы өңiрге
өнерiмен атағы шыққан Жәлiмбеттiң Мырзақаны бiр серпiндi күйдi тарта жөнелдi.
Салған беттен-ақ шанағы гүмпiлдеген, әйдiк өрiктiң ағашынан шабылған, сабына ақ
сүйектен перне тағылған домбыра безiлдей жөнелдi. Ара-арасында күй әуенiнiң
қаттырақ шығатын тұсында Мырзақан ортаңғы саусағымен қақпақты тарс еткiзiп
шертiп қалғанда, жұқа тақтай дүңк ете түседi. Өзiнiң буындарына жiппен iлiнiп