тұрғандай, етсiз шидей саусақтары домбыраның мойнында бiресе жоғары, бiресе сағаға
қарай лыпылдап тынымсыз жүгiредi. Өзi ексiмденiп, бiресе құяң болғандай басын
кегжите шалқайып кетедi де, бiресе көзi шоқтай жанып, домбыраның iшiне кiрiп
кетердей боп еңкейiп‚ төне түседi. Кейде астындағы орындықтан ұшып кетердей
қомпаңдап, көтерiлiп-көтерiлiп қояды.
— Өй, бәрекелде!
— Өлме, өлсең, қайтып келме!
— Күй болғаныңа болайын!
— Өйдөйт!
— Әй, қойыңдар, күй тыңдайық! — деп алдыңғы жақта отырған Тышқанбаев қолын
жоғары көтердi.
— Әй, қолыңды ербеңдетпей төмен түсiр!
— Қыжымды шақырып атқаны ғой!
— О-ха-ха-ха!
— Ойбай, бетiм-ай!
Жұрт жуық арада тиыштала қоймады. Мырзақан күй тартып болып, әрi iш жаққа
кеткесiн‚ ортаға дөңгелек жүздi, тостағандай Роза шықты. Басында үкiсi көтерiлiп
барып дөңгелене жайылған құндыз бөрiк. Үстiнде етегi жер сызған‚ талдырмаш
денесiне қона қалған үш етектi ақ жiбек көйлек. Ол жұрттың жүзiне жасқанбай қара
көзiн төңкерiп қарады да, ұзын бұрымына қосып өрген күмiс шашбауы мен шолпысын
сыңғыр еткiзiп, ибамен иiлiп барып бойын тiктедi. Сосын қайтадан аңғалағы әйдiк көзi
электр шамның жарығына шағылысып, бiр рет жарқ ете қалды. Ақ жiбек көйлегiнiң
етегi жазылып, басындағы бiр шоқ үкi дiр ете түстi. Қонферансье жiгiт оған жақындап,
құлағына бiрдеңе деп сыбырлады.
— Әй, темекi сасыған аузыңды әрi тарт!
— Құлағына тиiп кетер!
— Онсыз да айта бермейсiң бе?
— Өзiнiң сылтаумен жақындай түсуiн қараш!
Жұрт қыран топан күлiп жатыр. Жiгiт айтылатын әндi жариялады:
— Халых әнi “Жайдарман”.
— Әп, бәрекелде!
— Өзi де кербезiм-ақ екен!
Роза толық екi бетi пiскен алмаша қызарып тұрып, “Жайдарманды” iркiлмей шырқап
қоя бердi. Ашық дауыс бiрден-ақ талай көкiректi баурап алып, ала жаздай шөлiркеп
жатқан шеге топыраққа тамған жылы жаңбырдай сiңiп жатты. Кәрi кiсiлердiң жастық
шағы, түу алыста қалып қойған қайтып оралмас ең қымбат, қызықты уағы есiне түсiп,
сол қайтадан көз алдында елестеп, бiр-бiр күрсiнтiп өттi. Бiр белдiң астындағы қыз
аулына аттың терiн аямастан‚ қараңғы түнде салқа жортқан сәттерi, қасқыр алар
қабаған иттерден ебiн тауып өтiп, сықырлауық есiктi де бiлдiрмей ашып, жастық
жалынына өртенiп‚ түйе жүн жеңiл көрпенi бауырына қысып жатқан науша қызға
ақырын алқына, дiрiлдей қол созған шақтарын‚ алғашқы татқан ләззатын естерiне алып,
кейбiр кексе кiсiлер ән сазына елтiп‚ ұйып тыңдап қалған. Сары қарын тарта бастаған
қатындар да өз өмiрiндегi ең қымбат сәтiн естерiне түсiрiп‚ жақсы көрген жiгiтiне айта
алмастан кеуiл түкпiрiнде мәңгi-бақи жасырынып қала берген‚ сары майдай сақталған
жан сырын қайтадан оятқан әнге берiлiп‚ көзiне ерiксiз құйылып келiп қалған ыссы
жасты әзер дегенде iркiп, елтiп отыр. Өлең аяқталғанда ел гу ете түстi:
— Өй, бәрекелде!
— Даусым-ақ екен!
— Өзi құртқашаштың гүлiне қонған ақ көбелектен аумайды екен.
Роза көпшiлiктiң өтiнiшiмен‚ осы өлкеге атам заманнан берi таныс “Маусымжан”,
“Аққұм”, “Екi жирен”, “Үкiлiм-ай” сияқты әндердi айтты да, әдеппен иiлiп, iшкi жаққа
кеттi. Ел айқайлап, оны қайта-қайта шақырды: