— Әй, шырағым, ана баланы қайтадан шығар!
— Тағы бiрiн айтсын!
Бастаушы жiгiт:
— Жолдастар, бiздiң басқа да, — дей бергенiнде‚ оның сезiн жұрт бөлiп, шулап
кеттi:
— Басқасын басыңа майлап жақ.
— Әй, өзiң нағылған қырсық жiгiтсiң?
— Өй‚ мен бармасам болмас, — деп осы кезде Төребай орнынан жас балаша лып
етiп түрегелдi де, iш жаққа кiрiп кетiп, екi бетi пiскен помидорша қызарған Розаны
талдырмаш бiлегiнен қыса ұстап, сүйрегендей қып сахнаға шығарды.
— Өй, ешкемербет, оның қолында нең бар? Қоя бер!
— Қап, мынау ит қыздың ақ бiлегiн май-май қолымен кiрлетiп тастады-ау!
Жұрт ду күлдi.
— Қарағым, Мұзараптың “Балымшасын” айт, — дедi де, Төребай ыржия күлiп‚
орнына кеп отырды.
Оған әйелi ала көзiмен ата қарады.
Мырзақан домбырамен “Балымшаның” қайырмасын тартып шықты да‚ жанында
тұрған Розаға қарап‚ басын сәл изеп қалды. Сол екен‚ атақты Кете Жүсiптiң баласы‚
жасынан-ақ өлең-жырға құмартқан‚ жас жырау деген аты жайылған Мұзараптың
шығарған әнiн сыңғырлаған даусымен айта бастады. Ол осы Қармақшы төңiрегiне
жақсы таныс қыздардың аттары қосылған шумаққа келгенде‚ сәл кiдiрiп‚ әр сөзiн анық
қып‚ қадап айтты. Сол екен, жұрт ду ете түстi:
— Өй‚ мынау... ана Сорпақбайдың қатыны ғой!
— Өзiн... жасында өңдi болыпты дейдi ғой!
—Шамасы‚ Мұзекеңнiң көзi...
— Ойбай‚ iшегiм!
— Ха-ха-ха-ха!
Сол арада осы гуiлдiң арасынан күмiстей сыңғырлаған таза дауыс аядай вагон iшiне
сыймай, ашық есiктен мың-мың жұлдызы жымыңдаған зеңгiр көкке самғай шығып, түу
алысқа тарап жатты. Жұрт сiлтiдей тынып қалған.
Балымша-ай‚
электрдiң шамынша-ай...
Ержiгiт жақсы сурет көргендей, аузын аша қарады. Астанада оқып жүрген кезiнде
атақты әншiлердiң ән айтқанын талай рет тыңдаған едi. Оған не заман? Содан берi ел
арасында жүрiп, осы өңiрге аты мәшһүр Ержан жыраудың қыса жырлағанын
тыңдағаны болмаса, бұлай сахнада тұрып, ән шырқаған жасты бiрiншi көруi. Сымға
тартқан күмiстей татаусыз созылған таза дауыс жанының түкпiр-түкпiрiне қапысыз
енiп, жайшылықта селт ете қоймас қуыс-қалтарысын шымшылап, өзiне баурап әкеттi.
Қиялы жетi қат көктi шарлап, кеуiлiне қанат бiткендей болды. Ақырын ыңылдап, ән
сазына қосылып кеткенiн де аңламады. Артынша өзiне-өзi таңғалып, бiреу-мiреу естiп
қалмады ма екен деп, жан-жағына қуыстана көз тастады. Жұрт басщасынан кещесiне
дейiн әндi ұйып тыңдап қалған. “Апырмай, бұ не деген құдiрет?!” — дедi Ержiгiт.
Сиқыр ма, әлде... Шамасы, ата-баба рухы болар. Соны кейiнгi көген көздерге ән мен
күй, жыр мен дастан сол қалпында жеткiзедi екен ғой. Оны әр ұрпақ өзiнше түйсiнiп,
керегiн кәдесiне жаратады. Көненiң көзi, мирас мұра дегенiмiз осы. Ол рухсыз бiз
жоқпыз. Соны бiле тұра бағана Қызкүмбездi неге кираттық? Көне заманның бүгiнге
жеткен көзiндей ғимараттарды өзбек халқы тас-талқан қылмай-ақ шәһар, жай салып
жатыр емес пе? Олар мешiттердi мұра санайды. Ал бiз ше? Қызкүмбездi бұзбай-ақ,
керпiш басып та мектеп салуға болмай ма? Жоқ, бiз бiрден қайлаға жармасып, ата-
бабамыз соққан ескерткiштi быт-шыт қылдық. Әй, осы аңқаулығымыз бен