Пiрмақанға сөз салған едiк. Бұл арада қыздың өзi бiледi. Тисе, үй мынау, тимейiм десе,
жолы ашық.
— Ата жолы, ата жолы?! Соны қашан қоясыңдар осы? Ол қыздың тиейiн деп жүрген
жiгiтi бар...
— Өй, атасын... Онда алмайым, — дедi бағанадан берi аузына су толтырып алғандай
үн-түнсiз отырған Ертiлеу торсылдап.
— Өшiр үнiңдi! Қыз алсаң‚ баяғыдан берi ай қарап жүрсiң бе? — деп Көптiлеу
ақырып, оны тиып тастады. Сосын түсiн алдырмастан Мақамашқа бұрылды: — Ата
жолының несi жаман? Оны бұл өмiрде қумай жүрген кiм бар, а? Кәне, айта қойшы?
Баяғыда, есiңде ме, ақ патша тұсында тiлiн шайнаған‚ бойы сорайған татар бiреу болыс
болғасын‚ айналасындағы барлық туған-туысқанын көтерiп, жалпақ елдi билетiп
қойды. Соның көбi көк тиынға алқысыз бiреулер. Ел басқармақ түгел, аузынан сөзi
қожырап түсiп тұрған бозымдар. Сонда бұл ата жолы емей‚ атаңның басы ма? Әлде
бұным өтiрiк пе?
— Ол рас, өткен заманда ондай болған.
— Ә, солай ма? Ендеше менi тыңда. Айналайын, сен әлi шiп-шикi баласың.
Сендейлер ертең нанын да тауып жей алмайды.
— Ол — менiң шаруам. Бiрақ мынаны қойыңдар.
— Қоймағанда не iстейсiң?
— Сегiзовке барам.
— Өй, бәрекелде! Сенi өссiн‚ көктеп көгерсiн‚ қатарынан кем болмасын деп
оқытқандағы көрмегiмiз осы екен ғой. Бар, бар. Жерiң кеңитiн болса, сүйт. Сосын сенi
кiм киiндiредi, кiм артыңнан ақша салады, кiм саған туған-туысқан болады?
Мақамаш iшiнен: “Қызметiн бұлдай бастады”, — деп ойлап қойды.
— Пiрмақанның қызына iрә жаның ашып бара атса, онда мына ынжық ағаңа қатын
тауып бере ғой.
“Ендi былай шықты”. — Мақамаштың ерiнi дiрiлдей бастады.
— Айналайын‚ қай заманда iнiсi ағасының бетiнен арп етiп ала түскен?
“Үлкендiгiн сiдеттей бастады”. — Мақамаш маңдайының терiн сүрттi.
— Жарқыным, ақылды алсаң, сен бұл араға кiрiспе. Онан да оқуыңды бiтiр де... —
Көптiлеу iркiлдi. — Оңбайтын бала ит көсiк қазады деген. Осы күн санап ес енедi десе,
керi кетiп барасың. Өзiңдей жiгiттерге қараш! Орынды жердi көре қалса болды‚ балға
үймелеген шыбындай үйiрiле қалады. Ал сен...
Осы арада Мақамаш шыдамай:
— Жарайды, мен қойдым. Нағылсаңдар да өз ерiктерiң‚ — деп‚ орнынан тұрып жүре
бердi.
Көптiлеу ендi шаруаға шұғыл кiрiстi. Әлібекпен оңаша сөйлестi де, дереу Iзеттi
шақырып алды.
— Iзеке, — дедi Көптiлеу аяғы орнықсыздау‚ сықырлай қисалақтаған ағаш
орындыққа отырып жатқан Iзетке барлай қарап. — Өзiң бiлесiң, баяғыда ауамдықпен
үкiметке қарсы шығып, бiраз жыл бинет тарттың. Елге қанатың талып жеткен кезiң
осы. Шиеттей бала-шағаң бар, — деп бiр қойды. — Ол өз алдына. Сол жылдарғы
уақиғаларды ойласам...
— Өткен iс қой.
— Дегенмен... соның бәрiн шұқи берсе, әлi де қиын. Кешелерi сен жайлы бiраз сөз
болды. Шыдамай өзiм араласып‚ бәрiнiң аузын жаптым.
— Алдыраз болсын.
— Iзеке‚ сенi шақырғаным мынау едi. Әнәукүнi боз iнгендi апарып берген үйiңдi
ұмытқан жоқсың ба? Иә, сол үй. Дұрыс, дұрыс. Ендеше былай. — Көптiлеу оған екi
оқты боп қарады. Артынша шешiлiп, асықпай отырып, не iстеп, не қою керектiгiн
түсiндiрдi.
Iзет сол арада әлденеге абыржып‚ тайсақтай сөйледi: