— Қарағым, Көптiлеу, жасым болса, бiразға келдi. Менi ендi жастардың шаруасына
араластырып кәйтесiң? Сақал-шашым ағарғанда бiреудiң обалына қалып...
— Не обалы? — Көптiлеу жақтырмай, қабағын шытты.
— Ау, баламмен жасты баланы шырылдатып...
— Iжқандай да шырылдамайды. Пiрмақанның өзi келiсiп отыр. Қызға өз әкесiнен
жақын емес шығарсың? Сосын... осылай... сөзге қалмайық деп... Бұл арада қорқатын
түк те жоқ. Бүгiн алдарыңды кештете аттаныңдар. Қасыңа ана Әлібек пен Ертiлеудi ерт.
Бiрақ олар ол үйге бармасын‚ Байқожаның бер жағында сенi күтiп тұрсын.
Iзет сыртқа шығып кеткесiн‚ Көптiлеу ертеңгi күннiң жай-жапсары туралы ойлады.
Өзiнiң iшкi есебiнше‚ Шiлмән қалыңмал даулап‚ ауданға бара алмайды. Барса‚ басына
бәле тiлеп алады. Қыз осы отбасына бiр түскеннен кейiн‚ Ержiгiт те күдерiн үзедi.
Сонда дау қайдан шығады? Егер ондай қызылкөз табыла қалса... Түбiн зерттей
келгенде, қызды алып қашқан басқа бiреу ғой.
Ол жымиып қойды.
22
Соңғы кездерi Ранайдың аяқ жолы мүлдем қысқарды. Шешесi көршiлерге де бас
сұқтырмайды. Құдықтан су да тасытпайды. Әр қимылын қалт жiбермей, бағады да
отырады. Оған көктен тiлегенiн жерден берiп, Сәдiрмақан мен Үрзия қосылды. Күннiң
қызылы семiсiмен екеуi есiктiң қыр көзiне шалжиып жатып алады. Қашан көзi ұйқыға
кеткенше‚ Үрзияның жағы бiр сембей, қаршадай қыздарын ұрып-соғып, қарғап-сiлеп,
кiсiнiң бизарын шығарады. Тек түн ортасы ауа аузы ауырғандай сөйлегенiн қойып,
пырылға басады. Сонда да өзi аса сергек. Сыбдыр еткен дыбыстан оянып кетiп, басын
оқ жыланша қақшитып ап, бiрден бұл жаққа қарайды. Бiрде сүзеген қызыл қошқардың
күндегi әдетiмен кешкi астан қалған жуындыны iше бергенiнде, Үрзияның шошып қап,
бақырып қоя бергенi бар. Жаман дауыстан үркiп, қошқар орақ мүйiзiне шелектi
баулығынан iлген күйi қойға қарай тұра қашты. “Ойбай, кеттi!” — деген оның
айқайынан оянып, әкесi көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгiрiп шықты. Сәдiрмақан да
қолына әлдеқандай бiр таяқты ала сап, атып түрегелдi. Бәрi мән-жайды бiлгесiн‚
орындарына барып жайғасты. Соны көрiп‚ Ранайдың бiр жағынан ызасы, бiр жағынан
күлкiсi келдi. Кәдiрмақан болса, бұл үйге басын сұқпайды. Күлбарам да анада бет
жыртысып қалғаннан кейiн, төбесiн көрсеткен жоқ. Басқа кiсiлер екi бастан келмейдi.
Анда-санда Төребай кеп, бұлардың жақтырмағанына қарамастан‚ Пiрмақанды
мазақтап, тiлiн сұғып-сұғып кетедi.
Бүгiн Ранай ерте жатты. Сәкi үстiне құрылған көлдей ақ дәке масахананың етегiн
қанша көрпе астына бастыра мұқият қымтаса да, бiр-екi маса iшке кiрiп кетiптi. Олар
дәкенiң бұрыш-бұрышында тынымсыз ызыңдап ұшып жүр. Кенет бiрi зыңылдаған
қалпы жоғарылы-төмендi көтерiле ұшып‚ жақындай бердi де‚ оң жақ бетiн шағып алды.
Ранай алақанымен бетiн сарт еткiздi. Екiншi масаны Балмақан өлтiрдi. Басқа маса
көрiне қоймағасын‚ Ранай төсегiне көрпесiн жамылып жатып қалғанда‚ балаларын
қолдарынан дедектете сүйреп, шаңқылдап‚ iштен Үрзия шықты. Соңында Сәдiрмақан.
Қанша сабаса да тiлiн тартпайтын көк айыл қатын ендi оның да аузына жiп өлшеп
алып, аузына не келсе соны аталай беретiн болған. Оған Сәдiрмақанның да етi үйрене
бастаған. Ол күндегi үйреншiктi орнына жатып, Ранай жаққа бiр-екi рет көз тастады.
Ранай ағасын анадағы шатақтан кейiн иттiң етiнен жек көрiп кеткен. Қарсы келiп қалса,
көзiнiң қиығын да салмастан өте бередi. Үрзиямен сөйлеспейдi. Осы жолы да олар
жаққа қарамастан‚ Ранай жұқа жеңiл түйе жүн көрпенi кеудесiне таман тарта жамылып,
жоғары қарады. Дәл тас төбесiнде жерге қона кетуге бел байлағандай бiр топ қара сұр
бұлт селт етпей тұнжырап тұр екен. Соның ар жағында көк аспанның түрме белбеуi
сияктанып ақ жолақтанған Құс жолы iркiс-тiркiс созылып жатыр. Маңай тып-тиыш.