Стр. 86 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

Осы бимезгiл тылсым тыныштыққа қуанғандай, әрiрек жердегi кермек тарта бастаған
боз жусанның бiр тұсынан шiлделiктiң шырылдағаны естiледi. Шiлделiк кенет тоқтай
қалды. Дария жақтан жортып келе жатқан ат тұяғының дүбiрi шықты. Аттың
ауыздығын қарш-қарш шайнағаны, үзеңгiнiң әлдеқандай бiр темiрге тиiп кетiп‚ дың ете
қалғаны құлағына шалынды. Ранай тiксiнiп, басын көпшiктен көтерiп ап қараса, екi
иығына екi кiсi мiнгендей бiреу тапал тамды омырауымен қаға-маға жығып кететiндей
боп‚ атын бастырмалата кеп, үй жанына тоқтаған екен.
— Жетi қараңғы түнде желе-жортып жүрген бұ кiм өзi? — деген әкесiнiң күңкiлi
естiлдi.
Жолаушы аттынан дүрс етiп түсе қалды да:
— Өзiмiз,— деп iле дыбыс бердi.
— Өзiң кiм? — көйлек-дамбалы ағараңдаған Пiрмақан сыртқа шығып, әлгi кiсiнiң
жүзiне үңiле қарады. Сосын келген кiсiмен қол алысып амандасты. Еңгезердей тұлғасы
қараңғыда зорая түскендей үлкейiп көрiнедi. — Ә, Iзетпiсiң? Оу, түнделетiп нағып
жүрсiң?
— Жәй, Пiреке. Жолым түскесiн сусын iше кетейiн деп бұрылдым.
— Ә, жөн‚ жөн. Кәне, үйге кiр.
Пiрмақан мен Iзет iшке ендi. Там жақтан Iзеттiң ауыр саптама қазақы етiгiн шешiп,
iрге жаққа дүрс еткiзiп тастай салғаны, бiрдеңе деп сөйлегенi күңгiрлей естiлдi. Соған
құлақ түрiп отырып, соңғы кездерi болмашы нәрседен секем ала беретiн боп алған
Ранай iшiнен: “Не жұмысы бар екен?” — дедi. Бiрақ оның неге келген шаруасын бiле
алмай‚ басы қатты. Сосын қасында пыс-пыс етiп ұйықтап жатқан Балмақанның үстiнен
ысырылып кеткен көрпесiн жөндеп қойып, селсоқ қалпы ұзақ отырды. Шамалыдан соң
төбедегi қара бұлтқа көз тастай бере селк ете түсiп, есiгi шалқасынан ашық тұрған там
iшiнен күңгiрлеп шыға бастаған олардың дауыстарына құлақ түрдi. Iзет бiр нәрсе
жайлы айтып жатыр. Ара-арасында әкесiнiң күңк ете қалғаны естiлiп қалады. Соған
құлақ түрген Ранай ештеңеге түсiнбестен, ұзақ отырды да, ақыры төсегiне қисайды.
Ұйқысы шайдай ашылып кеттi. Әр нәрсе есiне түсiп: “Мынау тегiн емес”, — деп
ойлады. Сонда Көптiлеу ұзатылар күндi бiлiп, бетуаласып қайт деп Iзеттi әдейi
жұмсаған ба? Ол қашан? Әйтеуiр, бүгiн болмас. Соны iшiнен дәтке қуат қылған Ранай
ақырын күлiмсiреп, оң жағына мойнын бұрды. Таяқ тастамдай жерде солықтап тұрған
аттың тұлғасы қарауытып көрiнедi. Түн ортасы жақындап қалған. Ел қалың ұйқыға
кiрiскен шақ. Жерошақтағы от сөнген. Күйiс қайырған қойлар мұрындарының iшiне
құрт кiрiп кеткендей, бастарын шұлғып, дамылсыз пысқырады. Осы кезде бiреу
қақырынып, түкiрiп жiбердi. Iштен шешесi шығып, Сәдiрмақанды оятты. Үрзия әлдене
деп күңкiлдеп, жаулығын басына қалай болса солай асығыс тарта сап, самаурынға
әтөшкiрмен шоқ салды. “Е, қонайын дедi ғой”. Ранай ендi қауiп илеудi қойып, қайтадан
жоғары қарады. Жаңа бiрезде ғана тас төбесiнде тапжылмай тұрған бiр топ қара бұлт
бауырына бiр қазбауыр бұлтты қармай құшақтап, терiскейден соққан самалдан құбыла
жаққа ығыстап барады екен. Қыз соған көз салып жатып, кiрпiгiнiң қалай iлiнiп
кеткенiн байқамады. Түс көрдi. Түсiнде мидай жазық далада қоянтауық қазып жатыр
екен. Түбiне жетем деп асыға қазған сайын‚ бырт-бырт үзiлген майда тамырлардан
быршып сүт ағады. Екi қолы шiре-шiре. Әсiресе, қоянтауықтың пiскен басына
жақындағанда‚ уыз сүт пен шiре араласып, көйлегiнiң жеңiн, шынтағына дейiн түрiнiп
жiберген ақ бiлегiн‚ бетi-қолын сыбастырып тастады. Мiне, қоянтауықтың басы да
көрiндi. Ол қуанып кетiп, қос қолдап сабақтан жоғары тарта бергенiнде‚ қалай келiп
қалғаны бимәлiм‚ бағанадан қақ төбесiнде тұнжырап қарап тұрған қара бұлт кiлт төмен
түсiп, қос қанатымен қапсыра құшақтай алып‚ жоғары қарай жұлқа көтере жөнелдi.
Сабақ бырт етiп үзiле жаздап барып, қолынан сусып шығып кеттi. Ендi жерден
ұстайтын медеу қалмағанын аңдап, бұл жан-дәрмен деп айқай салса, тамағына тас
тiрелгендей боп даусы шықпайды. Бұлтты әрi қарай итергiсi келiп қолын сермелесе, бiр
қолынан Үрзия мазақтай күлiп, тас қып ұстап тұр. Ал Сәдiрмақан белуарға дейiн