Стр. 87 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

қазылған қоянтауықты елге көрсетпейiн дегендей, қолына жалпақ бас күректi ала сала‚
қиыршық топырақтың ақ шаңлағын шығарып көмiп жатыр. Ранай көмек сұрап, әке-
шешесiне көз салса, беттерiне қара күйе баттастыра жағып алған Пiрмақан мен
Нұрсұлу жүздерi жанып, терiс айнала бередi. “Ойпырмай, ендi кәйттiм?” — дегенiнше
болмады, әлдеқандай абыр-сабырдан оянып кеттi. Бұның есiн жиюға келтiрместен бiр-
екi кiсi аяқ-қолынан тырп еткiзбей ұстап тұрып, көтерiп әкеп ат алдына көлденеңiнен
салды. Мұны ерде отырған кiсi екi қолымен қатты қыса ұстады да, аяғымен жер
тартып‚ әрi-берi ойнақшып‚ бiр бүйiрлеп кете берген атын тебiнiп кеп қалды. Сол екен‚
ауыздығын қарш-қарш шайнап, елiрген ат ала жөнелдi. Дем арасында тапал тамдардың
жанынан өтiп‚ стансадан ұзап шығысымен, назбедеу ат желше жүйткiдi. Қарсы алдан
кiсiнiң қос құлағын шуылдата арлап екпiндi жел соқты. Аттың аяғын ширақ басып
көсiлген сайын пырылдай дем алғаны анық естiледi. Ол ұзақ шапты. Бүйiрiне ердiң
қасы батқан Ранай аяғын тырбаңдатып көрiп едi, қарулы қол тырп еткiзбедi. Басын
жоғары көтерiп, кiм екенiн бiлмек боп қарағысы келiп едi, ат құлағын қаққандай қуатты
тiзе қыса қойды. Басқа ететiн лажы қалмаған қыз оң қолын қозғалта бергенiнде, өзiне-
өзi таңғалды. Қолында, қайдан iлiккенi белгiсiз, үш жағы тас көмiрше қарая бастаған
келтелеу келген ағаш көсеу! Ранай ызаланып кетiп, көсеудi жолдың езуiнен әрi асыра
лақтырып жiбердi де:
— Әй, өлтiресiңдер ме? Өкпем қысылды‚ жiберiңдерi! — деп айғайлады.
Ешкiм тiс жарған жоқ.
Үдере жортқан үш салт атты сәлден кейiн қара төбеден асып түсiп, бұйырғынды
жазықпен‚ оттары жылтыраған “Бiрлiкке” тура салды. Ауыл қарасын көрiп, елеңдеген
аттар ендi бастарын шұлғысып, тез жүрiп кеттi. Сар желген олардың болаттай тұяқтары
жерге топ-топ етiп тиген сайын ақ шаң ұшады. Соның бiрi Ранайдың көзiне келiп түстi.
Ол жалма-жан қолымен көзiн уқалап жiберiп, малдың майы шығып тұрған саптамалы
етiктi танып, не iстерiн бiлмей сiлейдi де қалды. Қажала-қажала бiреу егеумен
егегендей жылтырай бастаған үзеңгiге сұға салынған етiктiң қарыстай дәу өкшесi
мұның дәл басының тұсында тұр. Үзеңгi болмаса, басын мыж-мыж қып таптап
кетердей сұсты. Қыз өзiнiң қайда келе жатқанын ендi бiлiп‚ өксiп-өксiп‚ жылап жiбердi.
Бұйырғынды алқаптап өткесiн‚ ауыл қарасы көрiндi. Бимезгiл жүрген
жолаушылардын бұ жүрiсiн әбессiнгендей, әр тұстан әупiлдеп үрген көпек иттердiң
дауыстары естiлдi. Олар қарсы шыққан иттердi қамшыларымен жасқай отырып, бiр
қораға кеп кiрдi. Iзет аттан қарғып түсе сап‚ Ранайды ер үстiнен қаңбақ құрлы
күрместен көтерiп алды да‚ жерге түсiрдi. Қыз сонда ғана есiн жиды. Аяғы қара жерге
тиер-тиместен, әлсiрегенi соншалық, басы айналып, кеудесiн запыран қысқандай
тынысы тарыла құсқысы келдi де‚ бүк түсiп отыра қалды. Бiрақ жан-жақтан шуылдап
жетiп келген бiр топ қатын онысына қарамастан‚ мұның қос қолтығынан ұстап,
орнынан тұрғыза сала‚ екi аяғын аннан-саннан бiр тигiзiп‚ үйге қарай дедектетiп
сүйрелей жөнелдi. Айнала балық үлестiрiп жатқандай ың-жың. Алапасынан құр
қалатындай, қатындар бiр-бiрiн iлгерi қарай итермелеп, босағаға қарай жапа-тармақай
ұмтылып жатыр. Кенет тас бұршақ жауғандай сатырлап шашу шашылды. Бiрi
Ранайдың бетiне тиiп, көзiнiң отын жарқ еткiздi. Ол табалдырыққа жақындағанда‚
Қалампыр қолбақырмен отқа көңiрсiте май күйды. Сол кезде барып есiн жиған Ранай
қайрат қып, қатты-қатты бұлқынды. Қара көзi түк көрместен тұманданып, қолынан
ұстаған қатындарды екi жаққа айыра итерiп жiбердi. Тез кейiн серпiлген қатындар бiр
сәтке абдырап тұрып қалды да, барлығы бұған қайтадан жабысып‚ тырп еткiзбедi.
Кейбiр айбықалары долданып кетiп, Ранайды көк желкесiнен‚ белiнен қаттырақ нұқып-
нұқып қалды. Аш бүйiрден бұрап үзiп алғандары да жоқ емес. Сол сәтте қыз бар
даусымен ауылды көшiре айғайлап қоя бердi:
— Кетем! Жiберiңдер! Мен өз ықтиярыммен келген жоқпын!
— Қой, қарағым, оң жақтан бiр ұзап шыққасын‚ қай қыз ата-анасының үйiне қайтып
барған?