Стр. 88 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

— Бәсе десейшi-ау!
— Құдайдың жазуы осы да!
— Пенденiң қай тiлегi бола бередi?
— Кәрiлеу демесең, Ертiлеу кiмнен кем? Ол әлi сенi кәртейтедi.
— Кетем! Жiберiңдер! — деп Ранай тағы да қатты бұлқынып қалып едi‚ оң қолы
босап кетiп, аузы-басы сүйреңдеп, сампылдап тұрған Күлзидiң мұрнына барып сарт
етiп тидi. Баяғыда байы өлтiре сабағаннан берi мұрны бұзық оның танауынан қан
саулап қоя бердi.
— Қап, мына жәлептi-ай!
— Әй, қатындар, ұстандар!
— Кәне, болыңдар! Осымен төжiкелесiп тұрамыз ба ?
Қатындар қайтадан бас салды. Оны көйлегiнен‚ шашынан ұстап, сүйрегендей қып‚
тамға кiргiздi. Сосын шуылдасып жүрiп, Ранайды бөлмеде етегi түрулi тұрған ақ
шымылдықтың iшiне енгiздi. Содан кейiн мұның қасына ауылдың бой жетiп қалған
бес-алты қызын отырғыза сап‚ шымылдықтың етегiн асығыс-үсiгiс жерге түсiрiп
жiбердi. Ранай ендi бұдан құтыла алмасын бiлiп, қатты ызаланып‚ егiлiп жылап қоя
бердi.
23
Жосалының перронындағы асфальт аңылжыған аптаптан жас баланың еңбегiнше
былқылдап, көңiрси күйген исiн тарта, айналаны қапырық қып жiберген. Вокзалдың
қарсы алдындағы сквердегi құж-құж қара ағаштар жапырақтарына үлпiлдеген ақ шаң
қонған бұтақтарын ауырлағандай төмен қарай салбыратып жiберiп, мүлгiп тұр. Оның
төменгi жағындағы жiңiшке арықта бетiне қай-қайдағы шөп-шалам қалқып кеткен
бозбоқыр су сылдырап ағып жатыр. Аңқасы әбден кеуiп, тiлi таңдайына жабыса қалған
Ержiгiт соның жағасына бiр тiзерлей отыра қап, алақанымен суды толтыра алып аузын
шайды. Мандайынан сорғалай шұбырып‚ көзiне құйыла берген ащы тердi бет
орамалымен сүртiп тастады да: “Менiң осыным қалай өзi?” — дедi күбiрлеп. Жарайды,
дауласып барып, Ранаймен қайтадан отасарсың. Бiрақ өзге кiсiнiң үйiн көрген
келiншекпен‚ кеулiңе ештеме алмай‚ ың-шыңсыз тұз-дәмiң жарасып кетер ме екен?
Соған көзiң жете ме? Ә‚ күмiлжисiң. Демек, солқылдайтын сыңайың бар. Егер үйтер
болсаң, бiреудiң отбасын бұзудың керегi не? Одан да барған жерiнде баянды болсын
деп‚ жастық шақтың қайта оралмас қимас сәттерiн бiр бүйiрiне тығып тастап, жайына
қарап жүрсе кәйтедi? Сонда бағы ашылмаған сорлы қызды мазаламас едi, өзi де
азарланғанын қойып, басына түскен iске көндiгiп кетер едi. Дегенмен намыс деген бар
емес пе? Әлде... “Әлде сүйтсем бе екен?” Ол бiр жағына шыға алмай, арық жанында
ұза-ақ отырып қалды. Ақыры бiр ойға табан тiреп, жақын ағайыны Жұбанышпен
ақылдасқанды мақұл көрiп, орнынан тұрды да, аяңдап орталық базарға келдi. Айналасы
ат шаптырымдай базар қыж-қыж қайнайды. Бiреу жәмбiлше, бiреу қымыз сатады. Ол
тағы да тандайы кеуiп, көзi ойнақшыған‚ бiр қатқан қара торы келiншектен барып
айран iштi. Ағаш тостағанды керi ұсынып жатып, ақшасын бердi.
— Тағы да ма? — дедi келiншек көзi күлмеңдеп тұрып.
— Жетедi. Шалап шөл қандыруға жақсы деген. Ендi...
— Қой, жаным, шалабың не? Бұған бiр қасық су қоссам‚ алған ақшам сүйегiме
салынсын. Ешкiмнiң сүтi солай. Былтыр мына Майдакөл жағынан сатып алып ек‚ сүтi
сұйықтау. Сосын оған қойдың қорғасындай сүтiн қосып, iшкен кiсiнiң таңдайын жұлып
түссiн деп, қоюлатып...
Ержiгiт шыдамай күлiп жiбердi:
— Кетшi әрi. Кiмдi бес жасар бала көресiң? Қойдың сүтi дейдi ғой. Өй, өзiң де бiр
жолы сұйық келiншексiң-ау дейiм, — дедi де, Ержiгiт базардан шыға бердi.