қалың қопа бар екен. Соны аралап жүрсе, бiр жерде тарғыл жолбарыс манаурап,
шуақтап жатыр дейдi. Ол мұны көрiп‚ атылмақ боп, оңтайланып алыпты. Қалдыбай
саспастан‚ көзiн көзiне қадап, келдегiн оңтайлап ұстаған күйi алға қарай жүре берiптi.
Сүйтсе, көзiнен көзi таймаса‚ қай аң да адамға батып шаба алмайды екен. Жолбарыс та
iж қозғалмапты. Қалдыбай қол созымдай жерге жақын кеп‚ келдекпен қара тұмсықтан
қойып қалса, қолы ауыр жiгiт емес пе, жолбарыс мышықша тыраң ете түсiптi. Со жылы
Қалдыбай‚ Сыр бойының ең соңғы жолбарысын соғып алдым‚ деп мақтанып жүрдi.
Содан кейiн бұл маңайда жолбарыс көрдiм деген кiсiнi кездестiрген емеспiн. Тек оны
мына Арал жағында күнi кешеге дейiн болды дейдi
— Ал осы өлекшiн деген не? Әлеке‚ соны бiлесiң бе?
— Өлекшiн бе? Олай деп күшiгi өлген ұрғашы жолбарысты айтады.
— Естiмеген елде көп деген.
— Ойбай, өзi айтулы ызалы келедi. Мен соны көрдiм де.
— Опырмай, ә?!
— Қашан, Әлеке?
— Өй‚ ол ертеректе. Онда он алты-он жетiлердегi жас кезiм. Бiр жылы жаз шыға
мына Аралдың бер жағындағы нағашыларыма жиендiк жасайын деп қыдырып бардым.
Ел ұлтаны — балықшы жақайымдар. Бiр күн жаттым, екi күн жаттым. Iшiм пысты.
Үшiншi күнi нағашымның өзiм теңдес баласы бар едi, соған ерiп балыққа барайын. Бұл
жақ Аралдын жел-құзы жоқ‚ тиыш қолтығы екен. Айнала қаулап өскен қалың қамыс.
Екеумiз жар басына жайластық та, қармақ салдық. Бұрын балық аулап көрiппiн бе, бiр
де балық ұстай алмадым. Нағашымның баласы болса, қырып салды. Сол арада бiр
сытырлаған дыбыс шықты. Бiзден жүз қадамдай жерде ауыл кiсiлерi қой тоғытатын
жайпауыт түйетайлы жер бар едi, жалт қарасақ, соған артына марқа қозыдай күшiгiн
ерткен‚ iрiлiгi тайыншадай бiр жолбарыс аяғын маң-маң басып келе жатыр. Екеумiз
қорыққаннан дiр-дiр етiп, бұға қойдық. Жолбарыс күшiгiн ертiп, бауырына келгенше
суды кешiп барып, маңқиып жан-жағына қарап тұрды. Сосын тiлiмен сылпылдатып су
iштi. Сол арада бiр сұмдық болды.
— Ойпырмай, ә!
— Айтпа, бала. Бiрдеңе гүр ете қалды да, күшiктi көздi ашып-жұмғанша жұтты да
жiбердi. Қарасақ‚ нәһән жайын екен. Жолбарыс содан ыңыранып, кешке дейiн жағада
әрi-берi теңселiп жүрдi де қойды. Хайуан да құдды адамша жылайды екен. Екеумiзде
зәре жоқ. Қас қарая ауылға зыттық. Ертеңiне тағы да келсек‚ баяғы жолбарыс сол арада
тұр! Не кетудiң ретiн таба алмай, не балық аулаудың ретiн таба алмай‚ бiз отырмыз.
Сол арада тағы да алып толқын көрiндi. Кенет жолбарыс алдыңғы қос аяқты салып қап,
шалт қимыл жасады. Бiрдеңе тау құлағандай гүрс ете қалды. Қарасақ, ұзындығы он екi
құлаш келетiндей нәһан жайын жағада‚ он қадамдай жерде құйрығымен жер сабалап
жатыр. Оны жолбарыстың қалай лақтырғанын дұрыстап көре алмай да қалдық. Бiр
қызығы, жолбарыс сол тұрған орнынан қозғалмады. Бiз әрi отырып, берi отырып,
ақыры шыдамай‚ ауылға тайдық. Келiп болған жағдайды үлкен кiсiлерге айттық. Олар
сойыл, балталарын алып, тұра-тұра жүгiрдi. Келсек‚ жолбарыс баяғы орнынан
қозғалмапты. Соны көрген бiр шал: “Бұл ара ұйық едi. Жайынды лақтырғанда‚
салмағымен артқы екi аяғы ұйыққа кiрiп кеткен ғой”, — дедi. Шынында да‚ шалдың
айтқаны рас боп шықты. Жұрт қада, сырықпен жолбарысты соғып алды. Шiркiннiң
мәрттiгi-ай, ар-ар етiп, сояудай тiсiн ақситты да‚ тұра бердi.
— Мiне, қызық!
— Ал жайынды кәйттiндер?
— Жайынды жұрт сойып едi, iшiнен күшiк шықты. Сосын оны iжкiм де жемедi. Ал
мен болсам, жолбарысты қатты аядым. Шiркiн, ерулiге қарулы деп соны айт, — деп,
Әлмақан тамсанып қойды.
“Ерулiге қарулы”, — деп ойлады Ержiгiт. Аң екеш аңға дейiн есе қайыра бiледi екен.
Сонда мұның бiреу жон терiңнен қайыс алып жатса да үндеме, қол көтерме деген терiс