қағиданы осы кезге дейiн ұстанып келгенi несi? Оған көнбегенде не iстемек? Қара
жерге өрт қоя ма? Атам қазақ “таспен ұрғанды аспен ұр” деп өсиет қалдырған жоқ па?
Тоқта, осы дұрыс па өзi? Жоқ‚ әлi де соның анық-қанығына жету керек-ау. Шынында,
мұның несi жөн? Қарап отырсаң‚ сол қағиданы ұстанған елдiң, Үндiстанды айтам,
көрмеген қорлығы, кемсiтуi, шеттетуi, жемеген таяғы бар ма? Жоқ. Әсiресе, екi ғасыр
бойы кiм көрiнгеннiң табанының астында езiлiп, бостандығын‚ тiлiн‚ дәстүрiн аяққа
бастырды. Шетелдiң ұлықтары оның төрiнде жатып ап, бұларды бiр-бiрiн атыстырып-
шабыстырып қойды. Әкiмдер онсыз аяғын қия баса алмайтын. Түшкiрсе де‚ жаттың
шенеунiктерiне жалтақтап болатын. Үндiстанның көзi жауды жерiнен қуғаннан кейiн
ғана ашылды. Демек‚ бұл мақалдың кәте болғаны ғой. Мен неге оның түп төркiнiне
ертеректе көз жiбермедiм‚ а? Ерулiге қарулы деп қажыр-қайрат көрсететiн тұста‚
мойныма су кетiп, сабыр шашпауды ғана көздедiм. Ыбылжып жүргенiмде‚ бiр қутұяқ
бар қызығымнан айырды. Апырмай, пысып, жер-дүнияны тасқаяқша қағыстырмасаң,
несiбеңдi терiп жеудiн өзi қиындап бара ма қалай? Жалаңтөстiктi қойып, жүзiктiң
көзiнен өтетiн жылмаңтөстiктiң әруағы басым болғаны ма? Жоқ‚ мүмкiн емес. Әлде...
Ержiгiт абыржып, Әлмақанға көзiнiң астымен қарап қойды.
Ет келдi. Тамақ желiнiп болғасын‚ Сәуинә даладағы сәкi үстiне төсек салды.
Күнделiктi өз орнына қисайған соң да, Ержiгiттiң басынан тосын ой шықпай қойды.
Қанша ұмытайын десе де, аққұба қыздың бейнесi көз алдында көлбеңдей бередi. Ол
содан әрi-берi дөңбекшiп ұзақ жаттты. Алыстан ұзақ жортуылдан келе жатқан қолдай
пойыз салдырлайды. Темiр жол жақтан пiскен жусан мен шiри бастаған шпалдың
аралас көңiрсiген иiсiн әкелiп‚ самал соғады. Желден қорғанып, етегiн екi тiзесiнiң
арасына қысып ап‚ жерошақ жанында Сәуинә сүт пiсiрiп отыр. Екi бетi қып-қызыл.
Қуаң пен Әлмақан ұйқыға кiрiскен. Бәрi де қаннен-қаперсiз. Тек жаны қиналған бұл
ғана. Болашақта не iстерiн бiлмей дал.
Түс көрдi. Түсiнде бұл қираған Қызкүмбездi қайтадан соғып жатыр екен. Бiрақ
керпiштер қалаған бойда орнында тұрмай, жерге құлай бередi, құлай бередi...