ЕКIНШI САЛА
1
Күз жақындап қалса да, жаңа мектептiң құрылысы мандымады. Стансаның
жұмысбасты халқы аздық еттi. Бiрi жұмысқа кетедi, бiрiнiң басқа шаруасы шығып
қалады. Әйелдер жағы бiр кетпен балшық алып беруге құлықсыз. Дағдарған Ержiгiт
Көптiлеу мен Пұсырманға барып, хал-жағдайды түсiндiрiп айтқанды мақұл көрдi. Бiрақ
Ранай кеткелi берi “Бiрлiк” есiне түссе, iшi қыжылдап сала беретiн. Ол жаққа аяқ аттап
басуға ықылассыз. Бүгiн кежегесi қаншама кейiн тартып тұрса да, амалсыздан колхозға
келдi. Кiсi аяғы азайғасын, басқарманың кабинетiне кiрдi. Көптiлеу Пұсырманға
бiрдеме деп жатыр екен, мұны көре сап, қабағын шытып, сөзiн кiлт үздi. Көзi салқын
сәулеге толып кетiптi.
Ержiгiт күлтектемей, шаруасын айтты. Бiр сәт Көптiлеудiң мысқыл шапқан жүзiне
көз тастады. Басқарма екi бетiнiң томпақ етiн сәл кейiн жиыра түсiп, табасы мен
келемежi аралас сөлекеттеу күлкiнi ернiнiң екi езуiне iлiп ап, әжуалай қараған екен.
Ержiгiт мүдiрiп қалды.
— Оған мен қарсы емеспiн, — дедi Көптiлеу қарындашын үстел үстiне тоқ еткiзiп.
— Кәзiр кiсiлердiң қолы аздап босады. Соны пайдаланып дегендей... Солай ма, Пұсеке.
Дұр-рыс. Ал, Пұсеке, мына балаға... — Ол iркiлдi. — Мына балаға жәрдем етейiк.
Бригадаңнан басы бос кiсiлердi бер.
— Кәке, — деп Пұсырман оған аңтарыла қарады. Жүгерi жайын бiлесiң. Ана
шошқасы түспегiрлер...
— Iждемә етпес. Мылтық жағын қамдастырармыз.
— Сонда да...
— Ой, осы сендердiң керексiз жерде керi тарта қалатындарың-ай, — деп Көптiлеу
кейiстiк бiлдiрдi. — Ортақ жұмыстан қашып қайда барамыз? Мектеп бәрiмiзге керек.
Мына баланың айтып отырғаны дұрыс. Кәзiр көп болып кiрiспесек, ертең қара нөсер
басталса...
— Қара нөсер не iстер дейсiң? — дедi Пұсырман.
— Неге? Күздiң қара нөсерiмен ойнауға болмайды. — Көптiлеу қарындашын алып
екi саусағымен ойната бастады. — Сонымен, бала, бiздiң тарапымыздан көмек болады.
Бiрақ сендер де бiзге жәрдем етiңдер. Мектептi үлкен кiсiлер сала берсiн, ал сен
балдарды ұйымдастырып, отақ отауға көмектес. Мiне, осылай өзара қолғабыс етiп
дегендей. Болды, сөзiм сөз. Оны... қоя тұр... Ал, жақсы...
Ержiгiт кеңседен шықты. Ауыл шетiне жете бергенде, Ертiлеу алдын кесiп өттi.
Бұған көз салған да жоқ. Ержiгiттiң өзегi ертенiп сала бердi. Кеше ғана басына қонғалы
тұрған бақытты әлгi келеңсiз түн жамылып кеп ұрлап әкеткендей, оның iзiнен жек
көрiп, қызғана қарады. Оның аяғын мығымдап нықтап басатынын аңдап, өзiнiң
салбөкселiгiне өкiне бастады. Дер кезiнде қимылдаудың орнына, мектептiң шаруасына
кiрiсiп кетiп, әлгi алақанындағы бақытқа жат қолдың тықырсыз таянып келiп қалғанын
аңдамапты. Аңдаса да, онша назар аудармапты. Айдың-күннiң аманында басындағы
шаттықты кiм жұлып әкете қояды деп тайыз ойлапты. Соның бәрiн ақылға салыстырып
қараса, бәрi де мұның бойкүйездiгiнен, күресе бiлмейтiндiгiнен екен. Күрес дейдi? Бұл
не, өзi? Ал, күрес! Сонда кiммен күреспексiң? Көптiлеумен бе? Жоқ, әлде... Асылы,
кiсiнiң кiммен, немен күресуi керектiгiн айдан анық бiлiп алмай, бет алдына
қоразданып шыққанынан жаман нәрсе болмас. Күреседi екем деп, кiм көрiнгеннiң
белiне қол жүгiрткеннiң несi жақсы? Одан да ақылға сап... Тоқта, осы ақылға салғаным
жетпей ме? Қашанғы жан-жағыма қарайлаймын да жүремiн? Жiгiт болғасын түбiнде
мәрттiк көрсетуi тиiс емес пе? Сөз жоқ, тиiс. Ержiгiт осы сөздi сыбырлай айтып, көз
ұшына тұрып ап жеткiзбей қойған боз төбеден асып түсе бердi. Ылдиға қарай бет