Стр. 98 - Мой проект1

Упрощенная HTML-версия

жүзi күңгiрттене шағылысқан шалғыны ауанымен құлашын барынша кере сермей
бердi. Сiлтеген сайын тұнып тұрған құрақ сыр етедi де, оң жағына бұршақ соққандай
жапырыла құлайды. Ол таяқ тастамдай жерге барғанда, Мырқияс сүрiне-қабына кеп,
сыртынан қапсыра кұшақтай алды:
— Кәке, жаздық, жаңылдық. Айып бiзден. Қой ендi, шалғыны өзiмiзге бер,
шаршағанды...
— Әй, осы сен неге шаршадым дейсiң?! — дедi бұл кенет ақырып. — Сенiң ана
сабаудай-сабаудай бес ұлың бар емес пе? Дiңкәләп қайтқанда, бесеуiнiң бетiнен бiр-бiр
сүйсең, бойың сергiп сала бермей ме? Ұлы жоқ қу бас мен де жүрмiн ғой, мiне,
шаршамай!
— Апырмай, Кәке-ай! Мына сөзiң сүйегiмнен өттi ғой! — деп Мырқияс еңкiлдеп
жылап жiбердi.
Сол екен, қырысы қалың пiшеншiлер де шалғыларын қолдарына ала бердi. Олар iске
қызу кiрiсiп кеткесiн, Көптiлеу көп айналмастан, қасына Мырқиясты ертiп, Байқожаға
тартты. Аттарды Төребайдың қорасына кiргiзе сап, орнынан жаңа ғана қозғалып бара
жатқан жүк пойызының бiр вагонына кеп жармасты. Ол бiр кiсi айналып өтпестей тар
басқышта тұрып, арғы-бергi шаруа жайын ойлады. Ертең аудандық партия қомитетiнiң
бюросы болмақ. Онда шөп жайы сөз болады деп естiген едi. Одан тайынатын бұл емес.
Шабылған-шабылмаған пiшеннiң ретiн келтiре қоса есептетiп, хатқа түсiрiп
алғандықтан, кеуiлi мығым. Бәрi орын-орнында сияқты. Сонда ши қайдан шығады?
Егер шыға қалса, әрине, тек қана содан... Пұсырманнан. Бұл Пұсырман колхозға хатшы
боп келген күннен бастап, одан етек-жеңiн жиып, билiк бермей, колхозға өзiмен iлiк-
шатыс рулас кiсiлердi қойдай тоғытып кiргiзiп, жан-жағын ызғар өтпестей қып қымтап
тастады. Сол қалпынан әлiге дейiн танбай келедi. Тек соңғы кездерi мұны алаң етiп,
iшiне темiр тiкенше қадалып жатқан бiр жай бар. Ертiлеудi аяқтандырғаннан кейiн
кенже iнiсiнiң де болашақ тiгер отауының жай-жапсарын ойлай бастаған едi. Бiрақ
Мақамаш оқуын бiтiргесiн, ағасының қолтығынан демейтiндей өнегелi қауыммен
араласа ма десе, күн санап бұл түсiнбестей мiнез ашып, жақсы отыр, жаман отыр-ау
деместен бiрдеңенi дүңк еткiзiп қойып қала беретiн боп жүр. Аузын бағу, аңыс аңдау
деген қаперiнде де жоқ. Түбi түскен шелектей лақылдайды да жүредi. Ақыры сонысы
өз басына сор боп жабысып, тәңiрге жазып қалмаса не етсiн? Ол ширыға түстi.
Ертеңiне аупарткомның бюро мәжiлiсi азанғы сағат онда басталды. Әуелi “Қызыл
ту” колхозының ораққа дайындығы сөз болды. “Бiрлiк” колхозына кезек сосын барып
тидi. Мырқияс шөп шабу барысы жайлы мүдiрместен желдiрте баяндап шықты. Кейбiр
деректердi рет-ретiмен келтiргенi сонша, Көптiлеудiң өзiне желге шашылып жатқан
пiшен әлдеқашан жиналып, қораға тасылып қойылғандай боп көрiнiп кеттi. Тек жел
сөзге жоқ Сегiзов ғана түсiн алдырмастан алдындағы қағазға үңiлiп отыр. Тiлiмен орақ
оратын Мырқиястың сүрiнетiн түрi жоқ. Қайта хатшының алдында қысылып-
қымтырылмастан, айдыны таса түскендей, қолын құлаштай сермеп, жусанды шабу
жағын аяқтап, қамыс мәселесiне қарай ойыса бергенiнде, Сегiзов басын көтерiп:
— Кәзiр ай кашан туады? — деп, оның сөзiн бөлдi.
Жұрт самсоз болды да қалды. Бюро мүшелерi түкке түсiнбегендей, иықтарын
қиқаңдатып, бiр-бiрiне қарасты. Мырқияс апалақтап, айдың қашан туатыны сонда
жазылғандай қолындағы қобыраған қағаздарын әрi-берi аударыстырып, жан-жағына
қарай алмады. “Қап, мынау ит ұстап бердi-ау!” — деп абыржыған Көптiлеудiң есiне
қазақы қол орақтай имек ай түстi.
— Ендеше түнде қалай шөп шауып жүрсiңдер?
— Тәке, әйтеуiр, ылаждап...
Сегiзов Пұсырманға қарады:
— Жолдас Мырзағұлов, сiздiң шөп жайында хабарыңыз бар ма?
Пұсырман орнынан түрегелдi. Көптiлеу оған қорқа қарады. “Бұл қасқа сыр сақтауды
бiлмейдi ғой”, — деп, ыңғайсыздана бердi.