Стр. 100 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

99
— Қарағым, қай ел дейтiн несi бар? Бiз бiр балық аулап, күнелткен балықшы Жақайымдармыз, —
дедi шал кiсi асықпай сөйлеп. Қарсы алдынан түскен күн сәулесiнен тозған бетi шанаштай жиырылып,
бiр уыс боп кете бередi.
— Бiз бiр жоқ iздеп жүр едiк, — дедi Мiрәлi жөнiн ашық айтпай.
— Немене мал ма?
— Иә, бiр үйiр жылқым жоғалып кеткенi.
— Қайдам, шырағым, ояғы көзiме түсе қоймады. Ал, ауылымызға келiп қалған құдайы қонақ
екенсiңдер, шәй-пай iшiп кетiңдер, — дедi қарт кiсi бұлардың бәрiне жағалай бiр қарап шығып.
Мiрәлi жiгiттерiне ым қақты. Олар екi үйге бөлiнiп түстi. Шәйға қарамай, ашытпа iшiп отырып,
Мiрәлi ақсақалдан осы елдiң тiрлiгi жайлы сұрады.
— Қарағым, не тiрлiк болсын, балық аулаймыз. Сосын қолымызда азын-аулақ мал-теген бар,
соның сүтiн ағарған қыламыз. — Шал сол арада бұған ұсақ тiстерiн көрсете күлдi: — Сендер жаңа мал
iздеп жүрмiн дедiңдер. Өз ойым айтады, осы жоқ iздеуге сойыл, шоқпардың не керегi бар деп.
Мiрәлi аңтарылып отырды да, кенет осы кiсiден жөн сұрағанды мақұл көрдi.
— Ақсақал, қандай жоқ iздеп жүргенiмiздi дұрыс байқаған екенсiз, — дедi ол ашытпаның бiр
тостағанын iшiне құлатып тастап, мұртын сипап отырып. — Бiр қашақ кiсiнi iздеп келемiз. Осы арадан
кешелi-бүгiн көш өтпедi ме?
— Өткен, — деп отағасы сақалын тарамдаған қалпы Мiрәлiнiң суық, қара сұр жүзiне барлай
қарады.
— Бағыты қалай қарай?
— Бағыты дейсiң бе? Бұл арадан бағыт дейтiн не түскейге, не терiскейге қарай болады ғой. Өздерi
өте суыт екен. Iшiмнен бұл шолақ көштiң малын қан сорпа ғып жүргенi несi деп, кiп алып қалып ем.
— Е, — дедi Мiрәлi одан әрi қарай қазбаламай.
Шәки ойланып қалды. Әсiресе, ақсақалдың жауабы таңғалдырды. Мына қалпында ол бұларға жөн
де сiлтемей, Сәндiбекке де жазып қалмай, айламен құтылып отыр. “Менiң де осындай айлалы болуым
керек-ау”.
Кенет ақсақал Мiрәлiге еңсерiле қарады:
— О көш сендерге нағылып едi?
— Жәй, былай... малымызды алып...
— Е, солай де. Жөн, жөн. Бұл елде мал мен қызды кiм алмай жатыр? Ақы адал малыңның iзiнен
қусаң, намысқа шапқаның да. Оның не айыбы бар? — деп ақсақал ендi сөзден тыйылды.
Сол арада ол бұлардың кетем дегенiне қарамастан, келiндердi зыр жүгiртiп, пiсiп тұрған балықты
тез әкелдiрдi. Олар үш-төрт бекiренi белiнен кесiп, былқытып пiсiрген екен. Кiсiлер әуелi балық
сорпасын iштi. Сосын барып балықтың өзiне тиiстi. Қомағайлау Мiрәлi жаңа кетем де кетем деп
асығып отырғанын ұмытып, үлкен бiр бел кеспенi қолына ала берiп:
— Мынау жарықтық бекiре ғой, — дедi.
— Соның дәп өзi.
— Баяғыда Жақайымның бiр қызы...
— Е, — деп, ақсақал қаладай ақ тiстерiн көрсетiп, шиқ етiп күлiп жiберiп, мұның сөзiн бөлдi. —
Ондай әңгiменiң болғаны рас. Мына Қазалының иек астындағы Аманөткелдi қоныстанған бiр
Жақайымның қызы Қырды жайлайтын Жетiрудың бiр жiгiтiне байға тиiптi. Қатын болғасын, баяғы
жағдай қайда? Ағарған мен қой етiне көндiге алмайды. Сонда: “Бекiренiң бел кеспесiн жемеген сорлы
басым қойдың құйқалы етiне тап болдым-ау”, — дептi ғой. Сол апамыздың сөзi осы төңiрекке мақал
боп тарап кеттi.
— Ойпырмай, ә?! — дедi Мiрәлi ыржиып. — Сонда бекiренiң ерекше қасиетi болғаны ма?
— Ояғын кiм бiлiптi. Сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Былай, сөз ретi келiп қалғасын кеуiлi жүйрiк
жан айта салған шығар. — Отағасы үнсiз қалды. — О кездерi заман тиыш, елдiң ниетi түзу сықылды
едi. Әлде кәртейгесiн, жастық шағың көзiң мен кеулiңе жақсы боп көрiне бере ме қалай? Әйтеуiр,
мынадай ақырдың әләмәты аздау болатын.
— Ақсақал, кәзiр замана басқа ғой. Мұсылман жұртынан ауыз бiршiлiк, құт-береке қаша бастады.
Атақты төрт әдiл халифаның заманында исламның қауымы тасы өрге домалап, шаршысына бiр толған
едi. Ендi со жұрттың арасына iрiткi кiрдi. Түркстан елi быт-шыт бола бастады.
— Е, жөн, жөн, — деп, отағасы артық сөзге бармай, Мiрәлiнiң жүзiне суықтау қарап, аяғын тартып
ала қойды.
Кешкiсiн олар суыт жүрiп отырып, бiр үлкен төбенiң ойына салынған мешiтке кеп ат басын iрiктi.
Мiрәлi сол арада түнеп шыққанды қолай көрдi. Мешiтте бiр шырақшы бар екен. Жасы жетпiстердi
қусырып қалған, ап-арық, сақал-шашы қудай кiсi бұлармен елпектеп амандасты. Мiрәлi бұл мешiттiң
ертеректе Шөмекей арасына Бұхарадан келген қожалардың әулетi салған там екенiн бiлетiн. Ол мешiт
ортасында жатқан әулиенiң бейiтiне зиярат қылды. Шырақшының мақамдап созған үнiн тыңдап
отырып, қиялымен сонау Һиджаз жұртына, Меке, Мәдинәға қарай барып қайтып, төрт шариярды еске
алып, жаны бiр түрлi жұмсарып сала бергендей болды. Сосын Кербаланың шөлiнде шөлдеп өлген
Хұсайынды есiне түсiрдi. Сол жайлы осы елде қисса көп. Атақты Әзiрет Әлi мен Дариға қыздың
күресуi жайлы қисса да — қызық бiр хиқая. Соларды тындап өскен бұған жас кезiнен-ақ мұсылман
жұрты басқа елге қарағанда қуатты, әруағы үстем халық сықылды боп көрiнетiн де тұратын. Ендi осы
қиялы бiрте-бiрте сейiлiп келе жатқандай.
Аздан кейiн шырақшы екеуi әңгiмелесiп отырды:
— Уа, бәндәм, сабырға кел, сабаңа түс, деп бұрынғы данышпандар айтып кеткен. Кiсiге киянат
қылған ертең таңда махшар кезiнде дозақ отына өртенедi. Қыл көпiрден өтерде...
Мiрәлi оның сөзiнiң соңын тыңдамады. Басын изеп отырып қалғып бара жатқанын аңдамады. Бiр-
екi рет басы иiлiп барып, селк етiп, көзiн ашып алды. Соны көрген шырақшы мұны артық қинаған жоқ.