102
— Жарайды, сен ол елдер жайлы келiстiрiп айттың. Бiрақ менiң түсiнбей жүрген бiр жәйтiм бар.
Осы сен ғой мына Қаразым, Хорасан, Ғажам жұрты десе, iшкен асыңды жерге қоясың. Сонда сен
немене бiзге хиуалық бол дейсiң бе?— дедi.
— Үйдеп отқан iжкiм де жоқ.
— Ендеше мынауың не?— Шайқыслам алдындағы көк шәй құйылған кiшкене кесенi нұсқады.
— Мұнда тұрған не бар? Ол елдер, мына тәжiк, өзбек халықтарын айтам, бiзден бұрын
мусiлiмденген, оқу, өнер үйренген. Содан бiз үлгi, өнеге алсақ, жаман ба?
— Ендi... “Құран” оқу деген...
— Мәсәлә... сонымен ғана шектеле ме? — дедi Жәнiбек көтерiле түсiп. — Мына фарсы-тәжiк
тiлiнде жазылған дастан, хиқая деген өте көп. Олардың Фирдоуси дейтiн әйдiк шәйыры “Шәһнама”
дейтiн дастанын отыз жыл бойы жазыпты.
— Не дейдi?
— Хорасан елiнiң бұдан басқа да шәйырлары көп қой. Омар Хәййәм, Сә’әди, Хожа Хафиз, Руми,
Жәми, түркi тiлiнде жазған Науаи, түрiкмен Мақтымкұлылардың үлгiлi сөздерi өте көп. Соны қазақ
баласы бiлсе, немене артықтық ете ме?
— Сен өзiң сояқта оқығасын айтып отырған шығарсың, — дедi Шайқыслам қыжыртып. — Бiздiң
осы кер кеткенiмiз — кеткен. Не дiн жоқ, не ұстайтын ораза жоқ, осылай барып-барып, әйтеуiр,
бiрдеңе боламыз да... Мың айтқанмен, Қаразым жұрттарындай оқымыш молла бола алмаймыз.
— Сендер жас бастарыңмен сүйдеп отырғасын, басқаларға не жорық? — дедi Жәнiбек ренжiп. —
“Талапты ерге нұр жауар” деп, халықтың өзi айтпаған ба? Ықылас қойсаң, үйренбейтiн дәнеме де жоқ.
— Әй, оны қой, — Шайқыслам мұны тағы да жеңiнен тартып, сыбырлай сөйледi: — Мына
Қожанияз бекiнiсiн қайта жөндеуге кiсi жинай бастаған ба?
— Иә.
— Құданың күдiретi. Соны қазақтардың өзi киратып едi, ендi өзi жөндемек пе?
— Е, қазақ десек, бәрiмiзге тиедi. Бiз осы ненi бүлдiрмей жүрмiз? Қиратып тастап, артынан бармақ
тiстейтiн қашанғы әдетiмiз емес пе?
— Бала, айтпа. — Шайқыслам еңсесiн тiктеп алды. — Сонымен Хиуа мен Ресейдiң қайсысы басым
түседi?
— Қайдам, — Жәнiбек оның жүзiне барлай қарады. — Осы шайқас тұсында, сен қай жағына
болыспақсың?
— Өй, ондағы менiң шаруам қанша? Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймас деген. Маған десе,
бiрi өлсiн де, бiрi қалсын. Қай жеңгенi менiкi.
— Ау, жеңгенi сенi жайыңа қаратып қоя ма? Келедi де, билiгiн жүргiзiп, қалаған жағына
жүмсайды.
— Әй, олар билiк етiп, не қылар дейсiң? Онан да тиыштығы болсын де.
— Тиыштық? Қара бастың тиыштығы ғой, — деп Жәнiбек қайталап сұрап алды. Құрдасының
басын изегенiн көрiп, көтерiле түстi: — Әлдiлер әлсiзге қашан тиыштық берiп едi? Зорлықшыл кiсi сол
әдетiнен өмiрi тыйыла ма? Одан құтылудың бiр ғана жолы бар.
— О қандай жол? — дедi Қасқырбай мыңқылдай сөйлеп.
— Оны мен саған айтам ба, — деп, Жәнiбек жалтара кеттi. Iшiнен айналасында жүрген мына
жiгiттердiң өресiздiгiн, шолақ ойлайтынын сезiп, қатты қоңырайып қалды. Иiсi қазақтың сыңайы осы.
Мықты-мықты деген азаматтарыңның от басы ошақ қасынан бойы әлi бiр асып көрген емес. Өз
үстiндегi төрт қанат жаман қараүйiнiң аманшылығын, шаңырағы орнында тұрғанын жалпы қонысы
мен өрiсiнiң аманшылығындай көредi. Осындай керенаулар мен дарақылар аман болса, әлi талай
береке, ауызбiршiлiк қашар-ау!
Тамақ үстiнде әңгiме манди қоймады. Үй iшiндегi бiр қолайсыздықты сезген Шайқыслам ендi
еркiн әзiл-қалжыңнан пышақ кескендей тыйылып, сиректеу жирен мұртының делдиген екi шалғысын
қолымен ау-тауық шиырып қойып, етке қолын ерiне созады. Қалдыбай мен Қасқырбай да соған қарап,
тамақты аз алды. Ыссы сорпаны да аз iштi.
Күн ендi бата берген шақта Жәнiбек жiгiттердi бастап, қауындыққа алып келдi. Қауын пiсiк жақын
қалған са-йын, қалың пәлек арасынан теңкиген сауырларын күнге төсеп, сарғая бастаған басыпалды,
күләбiлер мұрын қыдықтар әдемi, хош иiстерiн төңiрекке шашып, қауындық басын соны лепке
толтырып-ақ жiберген екен. Өмiрi бақша атаулыны естiгенi болмаса, көзiмен көрмеген Шайқыслам
аузын ашты да қалды. Жәнiбек пiскен бiр-екi жәмбiлшенi сабағынан үзiп ап, жiгiттерге жарып бердi.
Тiл үйiрген қауынды құмарта жеп отырып, Шайқыслам қайтқайта басын шайқап:
— Мынауың өзi тiлдi үйiрiп барады ғой, — дей бередi.
— Сен бұ дүнияда бiр ғана нәстенi тәттi деп бiлушi едiң, — деп Жәнiбек оны тәлкек қылды.
— Ойбай, сен өзiң салыстырмас нәрселердi салыстырады екенсiң? Одан өткен тәттi бар ма шiркiн,
— деп Шайқыслам жырқ-жырқ күлдi. — Айтпақшы, осы сенi ұрын барғалы жүр дей ме?
— Ендi.. оны қайдам, — дедi Жәнiбек азырақ ыңғайсызданып.
— Е, оның не қайдамы бар. Салып ұр да бар.
— Оны... ретiне қарай көре жатармыз.
Жәнiбек одан әрiге аттап аяқ баспады. Әңгiменi қазыңқырап кетсе, өз жанының шор бола бастаған
бiр жарасын қайта қасырын бiлдi. Әсiресе, Төлеудiң атын естiсе, бiр түрлi боп кетедi. Ел арасының
күбiр-сыбырын баққан кiсiлер де: “Со қызды әңгүдiк Төлеу құр жiбердi деймiсiң? Қызығын көрiп,
қалғанын қайтарып берген шығар? Онан да ана Жәнiбектi айт жарымес жайлаған берекесiз жұртқа үй
тiгем деп әуре болып жүрген”, — деп бықсытып, әлгi жарасының үстiне удай ашытып тұз себе түседi.
Соның бәрiн естiп жүрiп, кейiнгi кездерi өзi де бiр түрлi боп барады. Баласының осы қалпын аңдаса
керек, кешелерi Мамырайдың өзi кеп: “Жаман жiгiт сөзге ерер деген. Қатын-қалаштың өсегiне құлақ
төсеген кiсi оңа ма? Әй-шәйдi қойып, бар да ал”, — деген. Бiрақ сол ниетi күн санап қиындап бара