105
қысқалық етiп, бере алмай жүргенбiз. Ендi кеп, малымды түгем бер, әгәр бере алмасаң, өкпелеме,
жесiрiмдi өзiм алам дейдi.
Малдыбай қаны тамған екi бетi күреңiте түсiп, iрi денесiн тiктеп, көтерiлiп отырды. Кәрi көзiн
әлдеқандай ой торлап, оң қасын сәл жоғары көтерiп, бiр сәт ойланып қалды.
— Е, солай де, — дедi ол бiраздан соң ақырын сөйлеп. — Өзi бұрынғылар сортаңға дән шашпа, сор
татыған бiр уыс бидай да ала алмайсың, деп бiлiп айтқан-ау. Бiз қасқа мал-дәулеттiң буына семiрiп
жүрiп, кiммен итаяқтас болғанымызды аңдамай қалып құримыз ғой. Болмаса Тайпан менiң жiлiк
басын тiстесер теңiм бе едi?
— Ендеше ол теңдiктi қойып, күйеу болам дейдi.
Iшке жаңа сауылған саумал құйылған тегененi көтерiп, Ақкербез кiрдi де, екi бетi қызарған қалпы,
жан баласына тiктеп қарамай, саба пiсiп отырған жеңгесiнiң қасына кеп, оң тiзерлей отырып, төмен
қарай иiле түстi.
Малдыбай әңгiме бетiн шұғыл бұрды. Ол бұл қаңқуды Қасқырбайдан естiген бойда-ақ iшiн
тартқан. Бiрақ Тайпан өзiне арнайы шабар жiберiп айтпағасын, ағайын арасындағы тағы бiр ырғасу
шығар деген де қойған. Ендi күдiгi қалыңдап, мынау iстiң қиынға айналып кетер сыңайын байқап,
iштен толғанып, аз-кем отырып қалды. Сосын сақалын асықпай сипап, әр жайдың басын шалды да,
кенет жүзi шұғыл жадырап:
— Осы биыл зекеттi ана Ережептiң өзi жинай бастаған дей ме? — деп, құдасына қарады.
— Ел сүйдейдi. Ол жақында...
— Оны естiдiм. Сонда Сәндiбектiң арқасын кiмге сүйейтiнiн бiлмегенi ме?
— Неге бiлмесiн? Өз арқа сүйерi мықтырақ болғасын, Тоғанақ кiмдi қырып қарық қылар дейсiң
деп, айылын жимаған шығар?
— Ау, “ердi қорлама — құстырар” деген бар емес пе?
— Кәзiр перiлер ер атанып, жындылар серi атанып жүрген жоқ па? Болмаса халық үшiн туған
қайратты ердiң шалғайына жармасатын не жөнi бар едi? Осы атқа мiнгендердi ел қамын жей ме десең,
өз құлқынын көбiрек ойлап бара ма, қалай өзi?
— Бәрi де ақырдың әлеметi ғой, — дедi Малдыбай күрсiнiп. Ол соңғы кездерi құдай жолын көбiрек
ойлап, дiндәр болып бара жатыр едi. Бұрынғы алыпсоқ тiк мiнезiнен жаңылып, мына фәнидiң келiспес
тұстарын бiрден ақырзаманның нышанына әкеп тiрер бiр мiнез ашқан-ды.
— Қайдам. Үлкендерден жөн-жосық сұрай қалсаң, не жақсылықтың бәрi баяғыда болған едi дейдi.
Өз қара ақылым айтады қай заманда да жақсылық пен жамандық қатар жүредi деп. Әсiресе,
жаманшылығы түспегiр мынадай ел iшiне әрекет кiрген тұста қаулап кете ме қалай?
— Ол рас. Асылы ел де, жер де азады. Азған елде ақыл айтар аузы бар азамат қайдан бола қойсын.
— Бұл өзi iрiген ауыздан шiрiген сөз шығадының керi ғой?
— Дәл өзi. Болмаса осы елге жетпейтiн не бар? — Малдыбай құдасына еңсерiле қарады. — Бәрi
жетедi. Тек жетпейтiнi кеуiл. Соның кесiрiнен талай рет жер соғып қалған жоқпыз ба?
— Персоққан жер соққанды қашан сабақ деп түйген? Аяғына оралған ит те, шөмiш милы
шадырмен жарасқан ит те бiр емес пе? Оларды қосақтайтын нәрсе — қомағай күлқыны. Соны көре
тұрып, не деп мәмiле айтуға болады? — Мамырай көптен берi көкiрегiн қыж-қыж қайнатып жүрген
ащы шерiн бiр-ақ ақтарды да, сөздi созып жатпай, пышақ кескендей тыйылды. Iшiнен бұрын көп онша
ашыла бермейтiн құдасының бүгiн әңгiменi жер түбiнен бастағанына шүкiршiлiк қылды.
Сол үстерiне Шәки келiп кiрдi. Қысқаша аман-саулықтан соң, ол Ережептiң зекетке деген малды
күнi ертеңнен қалдырмай айдап әкелсiн деген сәлемiн жеткiздi.
— Мал бiр жаққа қашып бара атқан жоқ қой, — деп Малдыбай қыңыр тартып, қисая түстi. —
Маған сенбесе, өзi кеп алып кетсiн.
— Мен мырзаның сәлемiн айтып отырмын, — дедi Шәки ыңғайсызданып. Жылтыр қара жүзiне
ұялыс iзi болымсыздау теуiп, бiр түрлi боп кеттi.
Мамырай құдасы сөзге кеп қалар деп ойлап, оның алдын алуға тырысып:
— Бала, әкең бiр құдайдан тiлеген момын жан едi. Тiрлiгiнде бiреудiн, ала жiбiн аттаған кiсi емес-
тi. Тiптi бiреудiң қосын да жекпейтiн. Сонда сен кiмге тартып, пысық, аша бастағансың, а? — дедi.
— Қайдам? — Сөзге көп әуестiгi жоқ Шәки екi иығын қиқаң еткiздi де қойды.
— Шамасы, нағашыларыңа тартқансың-ау, Айтпақшы, осы сенi келiншек алды дей ме?
— Иә.
— Е, дұрыс болған екен. Шешең пақырдың қолы ұзарып, бiр жасап қалған екен ғой.
— Әйдәй, — деп зiлсiз әңгiме аңғарын сезiп, Шәки сәл көтерiлiп қалды.
— Қайын жұртыңды шақырып, мiндетiңнен құтылдың ба?
— Жоқ.
— Көпжан Мәметектiң iшiндегi естi кiсiлердiң бiрi едi. Баласын да өзiне тартқан бесаспап деп
естушi ем. Ол бойын онша керiлiп, балай бермейтiн жақсы ғой. Қалта-дорбаңа-ақ аңқ ете қалады.
Қадамың қайырлы болсын, — дедi Мамырай қымызға қол созып жатып.
Шәки кеткесiн, Мамырай кешкi салқынмен ауылына қайтпақшы болды. Кетер кезде Малдыбай
ойланып отырып:
— Құда, кеулiңдегi көп сөздiң шет-жағасын шығардың да, негiзгiсiн жасырып қалдың ғой. Сенi
осыған мүтәж еткен не нәсте деп дам боп отырым, — дедi.
— Әй, Малдыбай-ай, кiсi кәртейiп, мажалы қашқасын, көрiнген тентектiң келдегiнен қорқа беретiн
көрiнедi ғой. Әбдән зәрәзәп болып, белең алған атша шоши бередi екенсiң. Бастасыңның сондай
қажып қалған бiр тұсы да бұл, — дедi Мамырай мұқап, тұнжырап отырып.
— Е, солай де. — Малдыбай жымиды. — “Тоқтық не дегiзбейдi, аштық не жегiзбейдi” деген ып-
рас. Болмаса қайраты қара нардай сенi мұқайды деп кiм ойлаған? Құда мың жылдық деп аталарымыз