106
айтқан. Бұ жерде менiң жығылып қалғаным жарамас. Тайпанға жауабын өзiм берем. Малын өсiмiмен
өзiм қайтарам. Кәне, балдарыңа бәтеңдi берiп кет! Иә, илләһи әумин, — деп ол қолын жая бердi.
Жеңгесiнiң жанында саумал пiсiп отырған Ақкербез әкесiне алғаш рет ырза бола қарады. Әшейiнде
жоққа тарыла қалатын әкесiнiң осындай азаматшылық сыналар тұста қолы ашылып кететiнi бар.
Көкiрегiн бiр қуаныш толтырып жiберген қыз пiсiп отырған саумалын қоя сап, iшiнен күбiрлеп, қолын
жайды.
Мамырайды қолтығынан демеп, атына мiнгiзiп тұрып, жақсы-жаманды жер түбiнен байқайтын
Малдыбай:
— Замана ыңғайын өзiң бiлесiң. Қыран құстың дер кезiнде алтайыны әбiрейi өз бойында тұрғанда
қолына алғанына не жетсiн? Оған ата-ана да қардар емес пе? Лажы болса, бар-жоқ деп қысылмай,
балаңды алып кеткенiң мақұл, — деп, құдасына қол байлау болар бiр тұсауды және шешiп алып қалды.
Мамырай құдасының ауылынан кеуiлденiп аттанды.
6
Екi-үш түйелi шолақ керуен Қарақ тауының қалың бұйратты етегiне iлiккесiн-ақ, Құлқа батыр
қалған жолға қам жемедi. Кеше Бұхарадан шығарда кездесiп қап, ұзақ жолға серiк болған кекселеу
Бозғұл кiсiсiне қарап қойып, астындағы атын сипай қамшылап, сары аяңға басты. Содан күн қызғанша
танбады. Күн қашан тас төбеге кеп, Қызылдың дағдылы аптабы аңылжи бастағанда барып, Құлқа
батыр ат басын iрiктi. Жыңғылды дүзгендi ойпатқа кеп тоқтап, түйелердi шөгерiп, үстерiнен қап-қап
астықты алып, өздерiн бұйдасымен тiздеп жiбердi. Бозғұл кiсiсi екеуi биiк боп өскен жыңғылдың
басына аттарының жабуларын жайып, көлеңке iстедi. Сосын қу томарды сындырып әкеп, шәй
қайнатты.
Ұзақ жолдан белi талған түйелер арқаларын езген зiл батпан жүктен босап, сулы көздерiмен
бұларға бiр-бiр қарап қойып, ащы шөптiң дәмiн ап, маңып жайылып бара жатты. Олардан берiректе
кiрешiлердiң аттары ажырыққа бас қойып та үлгерген едi.
Құлқа батыр бұқары құманға шәйды демдеп, екi кесеге кұя бастады. Жер ортасынан асқан,
маңдайы әжiм-әжiм серiгiне анда-санда бiр қарап қояды.
— Сонымен бала-шаға қамы қуды де, — дедi ол басқа айтар ештеңе таба алмай. Екi күн бойы олар
өз бастарынан кешкендерiн бiр бiрiне ақтарып та үлгерген едi.
— Иә, — дедi Бозғұл кiсiсi сәл күрсiнiп, — жасымда талай жүрген жерiм ғой. Ендi иман ойлар
шағымда астыққа бiр шығып келейiн дедiм. Шиеттей бала-шаға бар дегендей, ертең қыс болып, ел
аяғы алысқа түсiп кеткесiн, астық қайда?
— Оған не сөз бар.
— Сiздi кездестiргенiм қандай жақсы болды. Болмаса ұзақ жолда жаңғыз кiсiнiң iшi пысады ғой.
— Ол рас.
— Ал, өзiңiздiң мына жүрiсiңiз қызық екен.
— Ендi...
Құлқа батыр артық тiл қатпады. Өзiн жол бойы қинап келе жатқан тосын жайды еске алмауға
тырысты. Бiрақ қолайсыз бiр түстей сол жәйт жадынан шықпай қойды. Тағы да соның қалың астарына
көз жүгiртiп байқауға тырысты. Бұл Ахиярдың керуенiн Қызылдың үстiмен Бұхараға тура апарып
құлатар керуен жолымен бастап алып жүрдi. Алғашқы күнi жүгi ауыр керуен жолды өндiре алмады.
Қелесi күндерi ғана бұрындары мынадай аңылжыған аптапты көрмеген кiсiлер етi үйренiп, ширақ
жүрiп отырды. Бұл көш басында Ахиярмен қатар жүрдi. Жанында мылтық асынған екi адам. Құлқа
әуелгiде қыр соңынан қалмай қойған әлгi екеуiне таңдана қараған-ды. Оның жайын бертiн келе ұқты.
Сүйтсе, түнде көз жаздырып, қашып кетер деп Ахияр бұған сенбейдi екен. Жалпы өзi еш кiсiге
сенбейтiн сықылды. Үнемi сәбiз секiлдi қызыл қоңыр бетi бiр тұтас боп манаурап, лай көзi мөлие
қарайды. Кейде тiлiн бұрап, қазақша сөйлеп, жер жағдайын сүрап қояды. Сұрақтары қызық:
“Қазақтар мына далада суды қайдан алады?”
“Қайдан болсын, құдықтан да”.
“Қазақтар осылайша бөлек-бөлек ауыл боп отыра ма?”
“Үйтпей, немене үйiрге түсейiн деп жүр дейсiң бе?”
“Қазақтардың мылтық, зеңбiрiгi бар ма?”
“Сирақты қара мылтықтан басқа iждемесiн туа бiттi көрген жоқпын”.
“Қазақтардың тұрақты әскерi бар ма?”
“Ол саған неге керек?” — деп, бағанадан берi сырғақтап келе жатқан Құлқа батыр кенет оған
адырая қарады.
Ахияр әлденеге қуыстанып, сүтке тиген мысықтай жым болды. Содан қашан Бұхараға жеткенше
тiс жармады. Құлқаның да онымен тiлдесуге зейiлi соға қойған жоқ. Жолшыбай өз жағдайын ойлады.
Құда қалап, керуендi Бұхараға аман-есен жеткiзсе, Ережептiң бiр атын мiнедi. Сосын жаңғыз баласы
Қожақты аяқтандырып, немере сүйсе, бұ дүниядағы татқан нәсiбiне дән ырза. Алты ағайынды ұлдан
қарақан қара басы сопайып қалған бұған ұрпағының үбiрлi-шүбiрлi болғанын көргеннен басқа қызық
бар ма? Тек керiктеу құдасы Сағынай жоқтан өзгеге бұлданып, баласын оң босағадан аттатпай отыр.
Бұл осы шалдың мiнезiне таңданады. Таңдану демекшi, жолшыбай мұның қатты таңданған бiр жайы
бар. Қарақ тауының етегiндегi бiр құдықтың басына түстенiп отырғанда, Құлқаның назарын бiр кiсi
ерiксiз өзiне аударды. Өзiнiң басқаларына қарағанда, түрi-түсi бөлек. Үнемi қалтасынан бiр дәптер
шығарып, осындай ат шалдырған тұста тұқшияды да отырады. Әуелгiде оған онша назар аудара
қоймаған бұған онысы келе-келе қызық көрiндi осы жолы әуестiк жеңiп, оны сырт жағынан кеп,
желкесiнен көз салды. Қараса, алақандай қағаз бетiне түрлi белгiлер, құдық-қыстау секiлдi таңбалар,