108
Сол екен, Құлқа бiр сәтте ер үстiнде дұрысталып отырып алды. Сұғына тұскен найзаны лақтырып
тастап, атын тебiнiп қап, құлап түсiп, орнынан ендi тұра берген ұрыны оң жағына ала бере, құлақ
шекенi көздеп, сойылын сiлтеп кеп қалды. Қолы ербең ете түскен жас ұры басын бұға қалды. Сойыл
тайып барып, оның басындағы сеңсең бөркiн ұшырып түсiрдi. Осы кезде сырт жағынан ұмтылып,
тақап кеп қалған Бозғұл кiсiсiнiң сiлтеген сойылы ұрының оң тiзесiне кеп тидi. Қанша қарулы болса
да, жас жiгiт ендi аяғына мiнiп тұра алмады. Құлап бара жатқан оны Құлқа қайырыла бере қатты ұрды.
Ұрының жан дауысы шыға, бiрдеңе деп айғайлап, аузынан қан атып, жерге ұшып түстi де, тыпырлап,
әрi-берi аунақшыды.
Құлқа дереу атынан түсiп, жерде аяқтарын баса алмай, домалап жатқан ұрыларды қолдарын
тақымдарының астарынан өткiзiп, байлап-матап тастады. Сосын өзiнiң жарадар жерiне киiз күйдiрiп
басты. Бұл кезде қараңғы түсiп қалған да едi. Ол ұрылардың жанына жаман бiр атты қалдырып,
түйелерге астықтарын тиеп, суыт тартып кеттi. Түн iшiнде қатқақпен жүрiп отырып, iз адастырды.
Толық ай табақтай боп қызарып шыққанда барып, олар аз-кем аялдады да, қайтадан суыт жүрiп кеттi.
Содан қашан Қуаң даласы басталғанша, бiр рет тiзе бүкпедi. Ел шетiне iлiккесiн барып, Құлқа батыр ат
басын тартты.
Бозғұл кiсiсi:
— Құдай бiздi бiр ажалдан сақтады, — деп, дәудiрлей бередi.
— Ендi қорқатын дәнеме де жоқ. Олар бұяққа келе алмайды, — дедi Құлқа бүгiндiкке алғаш рет
жаны жай тауып. Сосын олжа аттарға қарады. Есiне Ережептiң мiнгiзем деген аты түстi. “Дүния
шiркiн кiсiге не iстетпейдi?” — деп ұзақ ойланып қалды.
7
Жәнiбек нартәукелге бел байлады. Қыз әкесiнiң тоқетер сөзiн естiген бойда, қасына Қасқырбайды
ертiп, ешкiмге жөнiн айтпастан, iңiр қараңғылығын жамылып, қыз аулына қарай тартып отырды.
Терiскейден ат басын аудармай, бетi шарық табақтай боп толған қып-қызыл айды оң жағына ұстап, сар
желiстен бiр танбады. Астындағы атының әдемi бiр жүрiсiне салып, Қасқырбайдан құрық тастам жер
озып жүрдi де отырды. Былай шыға бере кеуiлi сәл-пәл көтерiлгендей болды. Түнгi даланың құлаққа
ұрған танадай тиыштығы, шiлделiктiң шырылы, ақырып пiскен боз жусанның ұнамды қышқыл иiсi, ай
сәулесiне шомылған ұлан ғайыр Сыр өңiрi — бәрi-бәрi жаңа ғана ширығып алған жанына сылауша
жағып, ақырын-ақырын жай таптыра бастады. Бар денесi ал-сал тартып, қабағына әлдеқандай қажу
ұялап, бей-жай қалыпқа көштi. Кеуiлi көтерiлiп, ән салғысы кеп кеттi. Бiрақ қасында ерiп келе жатқан
серiгiнен ыңғайсызданды. Ер үстiнде дұрысталып отырып, бiр сәтте бойын жиып ап, қайта сыдыртып
кеттi. Жолшыбай әлденеге кеуiлi ауырлай бердi. Өзiне-өзi, Тайпан неге табан астында бүлiндi, дедi.
Әлде бiреу-мiреу азғырды ма сонда? О кiм? Сөз жоқ, Ережеп. Ол Келманның ата-бабасынан бермен
қарай мирас боп келе жатқан билiктен ажырасқысы келмей, соңғы кездерi қиғылықты салып-ақ жүр.
Әсiресе, бұл Бұхарадан келгелi, жаман боп кеттi. Ұтырлы тұсты құр жiбермей, бiр қыршып алады. Ендi
мiне Жәнiбектiң мына шолақ тiршiлiктен татам ба деген бiр ләззатын да көпсiнiп, ит тартқан терiше
оның да берекетiн қашыра бастады. Ағайынды ағайынға қарсы айдап сап, жоқ жерден жау тауып
бердi. Ендi жағаға бiр жармасқан Тайпан өлмей берiспейдi. Қашан бойынан мажал қашып әлсiрегенше,
қолы жағасынан кетпейдi. Ақыр соңында өзi де шаршайды, өзгенi де шаршатады. Ал Ережеп екеуiн
қолтығына су бүркiп, айтақтап қойып, көлденеңнен қызығына батады. Тайпан соны неге түсiнбейдi?
Жарайды, оны қойшы, осы елдiң бiр-бiр руының тiзгiнiн ұстадым деп жүрген әтеберлi кiсiлердiң
қарақан қара басының пайдасы үшiн ар-ұяттан аттап кете беретiнi несi? Неге осы қазақ бiр-бiрiмен
болмашы үшiн жау болады? Неге олар алысып жатқан екеудi бiр-ақ оқпен атып жығар зымиян
дұшпанын көрмей, қастасын жақынынан табады? Сонда бiзге не жетпейдi? Бақ па, тақ па? Бақ дейiн
десе, қазақ бар бақытты бiр жұтта суалып, ақсирақ тартып қалар малдың төрт бұтының арасынан
iздейдi. Ол, сiрә да, баянсыз. Тақ дейiн десе, қазақ қазақ болғалы өз еркi өзiне бiр тиiп көрмептi. Талай
заман бойы ен далада бұла өскен тағыдай қалың елдi Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан өрбiген
төре тұқымы сұрап келiптi. Олар қолдағы билiктен айрылып қалмау үшiн талай рет ел мүддесiн көк
тиынға сатып кеттi. Соны көре-бiле тұра, ел жақсылары неге ойланбайды? Бiз неге өз жерiмiзге, өз
малымызға өзiмiз қожа болмаймыз? Жоқ, әлде осылайша жат жерлiк Хиуа, төрелердiң алдауына көнiп,
айдауына жүрiп, қақпай көрген қойша мына тiршiлiктен жылай-жылай өтемiз бе? Жарайды, әзiрге еш
кiсiнiң қолынан келмес оны қойшы. Мына алақандай Сыр бойында қатар жүрген азаматтар неге тату
боп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармайды? Әй, қайдам?! Жәнiбек ерiксiз күрсiндi. Iшiнен,
бiзге ол қайда, дедi. Ондай ынтымақ түгел, мына бiткелi тұрған шаруасын әлге дейiн орнына келтiре
алмай жүрген жоқ па?
Ол Ақкербездi еске алды. Iшiнен қанша жақсы көрсе де, жат кiсiлер арасында болғандығы ойына
түссе, тәттi қиялы ақау татып кеткен сияқтанады. Осы кәзiрде де iштей тiксiнiп қалды. Апырмау, дедi
тағы да өзiне-өзi, мен сонда қолдан қолға өткен қалайыны алтын деп жүрген жоқпын ба? Жоқ, әлде
мұным бекершiлiк пе? Жарайды, барғасын көре жатармыз. Ол кеуiлiн бұзар мекер ойды миынан тез
қуып тастап, бiр демде бойын тiктеп ап, сыдыртып кеттi.
Екеуi аздан соң Малдыбай ауылының шетiне жақындады. Түн ортасы боп қалған кез.
Жерошақтардағы оттар сөнген. Ау-тауық бөрiбасар иттердiң әупiлдегенi, қотанда жатқан қойлардың
пысқырғаны түнгi тиыш ауада жаңғырығып, құлаққа анық шалынады. Олар уәделi жерге жеткенде,
жыңғыл арасынан әлдекiмнiң ақ көйлегi көлең еткендей болды. Iзiнше бiрнеше жеңге, екi-үш жiгiт
орындарынан өре түрегелдi. Аттан түскен бұларға тақау кеп, ақырын күле сөйлеп амандасты. Бiр
ашықтау мiнездi жеңге мұның қойны-қонышын тiнтiп, бiлезiк, сақина, жүзiктердi алып жатты.
Екiншiлерi қоржынға жармасты. Жiгiттер аттар мен Қасқырбайды аулақ әкеткесiн, екi-үш жеңге