Стр. 110 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

109
әзiлдесе сөйлесiп, мұны қыз отауына қарай алып жүрдi. Әлденеге кеуiлi көтерiлген Жәнiбек бәрiне
күле жауап берiп, аяғын нықтап басты. Тек ақ отауға жақындағанда ғана тұла бойын билеген өзгеше
бiр дiрiлдi сездi. Табалдырықтан ақырын аттады. Қараүй iшiнде көлдей шымылдық құрулы тұр екен.
Оның етегiн жоғары түрiп қойыпты. Мұның сырт киiмiн шешiндiрiп боп, қылжақбас жеңге:
— Бикешiмiз албырттау, масқара боп қап жүрме, — деп, тұрпайы қалжыңдап, аяғын ақырын
басып, бұралаңдап, сыртқа шығып кеттi.
Жәнiбек төсектiң үстiнде отырып, не iстерiн бiлмей, жан-жағына қарады. Уықтарға асылып,
салбырап тұрған желбауларға көз салды. Iштей қуанса да‚ бiр түрлi ыңғайсыз секiлдi. Сол арада
сықырлауық есiк әндетiп ашыла бердi де, бағанағы жеңге iшке кiрiп келдi. Бұдан тағы да кәдесiн алып
барып, жiбек орамалды малына жамылған Ақкербездi iшке кiргiздi. Оған әлдененi сыбырлай айтып,
шешiндiре бастады. Сосын қызды төсекке сүйрегендей ғып жақындатып әкеп, екеуiнiң қолын
табыстырып, жырқылдай күлiп, лып-лып етiп тұрған тас шамды сөндiрдi де, сыртқа шығып кеттi.
Үй iшi қап-қараңғы. Жәнiбек қыздың нәзiк саусақтарын қыса ұстап тұрып, не деп тiл қатудың ретiн
таппады. Осы кәзiр мына қараүйдiң сыртында қылжақбас жеңгелер мен балдыздардың не болар екен
деп, iшке құлақтарын төсеп тұрғандарын бiлiп, өз-өзiнен қысыла түстi. Ақырын бойын билеп,
батылданып, Ақкербездi жақын тартып, маңдайынан сүйiп едi‚ ернiне тиген сортаң дәмдi сездi. Сосын
оның жүзiне анықтап қарап едi‚ Ақкербездiң ұзын кiрпiктерiнде жартылай ашық тұрған түңдiктен осы
кезде бұлттан шығып үлгерген айдың қиялай түскен сарғыш сәулесiне шағылысып, маржандай жас
тамшылары тiзiлiп тұр екен. Сол тамшылар бақыттың да, махаббаттың да, үрейдiң де нышанын
аңғартқандай едi...
Елең-алаңда ақ отаудан ұрланып шығып атқа қонған Жәнiбек Қасқырбайды ертiп ап, ауылына
қайтты. Кеуiлi көтерiлiп, серiгiне бiр-екi рет қалжың да айтып қойды. Олар екi-үш төбеден асқасын,
көз ұшында суыт жүрiп бара жатқан бiр салт аттыны көрдi. Екеуi аттарына қамшы басып, жақындайын
десе де, әлгi салт атты кiсi маңайлатпады. Әрi-берiден соң аттарын ақ көбiк қылмайын деп екеуi жәй
аяңға көштi. Салт атты ұзай бердi.
— Бұ кiм болды екен? — дедi Жәнiбек әлденеге елегiзiп.
— Ит бiлiп пе?
Құлқын сәрiден ат белiне қонып, суыт жүрiп бара жатқан жолаушының тегiн кiсi еместiгiн сезген
Жәнiбек iштей тiксiне түстi.
8
Әкесi әлi Бұхарадан орала қоймағасын, Қожақ екi қолы алдына сыймай, Қызылдың дүзгендi қалың
жықпылына барып, бығып жатқан қоянға тұзақ құрып жүрген-дi. Бүгiн дұзағын қараса, жүгiрiп келе
жатып пәтiмен сытылыңқырап кетсе керек, үлкен сұр қоян дәл белуарынан түсiптi. Әйдiк қызыл көзi
бақырая қалыпты. Қожақ сәл-пәл таңғала қарап тұрып, қынынан кездiгiн суырып ап, қоянды басын
құбылаға қаратып мауыздады. Басқа дұзағына түскен екiншi қоянды бауыздап бола бергенiнде, желке
тұсындағы дүзген арасы сытыр ете қалды. Жалт қараса, — Тиышбек!
— Ау, түсер көбейсiн! — деп сойған түлкiше ыржиып тұр!
— Айтсын! — Қожақ кездiгiн қынына сап, шөкелеп отырған жерiнен түрегелдi.
— Апырмай, мынау ара деген нағыз құт қой. Қояны биттей ерiп жүр. Сыйлы қонақ келсе, дым
таппасаң, бiреуiн сирағынан ұстап, әкеп, со-я-я бересiң, — деп, Тиышбек дәудiрлей сөйлеп, жанына
жақындады. — Жаңа былай қарай өтiп бара атыр ем, қалың дүзгеннiң арасынан бiреудiң төбесi қылт-
қылт етедi. Апырмау, бұ кiм, жын ба, шайтан ба деп... келсем, өзiң екенсiң ғой.
— Жәй, ермек қылайын деп... — Қожақ ыңғайсыздана бастады.
— Ермек... ойбай, екi қолың алдыңа сыймай бара жатса, ана Жәнiбек күсап жер шұқымайсың ба?
— Өй, оны қой, — Қожақ қатты ыңғайсызданып, қолын бiр сiлтедi.
— Е,е, неге? Ойбай-ау, о деген... өнердiң жетi атасының бiрi емес пе? Мына мен қасқа сол
қолымнан келмей, сорлап жүрмiн ғой. Болмаса... баяғыда-ақ жерге жабысып жатар едiм.
— Әлi де кеш емес қой.
— Оған не сөз бар. Дегенмен... — Ол иегiн ұстап, ойланып қалды. — Жас келiп қалды дегендей.
Ендi сақал-шашым ағарғанда сарттың қылуасын iстеп жүрсем, ел-жұрт көтiн ашып күлмей ме? Әне,
Жәнiбектiкi ақыл, дер кезiнде шаруа көзiн тауып алған! Мен өзiн сондай жақсы көрем, — деп
Тиышбек ыржия күлiп, бұған көзiн сығырайта қарады. Iшiнен. “Мынаған сол иттi несiне мақтап арам
тер боп тұрмын?” — деп қойды.
Қожақ үндемедi.
— Айтпақшы, Құлекең келдi ме? — дедi Тиышбек ендi былай шығып.
— Жоқ.
— Жарықтық, о деген бұрынғының кiсiсi ғой. Сүйегi не деген асыл! Кәртейгенiнде сонау ит арқасы
қияндағы Бұқарға барып мал тауып... — Тиышбек сөзiнiң соңын жұтып ыржиды.
— Ендi... Ережеп өтiнгесiн...
— Осы бар ғой... Ережеп те қызық өзi. Кеше аулына барсам, бiр әңгiменi көңiрсiтiп отыр.
Сағынайдың қызын Қасқырбай алатын болыпты дейдi. Оларды жарастырып жүрген Жәнiбек дейдi.
— Не, не? — дедi аңқаулау Қожақ кекештене сөйлеп. Бiр демде жүзi қызара түсiп, iзiнше сұрланып
кеттi.
— Олар бүгiн Жәнiбектiң ауылында кездеспекшi.
— Кiм-м-дер-р?
— Шарапат пен өгей шешесi.
Қожақ сұп-сұр боп кеттi. Қоянның бiрiн мұның қолына ұстата сап: