10
Шамалыдан соң Мұхаммәд-Инақтың да, Хұдаяр мен Насрулланың да бастарына күн туады. Одан да
алдын алып, орысқа жағып, халық басындағы ноқтадан айрылып қалмау жағын ойлау керек”, — деп,
мұны азғырған болатын. Сосын өзi орыс патшасына жағам деп, әр руды басқарған би мен батырларға
әлгiндей үгiт таратқысы келгенiн айтқан едi. Сондай бiр мәслихат үстiнде Шектi батырлары мен
Қаратай сұлтан сөзге кеп қалыпты деп анада естiген едi. Елмырза ендi мына отырған ақсақал,
қарасақалдардың көзiнше Төлеуге ұтырлы жауап қайтара алмаса, күнi ертең-ақ ел арасында сөзiнiң
салмағы кемiп, беделi мен кәдiрiнен жаңылатынын анық сездi.
— Апырмай, батыр, — дедi ол сол арада екi қолын жайып, — менi сенi ел қамын жеген еңiреген ер
ме деп, сыртыңнан қарап, iшпей-жемей тойып жүрушi едiм. Сен өзiң бас пен бәданның айырмасын
онша жетiк бiле бермейтiн құсайсың. Бәдәнға жатар екi қол iждеме де ойламайды, ол тек мидың әмiрiн
ғана орындайды. Адамның он екi мүшесiнiң патшасы — бас. Сол бас жан-жақтан андыздап қаптап
келе жатқан жауды көрiп, он екi мүшемдi қалай аман-есен сақтасам екен деп, әр тарапқа алаңдаса,
онда... оның кейiнгi жағын ойлағаны да.
— Дегенмен сол басы түспегiр мығым мойынға бiтпеген секiлдi. Өзiнiң шегесi тым бостау ма
дейiм, — дедi Төлеу оны кекетiп.
— Ау, — дедi Елмырза оны әдейi елемей, еңсесiн көтере түсiп. — Хан мен төре бас болса, ел-
жұрты оның тәнi мен жаны емес пе? Хан мен жұрттың арасын жалғастыратын мойын — мына отырған
өздерiң — би мен батырлар емессiңдер ме? Ендеше бас қалтақшыл тартса, онда мойынның да аза
бастағаны да.
Қара сөзге онша жоқ Төлеу батыр мүдiрiп қалды. Басқа кiсiлер де тiс жарып ештеңе дей қоймады.
Бiр сәтте үй iшiнде қолайсыз тиыштық орнады. Со кезде есiк жақта құлағы қалқиып отырған Тиышбек
басындағы қара сырмақ төбетейдi жұлып ап, ортаға атып ұрып:
— Ау, ау, — дедi артынан жау қуып келе жатқандай аптыға сөйлеп, — бас жоғары, мойын төмен
жаратылған дегенде ең iске алғысызы бақай, башпай... сонда мына бiз бе? Ау, кiсi деген аяғына мiнiп,
табанымен от баспаушы ма едi? Табан сорлы неге болса да шыдайды. Өз басым бас пен мойынның
бәтуасына онша сенбейiм. Бүгiнде нәпәқа мен нәпсiсi үшiн жазған жұмыр бастың кiрмейтiн тесiгi,
ашпайтын есiгi қалды ма? Бас қайда болса, мойын сонда. Кейде залым бас өз күнәсiн кешiр деп,
мойынды айбалтаның астына төсейтiн. Мен бiлсем кәзiр бас миқұрт, мойын салғырт болған. Олардан
заманына қарай амалы дейтiн желаяқ, күс-күс табан озады. Ойбай-ау...
— Әй, қысқарт! — деп, сол арада Ережеп ызбарланып, Тиышбектi тыйып тастады. — Қанша десең
де, табан мен бас тең емес. Сен үйдеп, мәниғалы сөздiң бағасын кемiтпе. Сосын... бас тұрғанда, табан
қашан төбе би болған? — деп, ол әдейi тоқтап, сабырлана түсiп, төрде отырған ақсақалдарға жағалай
қарады.— Қадырданды хан ием, ел жақсылары! Баяғыда хакiм Лұқман мың жасадым деген екен. Ол
сонда осындай жақсылармен әр бiр бас қосқан мәжiлiсiн бiр жасқа есептеген көрiнедi ғой. Мен де
бүгiн сiздердiң дидарларыңызды көрiп, қуанып, бiр жасқа жасарып отырмын. Бiздер Әлiм, Шөмен
деген қалың ел едiк. Туған ағамның асында сол елдiң игi жақсыларының бастарын қосқан мырза
құдайға дән ырзамын. Айып болмаса, тағам дайын болды, жiгiттер қолға су құя берсе дейiм.
— Е, дұрыс.
— Қысыр сөзден қысырақтың етi пайдалы ғой.
— Ет тәттiлiгiн қойса, мен ұрлығымды қояр едiм дептi ғой баяғыда ана ұры Шәки түспегiр.
— Айтпақшы, ол өзi асқа келдi ме?
— Келгенде қандай. Шеткi үйде сорпа-суға қарық боп жатыр.
— Е, Қыр мен Сырдың жас көгiне тойған он жылғы қысыр байталдың етiн жеп дәнiккен ол
жабағының жас етiн қызылдап жатыр де.
Ережеп тiс жармай, шаралы жүзi сызданып, сыр бермедi. Бұл соңғы жылдары ұры деген жаман аты
таралған Шәкидi ағайын тұтып, жақынсып, жылқышылықтан шығарып ап, бауырына тартып, әңгүдiқ
дөрекi жiгiттi арқасына қағып қойып, дiттеген ойына қарай көземелдеп, бар шаруасын астыртын
iстетуге кiрiскен болатын. Осыдан бiр ай бұрын, жер дегдiсiмен, Ережеп Шәки бастаған бiр топ жiгiттi
iшкi жаққа аттандырып жiберген едi. Жiгiттер сол рет жолы болып, Ақмешiт төңiрегiнде көшiп-қонып
жүрген Жаппастардың екi үйiрдей жылқысын қуып әкетiп, ат iзiн алысқа сап, Шөмекейлердiң жаз
жайлауын бастыра отырып, мына Басықара, Көбектiң үстiмен кеп Сырға құлаған-ды. Дариядан
өтiсiмен-ақ қолды болған малдың iзi зым-зия жоғалды. Ережеп оларды Мiрәлi арқылы Дадабекке
сатып жiбердi. Ендi одан түскен күмiс тiлләларды Жаппастар түстеп танып көрсiн! Ережеп ақырын
мұртынан күлiп қойды.
Қызметшi жiгiттер қақ төрдегi Нұрғазыдан бастап, кәдiрлi қонақтардың қолдарына су құйып
шықты. Содан кейiн олар зыр жүгiрiп, ортаға көлдей дастархан жайып, қазы, қартасы, сары ала майы
жетерлiк үйме тегештердi бiрiнен соң бiрiн әкеп қойып шықты.
Басқа үйлерге де үйме табақ ет көтерген жiгiттер лыпылдап кiрiп, шығып жатыр. Сол екен, дем
арасында миман күтiп, ас берiп жатқан ауыл бағанағы мимырт қалпынан айрылып, сорпа, табақ
тасыған қызметшiлер мен қатындардың жаңқ-жаңқ сөйлескен дауыстарынан у-шу болды да кеттi.
Ұлы сәскеге таман асқа жиылған ел түгелiмен етке бас қойды.
* * *
Жәнiбек қарамдас жiгiттерге табақ бөлек тартылған едi. Табақтар ортаға қойылған бойда,
мырзаларға қызмет кылам деп, лезде Тиышбек жаланып шыға келдi. Ол қолын суға асығыс-үсiгiс
шылай сап, қалың табанды етiгiнiң қонышынан пышағын суырып ап, еттi ендi турайын деп қол соза
бергенiнде, Жәнiбек қабағын шытты:
— Ау, Тәке, пышағыңды жусайшы.