11
— Не, не? — дедi Тиышбек нұрсыз қой көзi демде шақырая қап.
— Пышағыңды жу дейiм.
— Немене жумаса арам бола ма?
— Әрине, һарам болады. Күнi бойы шуаш сасыған шұлғауыңның арасында жатқан пышақта не
тазалық болушы едi?
Күнi бойы тiсiм қашан етке тиедi деп тықыршып отырған Тиышбек: “Қой, мынаумен тәжiкелесем
деп аузыма түскелi тұрған несiбемнен құр қалармын”, — деп, тез пышағын суға шала-пұла шылай
салды да, ет турауға кiрiстi. Ол сосын арық саусақтарымен сары ала қазыны қозғап қойып, оны
көлденеңдей кесiп көрдi де, қарынға тоқтау бiр кесiмiн аузына лып еткiзiп тығып жiбере сап,
малжаңдай сөйледi:
— Мен осы молдаларға таңғалам. Намаз оқысаң да, жуын-шайын, тамақ iшсең де, жуын-шайын.
Ау, сонда құдай әзәлдә бәданымен бiр жаратқан өз мүшем өзiме адал емес пе? Әлде ол маған жат па?
— Настықты қалай ақтаймын десең де жараспайды, — дедi Жәнiбек жiлiктi мүжiп жатып.
— Онда... исi қазақ нас қой?
Жәнiбек Тиышбекке сөзiн шығын ғып отырғанына қынжылды. Ендi оның дыбырлағанына құлақ
салмай, өз ойына шомып, Нұрғазының неге Петерборға баратын жайы жөнiнде ойлады. Сонда бұл
тегiн бе? Ана бiр жылы мұның әкесi Арынғазыны ақ патша алдап шақырып ап, елге қайтып жiбермей
қойған жоқ па едi? Соны көре-бiле тұра сұлтанның бұл сапарға бел буғаны қалай? Әлде мұның
басқаша бiр астары бар ма? Сонда о не?
Жәнiбек сол арада бiреудiң өзiн бүйiрiнен тұрткенiн сездi. Жалт қараса, Ережеп жымың-жымың
етедi:
— Той қашан?
— Болады ғой.— Жәнiбек оған аңтарыла қарады: “Мұнысы несі?”
Аздан сол жұрт ас қайырысты. Әбдiржан молла өлi әруаққа бағыштап, әдемi даусын сарната созып,
құран оқыды. Дұғадан кейiн iшiне ел қонып, маужырай бастаған жұрт аяқтарын созып, қысыр әңгiмеге
кiрiсiп кеттi.
4
Салқын түсе бәйгiге шабатын аттарды көмбеге қарай жiберуге қам жасалды. Көптен берi сауын
айтып, жар таратып, алып-қашты дақпырты жер жарған үлкен асқа осы төңiректегi бәйгiден дәмесi бар
жүйрiк аттар тегiс келген екен. Тiптен сонау Аралдың арғы жағы мен терiскейдегi Ырғыздан да келген
жүйрiктер баршылық. Жер-жердiң ат танығыш кiсiлерi жабулап, мейiздей қатырып тастаған
сәйгүлiктердi бiртiндеп қарап, сынап, байқап жүр. Әсiресе, Қарасақал Дайрабай сыншының жан-жағы
толған кiсi. Атақты сыншы асықпай аралап жүрiп, көзi түскен бәйгi атының жалына, шабына қол
жүгiртiп, кеудесiн қарыстап өлшеп қарап, өз ойын айтады. Бiр атты көрiп болған ол:
— Мына жануардың бiр терi алынбаған екен. Соңыра мәреге жақындағанда барлығып қалады-ау,
— деп, басқа аттарға қарай бұрыла бердi.
Сол арада:
— Дәке, мынау атты сынап көрiңiзшi, — деп, бiр жiгiт егесiнiң тәк-тәгiне шыдамай, жер тарпып,
тыпыршып тұрған құла жирендi нұсқады.
Дайрабай атқа жақын кеп, оның ұмасына қол жүгiрттi. Құйрық-жалын қарады. Алдыңғы екi
қолтығын жер соғарын байқап көрдi. Сосын барып басын шайқап тұрып:
— Жарықтық, қозы көшке шапсам, алдыма ат салмаймын деп тұр. Бiрақ ат шабысқа әлсiз. Күшi
артында емес, алдында. Әп дегенде дүлдүлден де озып кетедi. Тек ұзақ шабысқа шыдамайды. Қолтығы
көп сөгiлмеген, белi әлсiз. Мұндай жануар ат жарыстан гөрi құнан жарысқа қол, — дедi.
Соны естiген бойда, бөркiн басына шекелете киген ат егесi сыншыға адырая қарады:
— Ақсақал, осы сен не айтып тұрсың? Құнан жарысың не? Бұл ат бүткiл Ырғызды шулатқан,
iжкiмге бәйгi бермеген атақты құлажирен ғой.
— Ырғызыңды бiлмейiм. Әйтеуiр, дәл осы аста бұл ат бәйгi ала алмайды.
— Ақсақал, үйдеп кiсiнiң алдын кеспе! Ондай бiлгiштiгiндi ұрғаным бар, — деп, адыр жiгiт
қамшысын бiлемдей ұстап, iлгерi қарай бiрер аттады.
Соны көрiп, екi қазақ бас қосқан жерде дау-шатақтың болмай тарқамайтынын жақсы бiлетiн ас
егелерi алдын ала сайлап, асабаның қарауына берiп қойған, дау десе делебесi қозып кетер шоғыр-
шоғыр топтың арасына сыналай кiрiп, жұртты барлай қарап жүрген қарулы жiгiттер ендi Тоқаның
мына бiр адыр жiгiтiнiң қамшысын бiлемдегенiн көре сап, жетiп-жетiп кеп, Дайрабай сыншы мен әлгi
жiгiттiң арасына кеп түсе қалды. Бiрақ Тоқа жiгiтi өңмеңдеп, iлгерi қарай ұмтыла бердi. Сол екен,
олардың сырт жағында тұрған, әлгiден ыға қоймаған, мұрты едiрейген теке көз қара жiгiт ақиып:
— Әй, сен кiмге қамшы бiлеп тұрсың, а? — дедi әлгi Шөмекей жiгiтiне.
Шөмекей жiгiтi де талай қызылшеке шатақты көрiп жүрген көкжал болса керек, теке көзден онша
ыға қоймай, қолына екi бүктеп ұстаған қамшысымен Дайрабайды көрсетiп:
— О неге кiсiнiң алдын кеседi? — дедi даусын көтере сөйлеп.
— Кеседi десең, атыңды сынатпа.
— Сынағанда, ол шынын айтып тұрған жоқ. Әдейi менiң меселiмдi қайтарайын деп айтып тұр. Бұ
деген исi Арқаға мәлiм құла жирен. Атақты Алмат сардар баласына той жасағанда, бас бәйгiнi шаппай
алған.
— Алса, ала берсiн. — Теке көз жiгiт мырс еттi. — Шөмекейдiң тойында Шөмекейдiң аты бәйгi
алса, келiскен екен.
— Әй, сен, олай деп былшылдама, — дедi адыр жiгiт түтiге түсiп.