110
— Мә, мынау сыралғым, — дедi.
— Өй, алдыраз болсын! Өркенiң өссiн! — дедi Тиышбек жымыраңдай күлiп.
— Тәке, осы қазақы қақпан соғатын өнерiң жоқ па?
— Ойбай-ау, бұл ағаңның қолынан не келмейдi. Тек бабы болмай жұр ғой. Была-ай, дүкен ашып,
ұста болуға, жағдай көтермейдi. Болмаса... талай нәстенiң басын қайырамыз ғой, — дедi Тиышбек
қоқиланып.
— Маған бiр қақпан керек едi... — деп Қожақ сыр бермеуге тырысып, қатты ширығып алды. Түрi
сұп-сұр.
— Ендi... оны кейiн бiр көре жатармыз, — деп Тиышбек өз шаруасы орайына келiп алғасын, сөз
түйiнiн ұзын арқан кең тұсауға салып шыға келдi.
Ендi Қожақ та көп бөгелмегендi қолайлап:
— Ал, дегендей. Ауылда бiр... шаруам бар едi, — деп бұрыла бердi.
“Әп-бөрекелде!” — деп Тиышбек оның соңынан қарап тұрып, iшiнен шиық-шиық күлдi.
* * *
Аңқау Қожақ жаман атын борбайлатып, аулына жау тигендей боп шауып келдi. Дереу өзi қатарлы,
намыс жыртар төрт-бес жiгiттi жинап ап, мән-жайды түсiндiрiп едi, iшiндегi бiреуi:
— Әй, осы өтiрiк әңгiме шығар. Шыққан жерi сенiмсiздеу екен, — деп едi, Қожақ:
— Жел тұрмаса қамыс басы сыбдырламайды деген, — деп оның сөзiн кесiп тастады.
— Дегенмен... Осы арада асықпайық. Ертең ұят болып жүрмесiн, — дедi сабыр ойлағанды мақұл
көрiп.
— Мұның артын тосатын дәнеме де жоқ.
— Расында да, несiне бүгежектеймiз?
— Өй, содан да қорқып...
— Қайда бастасаң да, өз еркiң! Бүйтiп қор болғанша, жағаласып өлгеннiң өзi артық! — деп
әпербақандау екi-үш жiгiт алақандарына түкiрiп шыға келдi.
Олардың қолдағанын медет көрiп, Қожақ атқа қонды. Жiгiттердi ертiп, сойылдарын сүйреткен
қалпы екi ауылдың арасындағы жаңғыз аяқ жолдың қалың жыңғыл ортасымен өтер ұрымтал тұсына
кеп торуыл құрып жатты.
* * *
Сол күнi Шарапат кiшi шешесiмен ағасының үйiне барып қайтпақшы едi. Оған себеп болған
Жәнiбектiң бақшалығында пiсе бастаған қауын-қарбыз-ды. Өмiрi мұндайды естiп-көрмеген
Шарапаттың жеңсiк асқа аңсары ауды да тұрды. Ақыры кiшi шешесiн азғырып, әкесiне жұмсап, осы
жолға рұқсатын оп-оңай сұрап та алған болатын.
Олар күн қызбай тұрып Жәнiбектiң ауылына жетiп алмақ боп, ертелетiп жолға шыққан-ды.
Сағынай қара болсын деп, олардың қастарына Ниязды қосып берген. Анадағы жеген таяғынан соң,
Нияз бiр түрлi боп өзгерiп бара жатыр едi. Аса көп сөйлеспей, өзiмен-өзi боп, қара көлеңке үйде
домбыраны қоңырлатып шертедi де жатады. Асқа зауқы жоқ. Соңғы кездерi жүдеп, ұрты солып, iшiне
кiрiп кеткен-дi. Бүгiн де ол жол бойы тiс жармады. Бұлардың алдында сары аяңмен жүрдi де отырды.
Шарапат Нияздың әуейi мiнезiн жақсы бiлетiн. Ол бiрдемеге құмартса, қашан оның түбiн
түсiргенше тынбайды. Нияздың серiлiгi де солай басталды. Екi-үш жылдың беделiнде ол қонбаған, ол
түстенбеген ауыл қалмады. Ақыры Нарманнын Ағлесiмен әуейi болды. Бiр-екi рет әкесiне жақын бiр
жамағайын арқылы Ағлеске құда түссiн деп айтқызып едi, Сағынай: “Сен маған не деп отсың? Ол бiр
менiң терезем тең кiсi ме едi? Сосын бiр баланың серiлiгiн көтере алмайтындай, менi немене жұтап
қалды деймiсiң? Ниязжан дәулетiм барда, шалқып жүре тұрсын. Ер жiгiттi мойытып, болатты қалайы
қылар жаман, шабалаңдаған қаншық қайда қашар дейсiң? Ерте бастан ондай қамытқа бас сұғудың
керегi қанша?” — деп әлгi кiсiнi тойтарып тастаған. Содан кейiн Нияз еш талап қылып көрген жоқ. Тек
бертiн келе оның әуейiлiгi былайғы елге сөкет көрiне бастады. Өзi де оң жақта отырып қалды. Осы
былқ-сылқ еткен жағдайдың қашан тынарын бiлмей, Шарапат кейiнгi кездерi дал болып жүр. Содан
аядай ауылда отыра-отыра iшi пысып, бой жазып қайтайын деп, мына сапарға құлшынып шыққан едi,
Шынында да, кең далаға шығысымен-ақ, Шарапат кеуiлденiп сала бердi. Екi бетiне қызыл ажар қонып,
нұры тасып, күле сөйлеп келедi. Жол бойы әр нәрсенi бiр сұрап, кiшi шешесiнiң басын қатырды. Өзiне
ағасының жақтырмай қарағанын елең де қылмады.
— Сен немене өзiң? — деп кiшi шешесi кенет бұның жүзiне барлай қарады.
— Жәй, — дедi Шарапат жүзi алабұртып.
Олар самбырласа сөйлесiп, Қуаңның көне арнасына иек сүйеп жығылар қалың жыңғыл арасындағы
ешкi iзбен келе жатыр едi. Кенет төрт-бес жiгiт жыңғыл түбiнен атып-атып шыға кеп, бұларға тарпа
бас салды. Аузын ашып, сiлейiп қалған Ниязды ожыр қара бiреуi ат үстiнен жұлып ап, келдегiмен
арқасына бiр қойды. Қарсы қайрат көрсете берген Ниязға екiншi бiреуi тап бердi.
Шарапаттың жаны шығып кете жаздады. Атынан қарғып түсе сала, ыршып барып құлындай
шырқырап, ожыр қараның қолына жармасты. Қатты айқайлай сөйлеп:
— Ұрма! Нең бар онда?! — дедi.
— А-а? — деп ожыр қара қолындағы келдегiн көтере бере, керi бұрылды. Осы қалпында қолына
жармасқан еркек кiндiк болса, салып жiберуге ойланбас та едi. Кенет... өзiне зәрлене қараған екi
қарақат көздi, қанын iшiне тартып, құп-қу боп кеткен ажарлы екi беттi көрiп, қатты дағдарды. Келдегiн
әлдеқайда сiлтеп: — Өй, мен бе? Шауып алатын болсаң, бар, анау ғой осылай ет деген! — деп Қожақ
жақты сiлтедi.