111
Қожақ қыздың атын шылбырынан жетелеп, бермен қарай келе жатыр едi. Шарапат оған атып
жiберердей боп қадалып:
— Мынау... сенiң iсiң бе? — дедi.
Қожақ оған тура қарауға батпай, ыңғайсызданғанын бiлдiргiсi келмей, үндеген жоқ.
Бiр қолайсыздықты сезген әпербақан жiгiттер де ендi не iстеймiз дегендей бiр-бiрiне көздерiмен
ымдасып ап, тiзелерiмен жерге басып тұрған Ниязды орнынан тұрғызды. Нияз таяқ тиген арқасын
қолымен бiр-бiр сипап өтiп:
— Әй, иттер-ай! — дедi. Мына қалпы жылағысы кеп тұрған жас баланың қалпынан еш аумайды.
Сол арада астындағы жорғасын тайпалта бастырып‚ ортаға Сағынайдың тоқалы кiре бердi.
Қамшысын екi бүктеп ұстаған қалпы қолын сермеп:
— Әй, күйеу бала, тапа тал түсте тобымызды шауып, бұл жасаған қай зорлығың? — дедi.
Қожақ ендi мәмiлелесе бастаса, әбiрей таппасын бiлдi. Қолын бiр сiлтеп:
— Әй, жiгiттер, болар iс болды, бояуы сiңдi. Ендi бөгелетiн дәнеме де жоқ! Кеттiк! — деп, өзi
атына қарғып мiндi.
Олар сол арада тез қимылдады. Нияз бен тоқалдың қолдарын арттарына байлап, аттарына терiс
мiнгiзiп, ауылдарына қоя бердi. Қарсылық көрсеткен Шарапатты Қожақ кiсi құрлым көрместен ат
алдына сұлата сап, ауылына қарай тасырлатып шаба жөнелдi
9
Мамырай тас-талқан болды. Кеше кешкiлiк мал қарап жүрiп, ағасының ауылына соққан едi. Сонда
жеңгесiнiң ертең қауын жеп қайтамыз ба деп отырғанын естiген. Iштей жақтырмаса да, сыр бермеген.
Ендi таяқ жеп қайтқан Нияз бен жеңгесiн көрiп, ит жыны тырысты. Дереу екеуiн алдына сап,
Құлқаның ауылына қарай салдыртып тартып кеттi. Жолшыбай бұл келiсiнiң соңы не боларын, барып
не iстемекшi екенiн ойына да алмады. Қатты құрсанып, қабағы қарс жабылып, жортып келедi.
Мамырай жас кезiнде палуан атанып, топқа түспесе де, қайратымен осы атырапқа мәлiм болған кiсi
едi. Қара күшiнiң арқасында кiрешiлерге қос болып, Бұхара, Үргенiш асып, талай рет астыққа шығып
қайтқан. Кейiнiрек азды-көптi дәулет бiткесiн де, жас уағында қара жұмыс iстеп, тақыс боп қалған
дағдысынан жаңылмай, тиыш таппайтын. Құдық қазу, мал суғару, қой қырқуға өзi бас боп кiрiсетiн.
Көктен борап, жерден суырған ақбасқындарда да жалғыз өзi дәнемеден қорықпай, ыққан жылқыны
iздеп шыға беретiн. Жер аяғы кеңейгесiн, iргелерiн аулақ сап, бiр бүйiрлеп қонған ауылдарға жаңғыз
өзi барып келе беретiн оның осы батылдығы әлдеқашан-ақ ел арасына жыр боп тарап кеткен. Ол
кәзiрде де сол ақкөздiгiне басып кеттi. Қолды болған қызды үшеуiне жақсылықпен бере қоя ма, жоқ па,
әлде үшеуiн де сабап-сабап жiбере ме — о жағын Мамырай қара ақылына салып жатпады. Астындағы
атын қос өкпеге тепкiлеп, әлма-һәл қамшы сала бередi.
* * *
Қожақ бiр бүлiктi iстеп тастағанын кейiн бiлген едi. Не қып антұрған Тиышбектiң әзәзiл сөзiне
ерiп, алды-артын ойламай, қызды алып қашқанына өзi де аң-таң. Ендi неде болса деп, сыр алдырмауға
тырысты. Шарапатты сүйреп әкеп, итермелеп, зордың күшiмен қараүйдiң iшiне кiргiздi. Баласының
мынадай iсiн жаңа сезген шешесi ернiн сылп еткiзiп, бетiн шымшыды. Шашу шашқысы кеп, әлден-ақ
желiге бастаған бiр-екi қатынды қуып жiбердi. Сол үстiне ет жақын бiр ағасы келдi. Ол төрге отырар
отырмастан. Қожаққа шақшия қадалып:
— Әй, бала, бұ не сенiң iстеп жүргенiң? Немене оны арты сұраусыз қыз деймiсiң? Ертең Сағынай
кеп, әкеңе: “Ау, мыналарың не?”— десе, Кұлекең жерге кiрмей ме? — дедi.
Қожақ үндемедi. Ендi ағасы бел ала бердi:
— Мыңы кетiп, бiрi қалғанда сабырсыздық жасап, сенi не қара басты? Ендi ерегiскесiн, Сағынай
саған қызын мүлдем бермей қояды. Сонда нағыласың? Немене бүткiл Аспанды шауып аласың ба?
— Кiнә өздерiнде де бар емес пе? Соншама созып, — дедi Қожақ өз қылығына ақтау iздеп.
— Өй, жетесiз! Қыз жағының қай уақта да керiлетiн әдетi емес пе? Керiле-керiле қызын кәртейтiп
ап, өздерi әкеп бермейтiн бе едi?
— Өй, кәрi қыз ап... — Қожақ тоңқ ете қалды.
— Ендеше бар ғой, өз обалың өзiңе. Бәрiн де өз мойныңмен көтерiп ал, — дедi де, ет жақын ағасы
артына зiл тастап, үйден сыздана шығып кеттi.
Қожақ не iстерiн бiлмей, қатты дағдарды. Ақыры бiр айла тауып, Шарапатты өз еркiмен көндiрмек
болды. Қолына әйдiк қазан пышақ ап, шарқайраққа қайрай бастады. Соны көрiп, бағанадан берi бiр
бұрышта үрпиiп отырған Шарапаттың екi көзi атыздай боп, екi бетi қуарып кеттi.
Қожақ қыздың қорыққанын сезiп, iштей масаттана түстi. Оған қабағынан қар жауа, түнере қарап:
— Айтқаныма ық етпей көнесiң, болмаса кәзiр сыртқа шығарып мауыздайым, — дедi.
— Не-е-ге? — дедi Шарапат дауысы қалтырай шығып.
— Оның iж негесi жоқ. Соңыра артыңнан қуғыншы келсе, мен осында өз ықтиярыммен түстiм,
осында қалам деп, оларды керi қайтарып жiбересiң. Үйтпесең бар ғой, айтпады деме, тiрiдей соям. —
Қожақ қазан пышақтың қылпыған жүзiн жұдырықтай өндiршегiне апарып көрсеттi.
Шарапаттың әдемi жүзi үрейге толып кеттi:
— Е, неге?
— Неге, неге? Ол солай! — дедi Қожақ ызаланып. Сосын ашуы қозып, алдындағы шарқайрақты
анадай жерге зытырып жiбердi. — Сен менiң құдай қосқан қосағымсың, бiлдiң бе? Мен сенi алам.
Басқа сөздi бiлмейiм.