112
Шарапат Қожаққа қорқа қарады. Көптен берi iшiнде шiрей тасып, тоқып келе жатқан әдемi жас
тiлегiн бiреу аяқ астында улап кеткендей болды. Сол арада жеңгелерiнiң: “Бұл иттердi қой. Алғанша
дейiн жылмандап болады. Қатын болып, үш-төрт бала тауып, саба құрсақ тарта бастағасын-ақ, ит
көрген ешкiше өзiңе одырая қарайды”, — дегенi есiне түстi. Мына қалпымен екi иығы қақпақтай ақ
сұр жiгiттiң де оңды тiршiлiк жасап оңдырмасын бiлiп, өзегiне өрт түскендей, бүк түсiп отырып қалды.
Қожақтын шешесi не iстерiн бiлмей дағдарды. Ойда-жоқта босағасына кеп топ ете қалған келiнiне
не шашу шашарын, не мал сойғызарын бiлмей дал болды. Ақыры бiр-екi жамағайын қайнысының
ақылымен, мал сойдырып, той қамына кiрiсiп те кеттi.
* * *
Мамырай дәл осы арада сап ете қалды. Ауылдың көпек иттерiн абалата отырып, ат басын тура той
боп, апақ-сапағы шығып жатқан қараүйге кеп тiредi. Құданың ашуын алмақ боп алдынан шыққан
бағанағы кiсiнiң сәлем берiп соза берген қолын қамшымен тартып кеп жiбердi. Ыршып кеткен ол ендi
Мамырайдың тiлге келмес түрiн көрiп, шатақ арасында болмайын деп, бiр бүйiрлеп кете барды.
Мамырай қараүй маңына жинала бастаған жiгiттердi көзiмен асығыс шолып шықты. Өзiнiң
қалайда аттан түспегенiн жөн көрдi. Кенет жеңгесiне жалт қарап:
— Тез, қызды алып шық! — деп ақырды.
Ол дiрдiр етедi:
— Қор-р-қам.
— Бол, тез! — дедi Мамырай қалш-қалш етiп.
— Ме-н-н-i өлтiредi.
— Ендеше сенi... өзiм-ақ, — деп, Мамырай тiстене сыбырлай сөйлеп, дереу қынынан құс кездiгiн
суырып алды да, жеңгесiнiң қара санына салып кеп қалды. Кездiк кiрш ете түстi.
Жеңгесiнiң:
— Ойбай! Өлдiм! — деген жан дауысы шықты.
Одан әрмән көз iлеспес бiр қимыл болды. Жеңгесi аттан түсе қап, ұзын көйлегiнiң етегiне сүрiне-
қабына жан ұшырып барып қараүйге кiрдi. Әйдiк қазан пышақты қайрап отырған Қожаққа қарамастан,
Шарапаттың қолына кеп жармасты. Қыз да соны күтiп отырса керек, дереу орнынан лып етiп
түрегелiп, кiшi шешесiнiң соңынан ерiп жүре бердi. Қожақ самсоз боп, түк қол қата алмады. Шарапат
тысқа шығысымен-ақ, Мамырай кәнiгi көкпаршыдай оны лып еткiзiп көтерiп, артына мiнгiзiп ап,
атының басын керi бұра бердi.
Ауылдың әпербақан жiгiттерi Мамырайға батып тиiсе алмады. Алпамсадай кiсiнiң жеме-жемге
келгенде өз жастығын бауырына алып жататынын олардың қай-қайсысы да жақсы бiлетiн едi.
Ауылдан ұзап шыққасын, Мамырай жеңгесi мен Шарапатты бiр атқа мiнгестiрдi. Сосын бағанадан
бермен үнсiз келе жатқан Ниязға жыны келiп:
— Өй, ез неме! Жiгiт басымен ара түсе алмады деген не сұмдық?! Бүйткенше, сенiң барыңнан
жоғың! — деп кейiдi.
— Көке-ау, көп жiгiтке жаңғыз өзiм не iстей алам? — дедi Нияз қипақтап.
— Не iстей алам? Жаңа мына шал басыммен жаңғыз өзiм не iстедiм? Мiне, соны iстеу керек!
— Өй, ол менiң қолымнан келмейдi.
— Жын-шайтанның соңынан желпiлдеу қолыңнан келедi, намыс жыртысу қолыңнан келмейдi.
Бүйте берсең, әлi талай телi мен тентекке ақың кетедi. Кiсiге есе жiберiп, ит құсап тiршiлiк еткенше,
жер басып жүрмегеннiң өзi-ақ жақсы.
Сол күнi Шарапаттар Мамырай ауылында қонып қалды. Мамырай ағасына бiр кiсiден хабар салды.
Тiлi майда шабарманға тентек шалды ашуландырмай, жұқалап жеткiз деп тапсырды. Жұмсаған кiсiсi
көп ұзамай қайтып кеп:
— Мәке, ағаң шарт сынды, — дедi.
Мамырай солай боларын алдын ала бiлгендей үндемедi. Ойда-жоқта лап еткен дау-дамайдың
өршiп кетпеу жағын ойлап, жас тоқалы Балқияның жанында әлi отыр.
10
Ұрылардың аттарын олжа ғып, кеуiлi судай тасып келген Құлқа батыр басы тасқа тиген бекiреше
сiлейдi де қалды. Әуелгiде не iстеп, не қою керектiгiн анық аңғара да алмады. Сосын шарт етiп
ашуланып, дойыр қамшысын сығымдай ұстаған күйi баласын тарпа бас салды. Келе қыр арқадан
тартып-тартып жiбердi. Қожақ қолымен басын қорғаштап, сыртқа қарай тұра қашты. Құлқа тұра қуды.
Оны ауыл айналдыра қуып жүрiп сабап, түрi өрт сөндiргендей боп, үйiне қайтып келдi. Аузын аша
берген әйелiн де қамшымен бiр тартып өттi.
— Өй, жатыры оңбаған! Сенен туған бала не адам боп қарық қылатын едi? Ақылы болса, кiм
көрiнгеннiң айтағына ерiп, ақымақшылық жасар ма едi! — деп ызаланып, қолындағы қамшысын iрге
жаққа лақтырып жiбердi.
Шалының мiнезiне қанық кемпiр жұмған аузын ашпады. Таяқ жеген баласына бауыр етi елжiресе
де, онысын сыртына шығара алмай, iштей тығылып қалды. Жаулығының ұшымен аузын басып, жалын
жұтқандай боп өз жасына өзi тұншығып әлi отыр.
Жаны күйген Құлқа не iстерiн бiлмедi. Ақ киiз үстiнде түйенiң жарты етiнше дөңкиiп отырып,
қабағын сәл шытып, арғы-бергi жағдайын ойлады. Осы баласы ат жалын тартып мiнгелi қуанышы
айрықша болатын. Жастайынан еңсесiн көтертпеген ауыр тiршiлiктiң тауқыметiн бiр шетiнен
көтерiсетiн иық тапқанына қуанған едi. Сол баласы қашан өз алдына түтiн түтетiп, тiршiлiк қамын