Стр. 114 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

113
күйттеуге жеткенше оңды тыным да таппаған. Қарап отырса, бүткiл өмiр жолы бұралаңға толы. Жас
кезiнде бойына бiткен қайратына мас болып, қолына оп-оңай түсiп жатқан боқ дүниенi оңды-солды
шашыпты. Үлкейе келе сол дуния шiркiннiң таптыруы қиын екенiн айқын сездi. Бiр үйiрдi екi етем
деп, жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Сүйтiп жүргенде қайратты кезi де жалт етiп өте шықты. Не оңды
құралған малдың түрi жоқ, не үстiне жылтыратып жапсырғаны жоқ, ит кемiрiп тастаған сүйекше
ешкiмге керегi болмай жатқан түрi мынау! Соған қарамастан бұл әлi талаптан айрылған жоқ. Осы
балаға болсын деп кеше бiр ат үшiн сонау ит өлген жердегi Бұқарға барып қайтты. Соны мына баласы
неге түсiнбейдi? Тым болмаса қара басын алып жүре алмай ма? Әлден кiм көрiнгеннiң айтағына ерсе,
ертең мына қотыр тiлiмен сүйкенбе мiнезiн қатар тосар ел iщiнде қалай күн көредi? Дұрысыңды бұрыс
қып, мүйiздеп қуып шықпай ма? Өй, жетесiз! Құлқа күйiп кеттi. Асығыста баяғы ақкөздiгiне басып
жiберiп, бiр iске белiн бекем буып, сыртқа аяғынширақ басып шықты. Қожақты қасына ертiп,
Тиышбектiң ауылына тартты. Жолшыбай баласына назар да салмады. Қол созымдай жерде тынымсыз
қылт-қылт еткен ат құлағына ойлы көзiн қадап, сар желiспен тартты да отырды.
Тиышбек үйiнде екен. Қабағынан қар жауған мұны көрiп, үйiнен жалаң аяқ, жалаңбас, көйлек-
дамбалшаң қалпы жүгiре шықты. Сойған түлкiше екi жағы, жұтқыншағы көрiнiп, қара сұр түрi
жылмиып, ыржаң-ыржаң етедi:
— Құлеке, мақтап жүредi екенсiң. Дегендей келдiң. Жаңа ғана тышқақ лағымды сойып, ащы iшегiн
домбыраға деп иiрiп жатыр едiм. Ойбай-ау, о деген... енапат дүния ғой. Оны иiрiп болғасын, ана Нияз
лақуаға бiр құлынды биеге сатып...
Тиышбек сөзiн аяқтай алмады. Құлқа ақырып жiбердi:
— Доғар, найсап! Мына жетесiздi азғырып жүрген сен бе?!
— Ойбай-ау, ол мен емес, — дедi Тиышбек азар да безер боп.
— Сонда кiм?
— Ол, ол... — Тиышбек мүдiрiп қалды.
— Оның кiм? — дедi Құлқа ақырып.
— Ол, ол... Ережеп...
— Ережеп?
— Иә, дәп өзi. — Тиышбек дыбдырлай бастады. — Әнәу-күнi Дадабек сартқа бара атыр едiм.
Құлеке, мен кәзiр сонымен тамыр бола бастадым ғой. Жолай Ережеп кездесе кеттi. Солай да, солай
дедi. Аңқау басым, соған сенiп қалдым. Мына Қожақжанды көрген бойда, қаныма тартып, айта қойып
ем. Соңының бұлайша ұшынып кететiнiн қайдан бiлейiн?
— Ендеше осы сөзiңдi кәзiр Сағынайдың көзiнше айт!
— Айтам. Е, менi айтпайтындай кiм деп едiң? — деп Тиышбек қоқиланып шыға келдi. Асып-
сасып, жүгiрiп жүрiп, жаман топыраш атына күн қақтап, қиюы қаша бастаған ескi ағаш ердi дүңк
еткiзiп салды. Айыл, тартпаларын тез-тез тартты. Аяғын үзеңгiге сұғып жатып, қатынына бұрылып
қарады: — Қатын, а, қатын, ана ащы iшектi өзiн-ақ иiре сал. Қалған еттi тұздап қоярсың. Бiзге со да
бiраз азық қой. Мына Құлекеңдей жау түсiрер қайратың болмағасын, сүйтiп тамақ таппасаң,
болмайды. Ойбай! Белiм! Сегiзкөзi түспегiрдiң сырқырап қоя бергенi несi?
Тиышбектiң жолшыбай аузы бiр тынбады. Әр нәрсенiң басын бiр шалып келедi. Құлқа оған рай
бермедi. Ақыры шыдамаған Тиышбек астындағы жаман топыраш атын тебiнiп қап, Құлқамен
қатарласа берiп:
— Батырекесi-ай, есiттiң бе? Әнеукүнi өзiң Бұқарға бастап апарған саудагерлердi шетiнен жансыз
дейдi ғой, — деп бiр қолайсыз әңгiменiң шетiн шығарды.
— Қойшы?! — деп, Құлқа жорта таңғалды. Есiне Ахияр, керуен жолының сұлбасын қағазға сызып
келе жатқан кiсi түстi.
— Құдай бiрiн жалған қылмасын, бәрi рас. Ана Насрулла әмiрдi ақ патшамен ыңғайлас боп жүр
дейдi. Бәрi соның астыртын iстеп атқан әрекетi көрiнедi.
— Е, солай де.
— Ендi... соны сақалды басыңызбен сiздiң бастап барғаның қалай... болады, а? Мұны ана Мұхамед-
Инақ есiтсе...
Құлқа өз ойына келмеген сұмдықты мына аузы дуасыз кiсiден естiп, шошынып қалды. “Шынында
да, қолайсыз екен ғой”, — деп iшiнен қатты ыңғайсызданды. Бiрақ сырт өңiн бермей:
— Оны... кезiнде көре жатармыз, — деп қолын сiлтей салды.
Аздан соң Сағынайдың ауылы көрiндi. Ауыл шетiне жете бере, Құлқа Қожақ пен Тиышбектi
жаяулатып, алдына сап айдап, ортадағы үлкен ақ отауға тақап келдi. Хабарласа шыққан қызметшi
Әбдуәлидi керi итерiп, сәлемдесiп, iшке кiрдi.
Тоңқиып жатқан Сағынай мұның сәлемiн алған жоқ. Құлқа есiк алдында тiзесiн бүгiп:
— Сәке, — дедi, — өзiм жоқта ана менiң жетесiзiм көргенсiздiк жасапты. Сол үшiн әбдән жазасын
тартқыздым. Ол аздай, мiне, соны алдыңа айдап әкелдiм. Нағылам десең, ерiк өзiңде. Етi — сенiкi,
сүйегi — менiкi.
— Әй, Құлқа, — деп сол мезет Сағынай басын көтерiп ап, шаңқ ете қалды. — Мен сенi жау
қайырар ер көрушi ем. Сен қашаннан бермен дау қуатын ез болдың? Балаңнын сазайын тартқызсаң,
өзiң тартқыз. Етi сенiкi деп, немене, менi қолына солқылдақ шыбық ұстаған молла көресiң бе?
— О құда, ер деп кеуiлiм үшiн айтып отырған шығарсың. Болмаса күнбе-күнгi ауызға жерге жемiн
ойластырып отырған кiсiде қаңғып жүрген қайдағы ерлiк? Езбiсiң дейсiң? Ау, жоқшылық пен өз
ағайыныңның ащы тiлi екi жақтан езгiлесе, ез болмақ түгел, без боп кетерсiң.
— Е, безбiн де. Безден безбүйрек қана шығушы едi, — деп Сағынай ащы мырс еттi.
— Кедейдiң безбүйректiгi — бiр күндiк, байдыкi — мың күндiк. Әйтпесе мың жылдық құдаңды
сақал-шашы қудай болғанда осылай керуен бастатып, сандалтып қояр ма едiң? Баяғыда өзiңе жетсе,
малым, жетпесе‚ жаным демеп пе едiм? Баланың балалығын бiр жолға кешiр. Соны азғырған