114
әзәзiлiмен бiрге әкелiп отырмын. Айыпқа берер алтын тоным жоқ. Ердiң бары да, нары да —
астындағы аты ғой. Әне, айыбыма атымды ал, — деп Құлқа дауысын көтере сөйлеп, қолымен ашық
тұрған есiктен сырт жақты нұсқады.
Ертеден қырыстанып жатқан Сағынай дәл осы араға келгенде төсектен басын қалай көтерiп
алғанын байқамай да қалды.
— Оу, батыр, — дедi ол бiр түрлi боп толқып кетiп, — баланың шалалығын жаулық деп түйiп
отырған дәнеңем де жоқ. Менiң күйетiнiм, баламның әңгүдiктiгi ғой. Жарайды, өттi, кеттi. Бiрақ мен
сенен ол үшiн айып алмайым. Құдасының жаңғыз атын аударып мiнiп, өзiн ауылынан жаяу
қайтарыпты деген жаманатқа таңылатын жағдаятым жоқ. Сен нар басыңды иiп келгенде, немене
жiбiместей менi қара тас деймiсiң? — деп Сағынай орнынан буындары күтiрлей тұрып, Құлқаны
қолтығынан ап, төрге отырғызды.
Жаңа ғана күзгi мұздай қатқан жүздер жадырап сала бердi. Мал сойылды, қазан көтерiлдi. Шәй
үстiнде Сағынай құдасына жылы шырай көрсетiп, кесенi өзi алып алып берiп отырды. Бiр-екi рет
Тиышбек дыбырлап, ақтала берiп едi, Сағынай:
— Қатын өсекке сақтап отырған құлағым жоқ. Ол әңгiмеңдi ана қазан-ошақтың жанындағы
ақжаулықтарға барып айт, — деп тыйып тастады.
Бiрде Сағынай Құлқаға еңсерiле қарады:
— Осы сенi кәртейгенде жорға ашып, керуенбасы боп, Бұқарға барып қайтқан дей ме?
— Әй, құдай-ай, тоқтық не дегiзбейдi, аштық не жегiзбейдi? Бiр баланың қамы үшiн жазған басты
тауға да, тасқа да ұрып жүрген бiр хал ғой, — дедi Құлқа ағынан жарылып.
— Е, солай де. Дүния шiркiндi қолдың кiрi дептi ғой бұрынғылар. Дерiн десе де, сол қолдың кiрiнiң
қолбайлау боларын бiле бермеген-ау!
— Ау, бiлгенде не iстесiн? Аллатағалам әзәлдә адамдарды тең қылып жаратса да, құлқы мен
пиғылын тең етiп жарата бермептi ғой. Бар пәле содан шығып атыр.
— Бүгiнде бәндә құдайдың бермегенiн кiсiден көретiн боп кеттi ғой. Ондайлар құдайдан тiлеп,
мандай терiне жалынудың орнына, басқалар кесiр келтiрiп жүр дейдi. Түптiң түбiнде осы жаман
пиғылымыз басымызға сор боп жабыспаса не етсiн? Тең етем десең, телi мен тентегiң өре түрегелмес
дейсiң бе?
— Ояғын... қайдам.
— Иә, айтары жоқ. Бұрынғы жақсы заман ендi қайта айналып келмейдi. Бәрi де ақырдың әлеметi
ғой, — деп, Сағынай қатты күрсiндi. Ол жасы ұлғайған сайын өткен қызық шағын аңсап, дiндәр боп
бара жатыр едi.
Құлқа тiс жармады.
11
Жәнiбек жолға тақталып отыр едi. Кешелерi Уәйiс-Нияз бұған арнайы кiсi жiберiп, Кожанияз
бекiнiсiн қалпына қайта келтiруге қол ұшын берер жiгiттердi өзiң бастап кел деп өтiнiш еткен-дi.
Әуелгiде бас тартса да, Жәнiбек соңынан келiсiп‚ жiгiттерiн тездетiп жинап ап, бүгiнге тақтап қойған
болатын.
Сол үстiне Қожақ келдi. Ақ сұр жүзiнде именшек бiр ажар бар. Жәнiбек оны қысылмасын деп,
ашық қабақ көрсетiп:
— Ә, батыр, кел, кел, — деп жайдарылана күлдi. — Әй, өзiң батырлықты жасайтып жердi бiлмейдi
екенсiң ғой?
Қожақ ыңғайсызданып, үндемедi. Кебежеден ыдыс-аяқ алып жатқан Айжамал басын сәл бұрып:
— Күйеу басымен еркiнсiп, төрге шығып үйренiп қалғасын не iстемесiн? Жұртты бет моншағы
төгiлiп, именшiктеп тұрар сен деймiсiң? — деп бұны бiр қағытып өттi.
Жәнiбек қабағын шытты. Қалыңдығына барып келгелi әйелi мүлдем ерсi мiнез ашып, жақсы отыр-
ау, жаман отыр-ау демей, аузына келгенiн аталай беретiн болып жүр. Ол сыр бермей:
— Қалай, Құлекең пақуатты ма? — дедi.
— Құдайға шүкiршiлiк.
— Бұхара жағына барып қайтты деп естiп ем.
— Барып қайтқан.
— О кiсi жасы ұлғайғанына қарамастан, кiлең басқа кiсiлердiң ортасында жаңғыз өзi жүре бередi,
ә?
— Оны... кәйбiр жетiскенiнен iстеп жүр дейсiң. Айтпақшы, сол керуеннiң iшiнде жансыз бар
дейдi.
— Қойшы, рас па?
— Рас, рас. Жолдың бәрiн қағазға түсiрiп апты.
— Е, солай де.
— Көкем аңқау ғой. Ережептiң қулығына түсiп қалған. Пайдалы жер болса, Ережеп оны өлдi өзгеге
тапсырар ма?
Жәнiбек ойланып қалды. “Бұ несi? — дедi iшiнен. — Бұл жағдайды Насрулла әмiр бiлмей ме? Хиуа
ханы ше? Түбiн тексергенде, бұл әлдеқандай дайындықтың басы емес пе? Өз қожалығының қамын
ойласа, соны неге хандар iзерттемейдi?» — Ол ойланып, көзiн сәл қыса, түрулi тұрған жабықтан күн
күйдiрiп, шөбi сарғая бастаған далаға қарады. — “Әлде ол жайлы... айтсам ба екен? Қой, онда менiң
шаруам қанша?”
Аздан соң бекiнiстi жөндеуге барар елу шақты жiгiт жиналып та үлгердi. Жәнiбек бәрiн бастап,
Қуаң бойына қарай алып жүрдi. Жолшыбай оған қалың жылқысының бiр шетiнде абай болып жүрген