115
Елдес кездестi. Ол Қожақты көре сап, бiрден зәрiн сыртына шаншып ала қойды. Мұнымен салқын
амандасты. Жағдай сұрасқасын:
— Е, Сартаулының сойылын соғып бара атырмын де, — деп жалпақ ернiн кере күлiмсiредi. Басына
етегi жалпақтау қазақы қалпақ киген оның тымырсық аптаптан быдым-быдым бетi тершiп, жылтырап
кетiптi.
— Менiң Сартаулының сойылын соғып жүрген дәнемем де жоқ. Содырлардың ойланбай iстеген
қылуаларына ақтау iздеп жүргенiм ғой, — деп Жәнiбек ағасының өткен жылғы қылығын есiне сап өттi.
— Содыр болайық, шобыр болайық, Хиуаның қасы мен қабағына қарап күн көретiн жағдайымыз
жоқ.
— Ендi... сол күндi көрiп те отқан жоқсың ба?
— Өй, енесiн... оларды ертең-ақ тырқыратып қуып шығамыз.
— Жарайды, қуып шық. Сонда мына енапат қонысты дұшпандардан қызғыштай қорып тұра
аласың ба?
— Е, үйтпей несi бар? — дедi Елдес адырайып.
— Ойбай-ау, ойда-қырда тарыша шашылып жатқан азғантай ел қай пұшпағыңды қымтауға жетедi?
Тiпте күзет қоюға да жетпейдi ғой.
— Ал, сонда... сенiңше, не iстеуiмiз керек? — дедi Елдес тәжiкелесуден бiр танбай.
— Әрi ойлап, берi ойлап келгенде, Хиуамен онша араз болғанымыз жақсы емес. Олармен мәмiлеге
келгеннен ең дұрысы жоқ. Сүйтiп әмпей бола алсақ, қалғанын кезiнде көре жатамыз да.
— Е, сосын екен ғой Дадабекке жалданып бара жатқаның. Бар, бар, жолың болсын, — деп Елдес
зәрлене жымиып, қабағын кiлт түйдi де, тiзгiнiн оқыс тартып қап, астындағы атын тебiне бердi.
Жәнiбек ағасының соңынан таңғала қарады. Сосын Қожаниязға келе жатып, басына шапқан бiр
ойдан арыла алмай қойды. “Шынында да қызық. Қолыңда қаруың, соңыңда ләшкерiң болмай жатып,
бiз неге күпiлдей беремiз? Күштi елге құр қоқаңдағаннан келетiн не пайда бар? Үйте берсең, елiңдi
бүлiншiлiкке ұрындырасың ғой. Онан жа мына әңгүдiк пақырлар ертеңгi күнiнiң қамын неге осы
бастан жемейдi? Жан алқымға таянғанда ғана жалынып айтқан сөзiңе кiм құлақ асады? Әлде әлiн бiл-
меген кiсiнiң әлек болатыны сондықтан ба?” Ол жолшыбай басына түскен осындай ойлардан арыла
алмай қойды. Сүйтiп келе жатып Қызылдың бiр жазығында орналасқан Қожаниязға қалай келiп
қалғанын да аңғармады.
Уәйiс-Нияз бұларды жақсы қарсы алды. Ашық қабақ көрсеткен ол аспаздарына қазан-қазан палау
бастырып қойыпты. Ас iшiп, әлденiп алғасын, кеуiлденген жiгiттер қираған диуалды қайта қалауға
қызу кiрiсiп те кеттi. Бiреу лай илеп әуре. Ендi бiрi қам керпiштi жоғарыда тұрған ұстаға қарай
лақтырып әлек. Лезде кеуiлдi дауыстар құлаққа ұрған танадай тиыш маңайды тiршiлiк тынысына
толтырды да жiбердi.
Бiр саябыр сәтте Уәйiс-Нияз мұнымен оңаша сөйлесер ыңғай байқатып, бiр бүйiрге қарай алып
жүрдi. Қалың топтан жырылып шыға бере ол бiр-екi рет мұның жүзiне барлай көз тастап қойып:
— Қазақ бауырлардың мына жәрдемiн жақсылыққа жорып тұрмын, — деп қулана жымиды.
— Оған не сөз бар, мухтарам бек, — дедi Жәнiбек iлтипатпен. Iшiнен: “Мұнысы несi? Бiр кәкiр бар
ғой”, — деп асығыс ойлап үлгердi.
— Осы қазақтарда “дайын асқа тiк қасық” деген мақал бар ма?
— Иә, бар.
— Ендеше... дәл өзi...— Ол жорта жөткiрiнiп қойды. — Мына шаруаның бастауы — менiкi,
басқасы — ана уәзiрдiкi. Оның Бұхарадан шыққанына бiраз болды. Кешiгiп жатыр.
— Жәй шығар. Келер.
— Келгенiне өзiм де асықпын. Мына қамалды жөндеу жұмысын өзiне тапсырып дегендей...
— Е-е...
— Ал, ауылдарынызда не жаңалық бар?
— Қадырданды бек, қазақ ауылында сiз қызығарлықтай не жаңалық бола қойсын?
— Сонда да...
— Сонда да дейсiз бе, — деп Жәнiбек көз қиығымен оның қулана қарап тұрған жүзiнен әлдеқандай
бiр құпия сырды ұғып та үлгердi. Iшкi бiр сезiгiмен Уәйiс-Нияздың кешегi орыс керуенi жайында
естiгенiн, сол жөнiнде бұдан жорта сыр тартып тұрғанын аңдады. “Түбiнде бiледi. Егер басқа бiреу
Құлқа құдасы деп жеткiзсе, сөз жоқ, күдiк алады. Одан да... өзiмнiң айтқаным мақұл ғой”, — деп екi
оқты боп тұрды да: — Сiз қызығарлықтай хабар, ә, — деп ыңыранып, аз-кем iркiлдi. Сосын шұғыл
өзгерiп: — Айтпақшы, ондай бiр хабарды кеше ғана естiдiм. Осыдан бiраз бұрын мына арадан
орыстардың сауда керуенi өтiптi дейдi, — дедi.
— Солай ма? Сонда.. Оны бiз неге бiлмеймiз?
Жәнiбек сол арада өмiрi айтпаспын деген нәрсенiң аузынан қалай шығып кеткенiн аңғармай да
қалды:
— Қадырданды бек, ояғын ана Хиуаның сардары Мiрәлiден сұрағаныңыз жөн болар.
— Сонда... бұ қалай? — дедi Уәйiс-Нияз ойланып тұрып.
— Оның себебi былай. Ережеп Мiрәлiнiң iнiсi емес пе? Ақ патшаның Ахияр дейтiн кiсiсi соған ат
басын арнайы тiреп келiптi. Олар бұрыннан таныс па, таныс емес пе, ояғын бiлмейiм, — дедi Жәнiбек
арыз айтқанына iштей ыңғайсыздана түсiп. Алғаш рет кiсi сыртынан сөз айтып тұрғанын сезiп, демде
қызарып сала бердi.
— Е, түсiнiктi, — дедi Уәiс-Нияз түсi қара күреңiтiп. Сосын әңгiме бетiн басқа бiр нәрсеге
аударып, қамал жаққа беттей бере, кiлт тоқтады. — Айтпақшы, былтыр осы қамалды бұзғандардың
iшiнде сiздiң бiр туысыңыз болыпты дейдi ғой?
— Иә, болған, — дедi Жәнiбек жалтарудың еш ретiн таба алмай.
— Сонда, неге? — деп Уәйiс-Нияз көзiн қысып, тесiле қарады.