Стр. 117 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

116
— Мухтарам бек, ол ағам қатын, бала-шағасы бар, өз билiгi өзiндегi азамат. Не iстеп, не қоям десе,
өз еркi. Сосын мұсылман жұртында ағаға iнi қарсы шықпайтынын бiлмеушi ме едiңiз? Бұл жердегi
менiң қатысым шамалы. Ол жайында түгел бiлгiңiз келсе, ағамның өзiнен барып сұраңыз, — дедi
Жәнiбек тез-тез сөйлеп. — Ал менiң жеке басыма келетiн болсаңыз, ұлы ханға деген ниетiм әр уақытта
адал һәм берiк. Құда қаласа, осыны әлi талай жерде көрсетем ғой деп ойлайым.
— Иншалла, солай болғай. Аллатағалам барша жаннан айрықша артық етiп жаратқан ұлы ханға
қызмет ету жанабындағы кiм-кiмнiң де басты парызы ғой, — деп Дадабек бұрылып жүре бердi.
Сол күнi Жәнiбек жiгiттерге бас-көз боп, қамал басында қонып қалды. Ертесiне күн көтерiле
жұмыстың пiрi көтерiп, қауқылдасып жатқан жiгiттердi басқарып-тексерiп жүр едi, қасына жүз қаралы
кiсi ертiп Ережеп келдi. Олар келе ожар ауылдың қылығын iстеп, өздерi қалаған жерге үш қанат
шатпаларын тiгiп те тастады. Ортадағы ең сәндiсiне Ережептiң өзi түстi.
Түс әлетiнде Ережеп мұны дәмге шақырды. Барса, үй iшiнде Дадабек және басқа да бес-алты кiсi
отыр екен. Жәнiбек қысқаша аман-саулықтан соң, жан-жағына барлай көз тастап шықты. Уәiс-Нияз
бен Ережептiң жылы қабақтарын аңдап, iштей тiксiнiп қалды. “Мына бек менi жүздестiруге шақырған
жоқ па?” — деп қобалжып, бiр-екi рет қозғалақтап қойды.
Төменгi жақта жайғасқан Тиышбек сайрап отыр:
— Айтары жоқ, мырзаның қолының ашықтығы сондай, саусағының арасынан түсiп қалған азын-
аулақ пұлға исi Әлiм, Шөмен қарық боп қалды.
Мына бәтуәсыздың сөзiне шыдамай, Жәнiбек мырс етiп:
— Әй, Ережеп, немене сен өзiңдi мадақтау үшiн мынаны жалдап алғаннан саусың ба? — дедi.
Ережептiң шырайлы жүзiне тепсiнген ашу iзi көгiстенiп көрiндi. Шырт ете қап:
— Е, туыс деген ағайының барыңды көре алмай жатса, шашпауыңды көтерер кiсiнi жалдағанның
несi айып? Бiз қасқа бiр-бiрiмiзге жылы сөзiмiздi қимай құримыз ғой, — дедi.
— Сөз де кеуiлге байланысты шығар. Алакеуiл боп тұрып, ағайыннан айрықша баға дәмету ала
қойды бөле қырқып, бiр шекпен де шықпады-ау дегенмен пара пар емес пе? — дедi Жәнiбек шешiле
түсiп.
— Сонда... мына мен бе алакеуiл? — Ережеп бұған үлкен нұрлы көзiн төңкере қарады.
— Ендi кiм деп ең? Әңгiме-қауғаны өрбiтiп, ел арасына әрекет кiргiзiп...
— Оған қуәң бар ма? — дедi Ережеп мұның сөзiн бөлiп.
— Мiне, қуәм, — деп Жәнiбек Тиышбектi қолымен нұсқады. — Жақында ана Қожақты айдап сап...
— Сол ма? — деп, Ережеп Тиышбекке атып жiберердей боп қадала қарады. Мына қалпы бөгде
кiсiлер болмаса, түте-түте ғып, жеп жiберетiн кiсiнiң пошымы. — Әй, мен саған қашан өсек айтып ем?
Қожақ жайлы не дедiм? Кәне, айт бәрiн мына жұрттың көзiнше! — деп, ол қатты ақырып жiбердi.
Мырзаның сұсы басқан Тиышбек оның бетiне тура қарай алмай, жерге шөге түстi. Әшейiнде тiлiне
тұсау түспес су жорға кiсi ендi мақау адамша бiрдеме деп күңкiлдеп, жүзi қап-қара боп, көзiмен жер
шұқып, отырып қалды. Соны көрiп Ережеп бел ала бердi:
— Мiне, көрдiң бе? Ал, сендер iждеңенiң анық-қанығына жетпей жатып, былайғы жұртты
күстәналайсыңдар. Айтпағанды айтты қыласыңдар. Ұлы әмiршi Насрулланың көзiн ала бере ала
жiптен аттап жатқандарды көрiп тұрып та, осы бiз түк те демеймiз ғой. Әлде бiреуге жала жаппаған
мына бiздер ауышпыз ба? Болмаса соны жеткiзе алмастай немене тiлiмiз шолақ па?
“Бұл несi?”— деп Жәнiбек сәл-пәл дағдарып қалды.
— Ау, ағайын, — дедi өз сөзi үстем болғанын сезген Ережеп ендi дауысын нықтай сөйлеп, —
бүйтiп iз кескен түлкiше отырған, тұрғанымызды жiпке тiзе берсек, өмiрi ел болмаймыз. Одан да
кейiнгi жас төлдiң тиыштығын сақтап, олардың өзара ынтымағын күшейтуге тырысайық та. Осы
ынтымақсыз ел болған жұртты көрген кiм бар? — Ол кенет Уәйiс-Ниязға жымия қарады. — Әне,
ынтымақ деп Қаразым жұртының ынтымағын айт! Ұлы әмiршi аман-есен тұрса, Қаразым жұртының
шенiне өмiрi жау жолай алмайды.
— Әлбәттә, әлбәттә, — дедi Уәйiс-Нияз басын шұлғып.
Жәнiбек Ережептiң аяқ тастасына таңдана қарады. “Мынау терең екен ғой. Шыңырау құдық
сықылды күңгiрлеген бiрдеме ғой. Айқасқанда аяқ тартып отырған жөн-ау”, — деп өмiрдiң өзi
үйреткен бiр сабағын зердесiне түйiп, үн-түнсiз қалды. Мына қалпымен Ережептiң бiраз жерге бара
алатынын байқады. Бұл қоқайды сонда көрмек. Жәнiбек тақыр басын беторамалымен сүрте отырып,
дәл осы арада әрiге көз жүгiрткiсi келдi. Шынында да қиын-ау, дедi iшiнен. Былтыр кiлең ағайыны
жиылып кеп: “Ау, бiз осы қашанға дейiн мына Төртқаралардың шылауында шырматылып жүре
беремiз? Немене олардың айтқанына көнiп, айдауына жүре беретiндей бiз ел емеспiз бе? Неге өз
алдымызға билiк құрып, iшiмiзден өз басшымызды шығармаймыз? Сен онан да ықпалың бар да, ана
Бұхара әмiрiне барып, Аспандарға сардар болуды сұрап ал. Мына Қоқан ханына қарайтын Бозғұлдар
құрлы жоқпыз ба?”, — деген-дi. Алғашқы кезде оған ықыласты бола қоймаса да, келе-келе билiкке бiр
түрлi ауалана бастады. Бәрiнен бұрын осы арада бұның шымбайына батқаны — әлде бiлiп iстеген бе,
әлде бiлмеген бе, — Хиуа бектерiнiң Майлыбасқа жақындау жерде қоныстанатын Аспандардың кей
аталығын Төртқараның уысы-на салып бергенi едi. Сол себептi Хиуаға сардар боп алғасын, Мiрәлi
бұларға тiзесiн батырып-ақ жүр. Жылда алым-салық төле деп, Аспан аталығына қарасты Аю, Сырым
мен Нияздардың ауылдарын талап, тонап кетедi. Көнбегендерiнiң басына қамшы үйiредi. Содан
жасқанған момын ел аузын ашпайды. Ендi, мiне, бұл сол Мiрәлiнiң iзiн басар азулы бiр жiгiттi көрiп
отыр. Жаңағы аяқ алысы оның осал жау еместiгiн байқатып-ақ тастады. Мұндай қасқыр жiгiтпен
ұстасу үшiн қайратың мен айлаң, әрекетiң мен амалыңның қатар келуi керек. Онсыз мұндай азулы
кiсiлер бел омыртқаңды омырып кете бередi. Соған көнiп жүре берейiн десе, ел-жұрты мұны соңғы
кездерi тiптi мазалап бiттi. “Сонда не iстеу керек?” — деп, Жәнiбектiң басы әңкi-тәңкi боп, ұзақ
отырып қалды. Сол мезет, бүткiл ақыл-есiн тұмандандырып, жетесiне жете бермес әлдеқандай соқыр
көштiң iш жағында өрекпи оянып келе жатқанын байқады.