Стр. 119 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

118
ашып, тоқалы шыға келдi. Оның жайнаңдап тұратын көзiнде ерекше бiр ұшқын жылт-жылт етедi. Ол
көзiн тез тайдырып әкетiп, iшке басын сұғып:
— Әй, Атаяр, местi алып шықшы, — дедi.
Iштен бiр мес айранды ырсылдай көтерiп, қол-аяғындағы бұғауы сылдырап Атаяр құл шықты.
Оның күнге күйiп, тотығып кеткен жүзiнен ешқандай да абыржу iзiн байқау мүмкiн емес. Керiсiнше
қалың бетi салбырап, iшкi сезiмiн сыртқа шығармай, тұтасып тұр. Тек қана жарқыраған өткiр көзiнде
әлдеқандай сыр бүккен әзәзiл ұшқын лып-лып етедi.
Елдес аздап тiксiнейiн дедi. Бiрақ дәл осы арада сыр бермегендi жөн көрiп, аяғын ауыр алып, оң
жаққа барып отыра кеттi. Бiр тостаған тастай қымызды сiмiре сап, тер бұрқ ете қалған маңдайын
сүлгiмен сүрттi. Сосын жаңағы жiгiт жайын ойлады. “Бұ несi, — дедi iшiнен. — Әлде, әлде... қой,
оның бетi аулақ”. Елдес кеуiлiн күдiкке алдырғысы келмей, жан түкпiрiнде мазалап жатқан уытты
бiрдеменi тапап, өшiрiп тастады.
Қызылбет тоқал аяғын кербез басып, шәй әкелдi. Шай үстiнде әдемi қылымсып, дым болмағандай,
кесенi бұған берерде күмiс бiлезiк салған әппақ бiлегiн ханауыз көйлегiнiң жеңiнен жартылай
шығарып барып ұсынады.
Елдес iшiн тартайын дедi. Ол қызылбет тоқалды былтыр алған едi. Әуелгiде басқа бiр жiгiтпен
әуейi боп жүрген сұлу қыз бұлғаңдап, барынша кергiп бақты. Бiрақ басы байлаулы жан бұйдасын үзiп
кете алмады. Ақкөз Елдес сыбыс тарасымен, қасына он шақты жiгiттi ертiп ап, қайынына барып, тiзеге
салғандай етiп, қалыңдығын алып қайтты. Басына ақ түсiсiмен, келiншектi жабағы жүнше түтiп
тастады. Ендi қызылбет тоқалдың мама биеше найқала бастағаны мұның кеуiлiн ауырлатып отыр.
“Машқара болғанда, мына шұнақ құлмен... Қой, қой!” Құл демекшi, оны анада Ережеп ауылынан алып
қашқан соң, Елдестiң басы бәлеге қала жаздаған. Билер дауында Ережепке басыбайлы құлының күнын
төлеп, әзералдалап құтылған. Сол даудан қайтқанда, Мамырай үйiнде түстенiп отырып: “Балам, мына
құлыңның көзi жайнаңдап тұр екен. Абай бол, төбiнде жазым етiп жүрмесiн”, — деген-дi. “Өй, құлағы
кесiк шұнақ құлдан қорқып сүрген өмiр бар болсын”, — деп Елдес қолын бiр сiлтеген. Ендi сол есiне
түсiп, өзегiн от жалағандай, кiрбиiп отыр.
Ол күн ұясына қона, жылқы басына қайтып келдi. Қожақ бiр жыңғылдың түбiнде астына қақпа
шекпенiн төсеп, шалқалап жатыр екен. Ол мұны көрiп, орнынан түрегелдi де, манаураған жүзбен,
қолымен аузын қалқалап, ұзақ есiнедi.
Елдес оның түрiне мысқылдай қарап:
— Қалай, iшiң пысқан жоқ па? — дедi.
— Жоға, — деп Қожақ тағы да ұзақ есiнеп алды.
— Мә, шөлдеген шығарсың, қымыз iш. — Елдес атынан түскен соң, оған торсығынан қымыз
құйып бердi.
Қожақ қымызды қылқылдатып iшiп жатып, көз қиығын осы кезде салқынмен өре түрегелiп, жалпақ
жазықтың отын қуалай жайылып бара жатқан қалың жылқыға бiр-екi рет салып қойды.
Елдес iшiнен едәуiр көтерiлiп қалды. Сосын түнi бойы жалғыз қалатынын ойлап, мына жiгiттi
қасынан жiбергiсi келмедi:
— Ауылыңа қайтасың ба?
— Ендi не iстейiм?
— Барғанда... қапылып жатқан шаруаң көп пе?
— Ондай iждеме де жоқ.
— Әй, онда... менiмен бiрге жылқы күзетiс. Ертең-ақ қайтарсың.
— Жарайды, — деп Қожақ тез келiстi. Ондағысы осы әңгүдiктеу Елдестi айналдыра берсе, iшiне
енiп алғасын, көздеген мақсатын айтпақ. Өз есебi бойынша, батыл қимыл осы Елдестен шығады.
Мұның кiнәсiздiгiне көзi жетсе-ақ, оның ертең Сағынай ағасына барып, баланың бағын байлама,
қызыңды құтты жерiне қондыр деп айтуы күдiк емес. Бұған қарағанда, алды-артын өлшеп-пiшiп
отырған Жәнiбек солқылдақтау. Әрi медiреседе оқып, ұстаз алдын көрiп қалған ол жасы үлкен кiсiге
әрпi-тәрпi сөйлей бермейдi. Сызылып отырғаныңда тағы да араға бес-алты жыл түсiп кетедi. Осы
есеппен Қожақ қалайда Елдеске жұғыстық қылғанды жөн көрдi.
Кешкi тамақты iшiп болғасын, екеуi бытырай жайылған жылқыны жәйiмен қақпайлап, кiл отты,
ажырығы көп сайларға табан тептiре жайды. Түн ортасы болғанша жылқының алды-артына шығып,
шашырағанын жиып отырды. Аздан соң қараңғылық сәл-пәл сейiлiп, бес-алты жаңасы боп қалған
қылдырықтай ай созылмалы сырқаттан ендi тұрған қыз жүзiндей қуқыл тарта көрiндi. Керiлiп жатқан
жапан дүз шырылдаған шiлделiк әнiне толып кеттi. Жан-жақтан түрлi шөптiң, әбден пiскен боз
жусанның иiсi бұрқырай шығады. Елдес пен Қожақ түн қымтаған дала жұпарын кеуде кере жұтып,
аздап ұйқы қысып, бастары салбырап келе жатыр едi. Кенет алып жайынша арқалары тұтаса жайылып
келе жатқан қалың жылқының бiр шетi дүр ете түстi. Бұлар әуелгiде қасқыр тидi ме деп, шошып қалып
едi. Сүйткенше болмады, алдағы тар қылтадан сойылдарын зәрлене көтерiп алған он шақты салт атты
құйғытып шыға келдi. Дереу:
— Қайт! Қайт! — деп айғайлап, қалың жылқыны сойылдарымен сабап, қуалай жөнелдi.
Жылқышысы жоқ қой деп ойласа керек, олар еркiнсiп, самбырласа сөйлесiп, бұлардың тұсынан
көлденеңдеп өте бердi.
Демiн iшiне тартқан Елдес қайың сойылын ыңғайлай ұстап, топ жiгiтке қарсы қаймықпастан ақыра
ұмтылды. Жақындай бере қарсы шыққан бiр жiгiттiң сойылын сойылымен қағып кеп жiбердi. Әлгiнiң
сойылы дың етiп, жерге ұшып түстi. Елдес сол арада шалт қимылдап, қайырыла бере ат үстiндегi
жiгiттi тобығынан бiр қойды. Жiгiт:
— Ойбай! — дедi де, үзеңгiге табан тiрей алмай, бiр жағына қарай ауытқып бара жатты.
Ол екiншi жiгiттi де оп-оңай құлатып түсiрдi. Тек үшiншiсi ат үстiндегi талай шайқасты көрген
жырынды болса керек, ана екеуi құсап қақ маңдайдан қарсы шықпай, қаша ұрыс салды. Басқа