Стр. 120 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

119
жiгiттерiне жылқыны қуалатып қойып, өзi бұларды тосқауылға ап, үйiрге жолатпауға тырысты. Әрлi-
берлi шапқылап, бұларды жақын келтiрмей, жан таласа шайқасып жүр.
Елдестiң ашудан екi көзi қарауытып кеттi. Астындағы атын тебiнiп қап, өлгенiне қарамай, iлгерi
ұмтылды. Мұның жанын шүберекке түйгенiн сезгендей барымташы жiгiт бетпе-бет шайқастан тайқып
шыға бере, қайың сойылымен қара саннан соғып өттi. Сол екен, аяғы үйып, жаны кетiп қалғандай
болды. Елдес сол қолымен ердiң қасынан ұстап, әзер дегенде құламай қалды. Сосын жан дәрмен деп,
ананың екiншi рет қайырылып ұра берген сойылына сойылын тоса қойды. Зор қуатпен соғылған сойыл
дың ете түстi. Осы сәтте ананың ту сыртынан шыға келген Қожақ қатты ақырып, бiр қимыл жасап та
үлгерген едi. Барымташы жiгiт екпiнiн баса алмай, сойылын өзiне қарай қайта тартып үлгермедi.
Қожақ атының омырауымен көлденең тұрған атты қаға-маға, сойылын құлаштай сермеп кеп қалды.
Барымташы жiгiт басын бұғып, сол қолын сәл жоғары көтерiп, қорғанған болды. Қожақтың қыр
арқаны көздеп соққан сойылы тайып барып, әлгi жiгiттiң қара құсына барып тидi. Оның:
— Ойбай! — деген кiсi бойы түршiгерлiк жан дауысы шықты. Iзiнше ол талықсып кетсе керек, екi
қолы ербеңдеп, сойылын жерге түсiрiп жiберiп, ат бауырына қарай аударылып бара жатты.
Сол арада есiн жиып, ер үстiне нығыздалып отырып үлгерген Елдес ауып бара жатқан кiсiнi
сойылымен қақ бастан бiр қойды. Барымташы жерге дүрс етiп қап, бiр-екi аунап барып, тыпырлап
жатты да, кенет аяғын бiр-екi рет қатты серпiп, тым-тырыс қалды.
Елдес пен Қожақ оған назар аударып жатпады. Ендi олар қалған барымташылардың iздерiнен
қуалай жөнелдi. Екеуi екi жақтан қапталдай шауып, сақа айғырларды айқайлап үркiтiп, жылқыны быт-
шыт қылды. Есi шыққан үйiрлер бөлiне-бөлiне қашты. Не жылқыны қуарын, не жiгiттермен
шайқасарын бiлмей, барымташылардың әбден есi шықты. Елдес ендi ер әруағы ұстап, ұйлыға бастаған
барымташыларға ақырып, қатты ұмтылды. Сарт-сарт соғылған сойыл үнi түнгi ауаны
жаңғырықтырды. Мына жақтан Қожақ тайынбай ұрыс салды. Екеуiнiң өлгенiне қарамай ұрысқанынан
қаймыққан барымташылар қорғана жүрiп, шайқас болып жатқан жерден сытылып шыға бердi. Аздан
соң олар ат басын шығысқа қарай ұстап, қалың жылқыға қарамастан, бет-бетiне бытырай қашып бара
жатты.
Елдес оларды iндете қуғанды жөн көрмедi. Олар есiн жиям дегенше, тым-тырақай қашқан
үйiрлердiң басын қайта қосып, Қуаңның көне арнасына қарай қуалай жөнелдi. Аздан соң қалың
жылқыны тырқыратып кеп, кiсi көзi шала қоймас биiк жарқабақтың ығына әкеп иiрдi де, аттарының
айыл-тартпаларын тартып ап, ерге қайта қонып, ол арадан ұзап шыға бердi. Ондағы ойы — барым-
ташылар қайта шабар болса, iз адастырып, жылқыдан аулақ алып кету едi. Бiрақ қайта шапқан ешкiм
болмады. Қожақ екеуi ақырын аптықтарын басып, үнсiз сазарған қалпы сойылдарын алдарына кесе-
көлденең ұстап, бiраз төбенi шолып шықты. Селт еткен тiрi жан жоқ. Ешқандай ат дүбiрi де
естiлмейдi. Есi шыға қашқан барымташы-лар аттарының борбайларын созып, жiтi жүре отырып,
бiрнеше қырдан асып кеткен сықылды.
Олар аттарының бастарын бұрып, жаңағы шайқас болған жердi шолып келе жатыр едi. Кенет алдан
қарауытқан бiрдеменi көрiп, қос ат құлақтарын қайшылап, осқырынып, тұра-тұра қалысты. Елдес ат
тiзгiнiн тарта ұстап, ауыр денесiмен ер үстiнен созылып қарап едi, жерде жатқан кiсi тұлғасын көзi
шалды. Атынан тез түсiп, аяғын асығыс басып кеп, жансыз жатқан бағанағы барымташыны көрiп, қалт
тұра қалды. Өздерi еткен аусарлықтың арты неге соққаны санасына ендi ғана айқын жетiп, суық су
құйып жiбергендей тұла бойы түршiгiп, кейiн шегiне бердi...
13
Араға күн салмай жатып, Аспан елiне Бозғұл жұртының атақты биi Күртебай жанына ақсақал,
қарасақалдарын ертiп, топ боп келiп түстi. Бұл жолғы даудың бөлекше болатыны Бозғұл кiсiлерiнiң
түр-түсiнен-ақ белгiлi едi. Олар көп ырғаспай, сөздi шорт қайырды. Аспан мен Бозғұл елiнiң бас
қосқан осы мәжiлiсiне Әлiм биi келмей қалды. Шамасы, ол да аңыс аңдап, екi Шөмекейдiң ортасына
түсiп нем бар деген сықылды. Соны арқа тұтқан Бозғұлдар ешқандай да мәмiлеге көнбей, қанға — қан,
жанға — жан деп, тас табандап отырып алды. Олардың малға, құн алуға көнбейтiн түрi анық
байқалды. Ендi тығырыққа тiрелген Әйбек би ертеңгi бiр мәжiлiс үстiнде ұзын сақалын салалап
отырып, көзiн қысып, қатты толғанып:
— Апырмай, бiр Шөмекейден тараған төрт баланың екi кiшiсi едiк. Қанымыз да, жанымыз да бiр
ағайынды емес пе ек? Төскейден жау шықса, дабыралы дау шықса, қолтықтан демер, намыс жыртысар
қарындас емес пе ек? Ендiгi күнi бiр сотқарың жазым болды екен деп, елдiктен кетемiз бе? Түбiн
iзерттегенде, жайына жатқан елден жылқы қуып алам деген өз тентегiң кiнәлi ғой. Сондай шоқпар
жинайтын телi мен тентектiң ажалы да сол сойыл мен шоқпардан болмаушы ма едi? Бұ да соның бiрi
емес пе? Оу, ағайын, сөздi де, дауды да ушықтырмайық десеңдер, жiгiттiң құнын ал да, бiтiмге кел, —
деп, Күртебайға салмақ сала сөйледi.
Бозғұл биi Күртебай сабырлы, артық-ауыс сөзi жоқ, кең ойлы кiсi болатын. Осы жолы өз сүйегiнiң
намысын жырта келсе де, Әйбек бидей ағасының алдында әуелгiде бiрден суырыла қоймап едi. Түнде
қалған Бозғұлдар мұны әбден қайраса керек, осы жолы кәнiгi жүйрiктiгiне басып:
— Ағайын, бiз сiздерден құн алғалы келген жоқпыз, — дедi дауысын нықтай сөйлеп. Сосын өзiнен
төмендеу жерде қабағынан қар жауып отырған Тайпанға көз қиығын салып қойды. — Кеше шейiт
болғап арыстай азаматымыздың артында улап-шулап қатын, бала-шағасы қалды. Бiз оларға
азаматыңның төлеуi деп он шақты қара малды қалай жетелеп апарып беремiз? О да есе қайтқан, кек
қайтқан болып па? Оу, Аспан, ағайыншылықтан кетпейiк десек, бiздiң талабымыз бiреу ғана: басын
садақаға байлап, бiр кiсiңдi бересiң. Бiз соны өлтiрiп барып қана бiтiм табамыз. Болмаса тұрысатын
жерлерiңдi айтыңдар.