12
— Бiрақ бұл Әлiмнiң асы, — дедi теке көз жiгiт мысқылдай күлiп.
Дайрабай шатақ шығып кетер деп ойлап, екi қызылкөздiң арасына кеп қыстырылды:
— Балдар, құр таласып кәйтесiңдер? Кiмнiң бәйгi аларын ертең көмбеге жеткен ат көрсетпей ме?
Қойыңдар түге жоқтан өзгеге қызынбай! Астың берекесiн қашырмаңдар!
Сол арада Шәки кеп араға түстi. Олар екi жiгiттi ажыратып жiберiп, Дайрабай сыншыны бiрнеше
қоршалап, аулақ алып кетiстi.
Соған тақау жерде Нияз Қаракөгiн жабулап, шаң қаптырмай, аламан топырдан аулақ ұстап тұр едi.
Қиық мұртты, ақ құба оның жұқа бетiнде аздап абыржу бар. Өзi әдеттегi керiктiгiн ұмытып, атқа
шабатын балаға әлдененi қайталап айта бередi.
Дайрабай ойынды етi салбырап, қаба жалды берiкше селсоқ тұрған Қаракөкке сұқтана қарады.
Оның ояқ-бұяғына шығып, бар тұлғасын көзiмен өлшеп байқады. О жер, бұ жерiн ұстап көрiп,
таңдайын қақты:
— Қарағым, тiл-көзiм тасқа. Мына атың осы астың бас бәйгiсiн шаппай аламын деп тұр.
— Дәке, шынымен бе? — дедi бiр жiгiт оған сенбей қарап.— Жануардың тұрысы бәйгi атынан гөрi
қос дөңгелектi қоқанарбаға жегетiн түғырға келiңкiрейдi екен.
Қымызға қызып алған көлденең жұрт ду күлдi. Дайрабай жүзi күреңiтiп, әлгi жiгiтке жақтырмай,
қабағын шыта қарады:
— Неге? Мұндай ат шапқан кезде әруақ бiтiп, жайнап сала бередi.
— Дәке, қойыңызшы, осы сiз де бiр,— деп әлгi өзiмсiнген мыртық жiгiт қыжырта сөйледi. —
Мұның несi жүйрiк? Салбөксе, сиыр сүйек, бауыры өте жазық, қаншыр мойын, тұрқы ұзын. Осы да ат
па екен?
Дайрабай астам сөйлейтiн мыртық жiгiттi жақтырмай қалды:
— Сендер көздерiңмен көрiп, қолдарыңмен ұстағанның әр жағын ойлайсыңдар ма? — дедi ол
асықпай сөйлеп. — Мен бiлсем, мынау нағыз жүйрiк. Өздерiң қараңдаршы, ауыз омыртқасы
шығыңқы, бұлан мойын тәует бас, қамыс құлақ. Жаясы жазық, салпы ерiн, ойынды етi буылтық, бөп-
бөлек, сiңiрлi, жер соғарлы, құйрығы сұйық та, қою да емес. Жалы майда, аяғы тiк, бұты талтақ,
сауыры төңкерiлген қазандай, ұмасы үлпершектi, жауырыны жалпақ, жазық, талыс танау, қалбағайлы,
төсi салқы, быртық бақай. Бұл арғымақ та, қазанат та емес. Нағыз қарабайыр, асылдан туған будан.
Мұндай аттың күшi артында, белi мықты боп келедi. Тұрса селсоқ болғанымен, шапқанда тұяғына жел
бiтiп, алыс жолға арымайды. Көрдiндер ме, кеңiрдегi қандай, жас баланың жұдырығы сыйып
кеткендей. Тынысы өте кең. Айтпады демендер. Бұл ат мына аста қырып-жойып бәйгi алады.
— Өй, Дәке, бiлгiш-бiлгiш дегенге ауыз өзiмдiкi деп айта бересiз ғой. Болмаса мынадай жабы шаба
ала ма? Мынауың бiр көш жерден соң қолтығы ойылып, қара етi жыртылып қалатын нағыз ит
өндiршек тұғыр емес пе? — дедi бағанағы жiгiт қызарақтап.
Дайрабай жөн сөзге қонақ бермес көбiкауыздың берекесiздiгiн бiлгендей, қолын сiлтей сап, әрi
қарай бұрыла бердi.
* * *
Бұл кезде Нияз сыншының көзi тиедi деп Қаракөктi аулақ жетелей жөнелген едi. Дайрабайға
көрсетпей, артынан жерден үш рет топырақ ап, шашып-шашып жiбердi. Сосын Қаракөктiң кекiлiне
байлаған үкiсiн дұрыстап жатып, жан-жағына үш рет түкiрдi. Содан соң атқа шабатын балаға беретiн
соңғы тапсыр-масын тағы да пысықтады:
— Көмбеден шыққанда, тура жел жаққа қарай тарт. Атқа шаң қаптырып алма. Жануар шаң жұтса,
көпке дейiн өкпесi сырылдап, жөндеп шаба алмайды. Сосын алдыңа екi атты ұста да отыр. Қаракөк
үнемi тiзгiндi босат деп ызаланып бағады. Саған керегi де сол. Тiзгiндi босатпа. Бiр ауанмен тарт та
отыр. Тек ана бiр бұйратты боздан өтiсiмен тiзгiндi жiбер де, бiр рет қаттырақ тебiн. Қамшы салма.
Қалған жағын Қаракөктiң өзi алады.
Оның жанына немере ағасы, ұзын бойлы, бетi быдым-быдым Елдес келдi. Ол жайын аузын кере
түсiп:
— Немене бәйгi алам дейсiң бе? — дедi.
— Құдай бұйыртса, көремiз де.
— Мен бiлсем, сен осы бекәрга әуре боп жүрсiң. Мына тұғжымды қызылдап, рәһатын көр де,
түрiкпеннiң бiр ақалтекесiнен ат алсайшы.
— Ұрлап па? — Нияз жiңiшке қара қасы керiлiп, көзiн қыса күлдi.
Бұл әңгүдiктеу Елдестiң шамына тидi. Осыдан бiрер жыл бұрын Елдес қасына ақкөз жiгiттердi
ертiп, Үстiртке шығып, Маңғыстау бойын жайлаған қалың түрiкмен iшiндегi бiр теке-жәумiт байының
бiр үйiрдей жылқысын ұрлап қашқан-ды. Iзiне түскен жылқышыларды сойылмен сабап, бiр-екеуiн жер
қаптырған. Сол алас-қапаста жылқы бет-бетiне тырағайлай қашып, бұның әбден берекесiн алған.
Ақыры Елдес қу қанжыға бiр арғымақты ғана олжа ғып, елге арып-ашып шаққа дегенде жеткен. Бiрақ
арам мал оның бойына сiңбедi. Қаз мойын, түлкi төс, iшi қатқан жануар шөбi сортаң татыған Сыр
бойын жерсiнбедi. Жөндеп су да iшпедi. Дұрыстап оттай алмай, арқанда тұрып арыды. Ақыры күзгi
көшi-қон кезiнде арқанын үзiп, түрiкмен жұрты қайдасың деп, бiр-ақ тартқан-ды. Ендi кәзiр серi
iнiсiнiң соны меңзеп, өзiне нос көрсетiп тұрғанын байқап, Елдестiң ит-жыны тырысты.
— Бала, байқа, — дедi ол түксиiп. — Әлi-ақ түрiкпеннiң тұлпарын мен мiнiп, бұғауын сен киiп
жүресiң.
— О ненiң ақысы? — дедi Нияз таңданып.
— Ақысы? — Елдес мырс еттi. — Әй, әжуасың ғой. Болмаса солай дейсiң бе?
— Ендi не деу керек?