120
Дұрыс дегендей Тайпан қозғалақтап, басын изеп қойды. Бозғұл руының басқа кiсiлерi де:
— Сол дұрыс. Кек алмай бiтiсетiн жайымыз жоқ, — деп гу-гу етiстi.
Мамырай бәле басы болып отырған Дөсек Тайпанға көзiнiң астымен қарап қойды. Кешелерi
Малдыбай қызына алған қалың малын тугелiмен қайтарып берiп, сөзге ерме кiсiнiң қол-аяғын жiпсiз
байлап қойған-ды. Мысы құрыған Тайпан ендi мал шауып алмақ болған-ды. Ол алдын ала жансыз
жiберiп, Елдестiң жылқысының қай жерлерде жайылатынын бiлiп ап, жиырма шақты жiгiтке
жамағайын iнiсi Қойтанбайды бас қылып аттандырған-ды. Қас қылғанда жазым тиген таяқтан сол
Қойтанбай мерт боп отыр. Ендi Тайпанның неден болса да тайынбайтынын сезген Мамырай етек-
жеңiн жинап, қарулы жiгiттердi ауыл маңында топтап ұстап, сақадай сай етiп қойған едi. Соны бiлсе
керек, Тайпан тура ауыл шабудан бас тартып, алдымен аңыс аңдап, билерге жүгiнiп отыр.
Әйбек би мына әңгiменiң мүлдем ұшынып кетер жайын байқап, ендi кәйтемiз дегендей Мамырайға
бiр қарады да, дауысын созып:
— Ау, ағайын, — дедi. — Сендер алдарыңа сүбелi би салып келгенде, мәмiле табам деген
жоқпысыңдар? Жау болсаңдар, осыншама тәжiкелесiп нелерiң бар, көп ырғаспай, шауып алмайсыңдар
ма? Сонда кiм жеңiп, кiм жеңiледi? Бiр тентек мерт болды деп, қалғанымыз түгел қырыламыз ба? Ау,
мұның түбiн iзерттесек, кiнә Бозғұл ағайын, сендерде. Қарап жатқан жылқыға жау боп тиген өздерiң
айыптысыңдар. Аспанға айтар өкпе-наздарың болса, ағайын ретiнде қонып, түстене жатып неге
айтпадыңдар?
Күртебай би Әйбек бидiң осылай дерiн алдын ала бiлiп келген сықылды. Тiпте саспастан, басын
көтерiп алып:
— Уа, ағайын, — деп саңқ ете түстi. — Бiздер жасы кiшiлiгiмiз ұстап, аға алдынан әлге дейiн кесе
өтiп көрген жоқпыз. Керек болса мына Тайпан алайын деп отырған жесiрiн де сендерге қиып бердi
емес пе? Бар гәп соның малында боп отыр. Ау, Аспан ағайын, сендер сол малды құдаларың
Малдыбайдың арқасына таңа сап, екi арада шығыннан құтылып, екi жеп биге шығып отсыңдар. Ал,
шындығына келгенде, Малдыбай бiзге малымыздың тек таза басын ғана қайтарды. Ал, оның пәленбай
жылқы өсiмi қайда? Мiне, бiздiң барымташы шығарғанда iздегенiмiз сол едi, — деп Күртебай арындап
барып бiр дем алды. — Ендi соның соңы ұшынып, кiсi өлiмiне соғып отыр. Арыстай азаматымыздың
отбасы қара жамылып қалды. Бiз ендi өлiспей берiспеймiз. Бiтiм тек қана жаңағы. Басқа мәмiленi
қабыл алмаймыз, — дедi де, ол орнынан тұрып жүре бердi. Бозғұлдардың басқа кiсiлерi де
шекпендерiнiң етектерiн қағынып, орындарынан атып-атып тұра кеп, соның соңынан шұбалып шыға
бастады.
Үй iшi самсоз болды да қалды. Бiр жаманшылықтың боларын анық сезген кiсiлер көздерiмен жер
шұқылап, жақ ашпай, ұзақ отырып қалысты. Әлден уақыттан соң барып Әйбек би еңсесiне түсiп
кеткен басын жоғары кiлт көтерiп ап:
— Ау, ағайын, ендi не iстеймiз? Мына Бозғұлдардың бiтiспес түрiн көрiп отсыңдар. Бiз де
көнбесек, ел iшiне әрекет кiредi, арты қантөгiс болады. Бұл бiр қиын нәубет қой, — деп дауысын соза
түсiп, Мамырайға тесiле қарады. Кәрi көздерiнде әлдеқандай суық ұшқын лып-лып етiп барып, бiрте-
бiрте сөне бастады. — Айналып келгенде, қолы қанды өзiмiз. Сол шайқаста ұрыспай-ақ, малдың қалай
қарай кеткенiн бiлiп алғанда, арты бұлай болмас едi. Ендi амал жоқ, қалау бiздiкi. Ау, ағайын, мына
қартыңның ақыл таппай қиналған жерi бұл. Кеңес айтыңдар, нағыламыз?
Жұрттың бәрi үн-түнсiз. Бозғұлдардың талабымен келiсуге ешқайсысының батылы жетпей,
қандарын сұрлана iштерiне тартып ап, тұғжиып отыр. Осы ауыр тиыштықты Мамырай бұзды. Ол
тамағын кенеп ап:
— Ағайын, — дедi, — азамат басына мынадай қысылтаяң күн туғанда елдiк танытып, күш
бiрiктiргендерiңе дән ырзамын. Осы жақсылықтарың алдарыңнан шықсын, — деп ауыр күрсiнiп алды.
— Бүгiнгi күнi Бозғұлдар елдiктен кетем десе, оны өздерi бiледi. Менiң қара ақылыма салсаңдар, бiр
кiсi үшiн ел iшiн бүлдiрмейiк. Мың кiсi өлгенше, бiр кiсiнiң өлгенi жөн. Бiз оларға азаматыңның күнын
дауласаң, Елдеске бар, ауылы пәлен жерде, әлiң жетсе, шауып ал, дейiк. Оны қолдан ұстап берiп, ел
алдында қара бет болғанша, осы дұрыс. Қалған кердi көрiп аламыз.
Жұрт мына ақылды жөн көрiп, еңселерiн тiктеп алысты. Олар Мамырайдың мұны әлдеқандай бiр
терең оймен айтып отырғанын түсiнген де едi. Шындығында да, кеше түнi Мамырай Елдес ауылын
басқа жерге көшiртiп, өзiне әр нәрсеге дайын отыр деді. Оған Бозғұлдар шабатын болса, Дадабекке
барып, қамалына кiрiп ал деп, қатты тапсырып қойған-ды. Әйбек би де мына ақылды мақұл көрдi. Әрi
ол осы арада Күртебайды ұстар бiр iлгiштiң барлығын аңдап қалған да едi.
Сол күнi Бозғұлдар жағынан ешкiм бұлар жаққа аттап аяқ баспай қойды. Аспандар да оларға
жалпаңдап бара қоймады. Мамырай жеке тiгiлген отауына кеп, Жәнiбек, Қожақ, Қасқырбай,
Қалдыбайларға жаңағы түйiндi сөздi жеткiздi. Олар мұны күптап, аздап дәтке қуат қылғандай болды.
Сол үстiне қақырынып-түкiрiнiп Құлқа батыр кiрiп келдi. Ол кешелерi Қармақшының терiскейiндегi
Сарығасқаларға бiр шаруамен барып қайтқан едi. Мына жақтағы у-шуды со жақта жүрiп есiттi.
Құлағына суық хабар шалынған бойда, түн iшiнде атқа қонып, берi қарай суыт тартып берген. Содан
тiзе бүкпестен жеткен түрi осы. Өзi әбден шөлдеген екен, салқын қымыздың үш-төрт тостағанын
басына бiр-ақ көтерiп тастап, добалдай қолымен мұртына жұққан ағарғанды сүрте отырып:
— Ау, Мәке, ауыздарыңнан сөз, ауылдарыңнан ат кетпейтiн болған ба қалай, — деп Мамырайға
қарады.
Ызалы Мамырай жарылып кете жаздап отыр едi. Қатты мойып:
— Әй, Құлеке, баласы жаман болса, әкесiн түйе үстiнен ит қабады деген ып-ырыс екен.
Бұрынғылар бiлмесе айтпайды ғой. Сондай бiр кердiң келiп тұрған жерi осы, — дедi.
— Сонда, немене, қан төгiсейiк дей ме?
— Иә, — деп Мамырай даудың жай-жапсарын оған түгел айтып шықты.