121
— Е, солай де, — дедi Құлқа батыр дауысын созып, — сонда деймiн-ау, Елдес елден қашып
шығып, қай жерге барып күн көредi? Барған жұрты оны жатырқамай қабыл ала қойса жақсы, ал
мүйiздеп жүрсе, не болмақ? Жалпы ер жiгiттiң үйтiп қатынша қашып-пысқанының несi әбiрей? — Ол
осы арада кiдiрiп, басына тосыннан шапқан бiр ойдың оң-терiсiн салмақтап көрдi. “Шынында да,
сүйтсем кәйтедi? Ендi құнан қойдың жасындай жасым қалғанда, аянатын нем бар? Одан да
құдалардың оң қабағын алып, кейiн баламның арқа сүйер тауын мықтап кетпеймiн бе?» — деп
толғанып, аз-кем отырып қалды.
— О да дұрыс қой. Бiрақ Елдестiң бала-шағасы бар емес пе? Азаматы кеткесiн, оның от басына кiм
еге болады? Кiсiнi со да қинайды.
— Әрине, әрине, — дедi Құлқа. “Не iстесем екен? Қой, үйткенiм ыңғайсыз шығар”.
— Одан да дұрысы осы. Өзi сатып алған дау ғой. Ендi қалған зобалаңын жеке көрсiн.
Осы арада Құлқа батыр өзiне не болғанын бiлмей де қалды. Тамағын қатты кенеп, мойып отырған
Мамырайды тiзесiнен басып:
— Құда, — дедi, — осы бiздер ғой асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Бiзге ендi жетпiс
жыл жасау жоқ. Әйтеуiр, түбiнде бiр келетiн нәсте ғой. Әгәр кисаң, осы дауыңды маған бер. Жас
балдарды жаңғыз оққа байлағанша, не пәленi көрген мына мен-ақ майданға шығайын. Тек астыма
Нияздың Қаракөгiн бер. Өлсем, сұрауым жоқ.
Мамырай шошынып, оның жүзiне бақырая қарап:
— Құда-ау, бұ қалай болады? Ойбай-ау, бұ деген, — деп, кәпелiмде аузына сөз түспей де қалды.
— Iждеме етпес. Менi не көрмеген қақсал дейсiң. Сүйтейiк, — деп ендi Құлқа айтқанынан қайтпас
рай көрсетiп, тостағанын саба жаққа қарай ұсына бердi.
Мамырай мына морт мiнездi батырға ырза бола қарады. Табан астында аузына жөндi сөз де түсе
қоймады. Ол алпамсадай шалдың осындай қысылтаяң кезде ер мiнезi ұстап кететiнiн бұрында да
бiлетiн. Ұмытпаса, осыдан көп бұрын, қоян жылының шамасы-ау, күз айында Кұл бойында болған бiр
ұлы жиында Құлқа батыр Төртқараның бiр жiгiтiмен бәстескен едi. Анау да барып тұрған даукес екен,
екi көзi қызарып, өңештеп: “Бiр шелек жылқының майын iше алмайсың. Үйтiп жылмайыңды ағызып,
мына тойдың сәнiн кетiресiң”, — деп қоймады. Ызаланған Құлқа: “Iшем”, — дедi. “Онда бар ғой,
мына астымдағы атымды мiн де кете бер. Қолыңды қақпайым”, — деп анау ерегiсе түстi. Қүлқа да
айтқанынан қайтпады. Сүйтiп, сол арада бәс тiгiлдi. Жиналған жұртқа қызық керек. Барлығы жан-
жақтан анталап, алқалап отырып алған. Аздан кейiн қатындар жылкының майын бiр шелекке
меймiлдете құйып әкеп, Құлқаның алдына қойды. Қүлқа аузын жыбырлатып, бiлген бiр дұғасын
оқыды да: “Бiссiмiллә”, — деп, шелектi кос қолымен көтерiп алды. Сосын бас алмастан қылқылдатып
iше бастады. Ол үш рет дем алып барып, майды түгел iшiп қойды. Жұрт гу ете түстi. Құлқа
ыржақайларға қарамастан, шекпенiн киiп, сыртқа шығып жүре бердi. Ол ауылдың қыр арқасындағы
қоңыр бұйратта жайылып жүрген тұсаулы атына кеп, тоқымын алып, ерiн жастанып, ашық далада
жата кеттi. Жатқанда да анасынан жаңа туғандай тыр жалаңаштанып қисайды. Түнiмен iштен тепкен
зор қуат сүмбiленiң дене тiтiркентер салқынын шыбын шаққан құрлым көргiзбептi. Ол елең-алаңда
тұрып қараса, жылқы майы қарынының сыртына екi елiдей боп шығып, тоңазып тұрып қалған екен.
Соны алақанының қырымен қырып-қырып жiберiп, көйлек, дамбалын, шекпенiн киiп, орнынан тұрып
жүре бердi. Сүйтiп оның Төртқараның бiр жiгiтiн жаяу қалдырған жайы бар едi. Ендi мiне кәрiлiкке
бел алдыра бастаған шағында да бiр ерлiкке бел буып отыр.
Мамырай сол арада ақылға кеп, ертең өз құдасып оққа байлап бердi деген жаман атқа қалмау
жағын ойлап:
— Құлеке, ояғын өзiңiз бiлесiз. Бұл арада мен не дей қояйын? Ол ойыңызды әуелi Әйбек биге
айтқаныңыз дұрыс шығар, — дей бергенде, кенет сырттан:
— Ойбай, өлдi, құрыды! — деген жаман бiр дауыс шықты.
Үрпиiсiп отырған жұрт сыртқа атып-атып шықты. Бiр жаман қатын шабалаңдап, қолындағы
иiнағашы қақайып, құдық жаққа қарай жортып барады. Қасқырбай оның iзiнен тұра қуды. Барып мән-
жайды бiлiп келдi:
— Бозғұлдардың бiр түйесi су iшем деп, құдыққа түсiп кетiп, кептелiп қапты. Он шақты кiсi
жабылып, соны шығара алмай атыр.
— Е, сол ма едi?
— Рас па? — дедi Құлқа әлденеге елең етiп.
— Рас, рас.
— Жүр, көрсетшi өзiн, — деп Құлқа батыр қасына Қасқырбайды ертiп, солай қарай жүрдi.
Мәсiшең қалпы құдық басына келдi. Iрi сирақты, басқа малдан сөгерлiгi артық түйе қаталап, құдыққа
еңкейе бергенiнде, қатын сексеуiлден жасалған шеген зор салмаққа шыдамай, iшiне қарай опырылып
кетiптi. Түйе басын астына ала құлапты. Баладай өркешi мен артқы сауыры ғана сыртта дүңкиiп
көрiнiп тұр.
Түйе иесi анада Бұхарадан Құлқамен бiр қайтқан Бозғұл екен. Мұны көрiп, ол анадайдан дедектеп
кеп, қос қолын ұсынып, жалпылдап жатыр. Түйесiне жаутаң-жаутаң қарап:
— Шиеттей бала-шағамды асырап отырған жаңғыз сауын iнгенiм едi, — дей бередi. Өзi жылап
жiберуге шақ тұр.
— Түйең жалғыз болса, дау-дамайға араласып нең бар едi? — деп, Құлқа оны жолынан ысырып
тастады да, тыртаңдап жатқан жiгiттердiң жандарына келдi. Түйенiң алды-артына көз тастап, ұтырлы
тұсын байқап: — Балдар, кәне, арқанды берi әкелiңдер, — дедi.
Әлi келмей, азғантай әбiрейiнен айрылғалы тұрған Бозғұл жiгiттерi бұған одырайыса қарасып,
кейбiреуi мысқылдай күлiп, қарық қылатын болсаң, ала ғой дегендей, арқанды мұның қолына ұстата
салды. Сосын өздерi арсыз күлкiге басып, кейiн шегiнiсiп тұрысты.