122
Құлқа шекпенiн екi бүктеп, иығына салды. Сосын құдықта жатқан түйенiң төсi мен шабынан екi
арқанның ұшын өткiзiп ап, бiрiн оң қарына, екiншiсiн мойнына қиялай асты да, сәл шегiнiп, арқанды
кере тартып көрдi. Сол арада қазақы бөз көйлектiң керi түрiлген кең жеңiнен қарт батырдың жуан
бiлегi, әлемет күш тереңiнде тұнып жатқан бiлем-бiлем бұлшық еттерi ап-анық көрiндi. Құлқа күйған
темiрдей боп тұрып, мойнын сәл iшiне тарта, екi қолымен арқанды мықтап ұстап, кенет қатты ақыра:
— Әуп! — деп қалды. Зор қайратқа шыдамаған қыл арқан тырсылдай керiлiп, кептелген түйе бiр
сiлкiнгенде жан бiткендей қозғалып қап, берi ысырыла түстi. Бақырып, астына қайырылған басын
жоғары көтерiп те алды. Құлқа қос табанымен жер тiреп тұрып, тағы да қаттырақ:
— Әуп! — деп тартып кеп қалды. Түйе құдықтың ернеуiне жақын келдi. Бiрақ сол арада мәсiшең
бұдырсыз табаны шеге топыраққа сырғанап кетiп, түйе ауыр салмағымен қайтадан құдыққа түсе бердi.
Сол арада Қасқырбай, Қожақ, Қалдыбайлар көмектесуге жүгiрiп келiп те қалған едi. Олар қыл арқанға
жармаса бергенде, екi көзi қанталап, шапыраштанып кеткен Құлқа қатты ақырып:
— Кетiңдер! — дедi.
Олар амалсыз кейiн шегiне бердi.
Құлқа табанымен сызды жердi осып барып, шаққа дегенде түйенi шегеннен әрi асырмай ұстап
қалды. Табанын нықтап тiреп, оң қолымен төс арқаннан шап берiп, қысқарта ұстап, кеуде кере бiр дем
алды. Iзiнше бұл баяғы жас шағындағы қайратты кезiне басып, қатты ақырып:
— Әуп! — деп қалды. Орасан қайратқа шыдамаған түйе таудай боп теңкиiп, құдықтың сыртына
бiр-ақ шықты. Сол мезетте Құлқаның бiлем-бiлем балтырының қатты тепсiнгенiне шыдамаған көк
сауыр бiтеубас мәсiсiнiң қонышындағы тiгiсi қақырап кеттi.
Ел уһ деп демiн бiр-ақ алды. Мосқал Бозғұл кiсiсi жүгiрiп кеп, мұның қолына жармасып, жылап
жiбердi. Өзi былдырлап:
— Қайратыңнан садаға кетейiн, батырым. Ақыңа лақты ешкiмдi ал,— дей бередi.
Құлқа оның қолын керi итерiп:
— Сол ешкiңдi ертең азама әкеп сойсаң, ырзамын, — дедi де, арқанды лақтырып жiберiп, қараүйге
қарай кете барды.
Бозғұл кiсiсi ештеңеге түсiнбей, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, екi иығын қиқаң еткiзiп қала
бердi.
Ертеңiне екi жақ келiсiмге келдi. Күн арқан бойы көтерiле бере арасын жиi қып тоқыған сауытын
үстiне киiп, бес қаруын асынып, Құлқа Қаракөкке мiндi. Мейiздей қатып, әбден бабына кеп жараған
бәйгi атты ойнақтатып, дулығасы күн сәулесiне жарқырап, ақ найзасын бiлей ұстап, төбе басына
шауып шықты. Сосын найзасын жерге шаншып, жан-жағына айбат шеге қарап, жеке-дара тұрды. Шарт
бойынша сол төбенi Бозғұлдар коршап тұруға тиiс. Олар айқас үстiнде Құлқаны өлтiрсе де, өздерi өлсе
де, ешқандай сұрауы жоқ деп келiскен едi. Бозғұлдардың бiр-екi әулекi жiгiтi:
— Өй, сауыт кимек түгел, мауыты қисе де, көрiп алдық, — деп аттарына қамшы басып,
сойылдарын дайын ұстап, төбе басына қарай салды.
Кешегi Бозғұл кiсiсi әлден-ақ қауiп илеп:
— Қап, құритын болдық-ау! Сендерге қоя қой демеп пе едiм, — деп, әркiмге бiр жүгiрiп жүр.
Екi-үш жiгiттiң жанына тақап қалғанын көрген Құлқа Қаракөктiң басын шұғыл бұрып ап, оларға
қарсы ақыра ұмтылды. Ұзын найзаны аналардан бұрынырақ сiлтеп, алғашқысын ер үстiнен жұлып
түсiрдi. Шаңға топ ете қалған оның аты екi көзi аларып, құлындағы дауысы құраққа шығып, бет
алдына қашып бердi. Құлқа оған қайрылып жатқан жоқ, осы кезде сойылмен қалқанын даңғыр еткiзiп
ұрған екiншi жiгiттi найзамен аш бүйiрден түйреп, әрi аунатып жiбердi. Қаны көйлегiнiң сыртына
жылымшылап шыққан бүйiрiн қолымен баса ұстап, содыр жiгiт ойбайлап, ұшып түстi. Үшiншiсi ендi
қарсы келуге батпай, атының басын тез бұрып ап, өз тобына қарай қаша берген едi. Құлқа ұран астап,
қынабынан исфаһани қайқы қылышын суырып алып, оған қарай тұра ұмтылды. Бұ жолы ол әлгi жiгiттi
оң жағына ап, кәнiгi бiр машығымен оң иықтан солға қарай қиялай тарта шабатын ыңғайына қарай
икемдей берiп едi, қорқақ неме қатты бақырып жiберiп, атынан ұшып түстi. Дәл осы кезде Құлқаның
шапқан қылышы аттың сол құлағына барып тидi. Алмас қылыш сыр етiп, аттың сол құлағын кесiп
түстi. Ат шыңғырып жiберiп, алдыңғы екi аяғын жоғары көтерiп, шапшып барып, шалқ ортасынан
құлады. Аттың егесi оның астында қалды. Ұрыс әруағы ұстап кеткен Құлқа Қаракөктi әрлi-берлi
ойқастатып:
— Кәне, қайсың барсың? Жекпе жек! Жекпе жек! — деп саңқ-саңқ еттi.
Бозғұлдардың арасынан ендi ешкiм батып, майданға шыға қоймады. Ақыры олар өзара ақылдасып,
райларынан қайтып, күн алуға келiстi. Күртебай би, Тайпан және де басқа бес-алты кiсi Әйбек бидiң
үстiне саудырап кiрiп келдi. Тiзе бүккесiн, Бозғұл биi Күртебай өз тоқтамын айтты. Сол мезет Әйбек
би қатты ақырып:
— Кеше кек алам деп, өжеттеп болмап едiңдер. Ендi күштен қорқып, момақанси қалыпсыңдар.
Сонда ақылдан қара күштiң артық болғаны ма? Менiң осы кезге дейiн билiктi екi айтып көрген кезiм
болған емес. Шартыңа көнiп, ортамнан садағаға байлап, кiсi шығардым. Оны өлтiре алмасаңдар,
өздерiң кiнәлiсiңдер. Ендi сен қорықты екен деп, күн беретiн жайым жоқ. Дау осымен бiттi,— деп ол
қолын сермедi.
Бозғұлдар жұмған ауыздарын аша алмады. Тек ертесiне Мамырай азаматтың артында қалғам бала-
шағасына табыс ет деп, бiр үйiрдей жылқыны Тайпанның жiгiттерiнiң алдына салып берiп, ағайын
iшiнде берiш боп қатқалы тұрған шемендi ақылмен ерiтiп жiбердi.
14