123
Шәки соңғы күндерi шаршайтынды шығарды. Бiр сәт әлдеқандай шаруа бабымен алыс жолдан ат
үстiнде қалғып-мүлгiп келе жатып, түтiнi көңiрсiген өз отбасында дем алып жатқанды қатты аңсап
кетедi. Бiрақ Ережеп туысының бұған әзiр тiзе бүктiрер түрi жоқ. Кеше оны дауласып жатқан ауылға
елеусiздеу барып, не болып, не қойғанын өз көзiңмен көрiп қайт деген. Шәки жоқ қарағанды
сылтауратып, сол ауылға соғып, Аспан, Бозғұлдың дауын түгел естiдi. Соны бүгiн келген бойда бiрiн
қалдырмай, Ережепке айтып бердi.
Атылас көрпенi устiнен ысырып тастап, басы қазандай боп, Ережеп ұйқысын жөндеп аша алмай,
манаурап әлi отыр. Ол әдемi қара көзiн сығырайтып:
— Солай де, — дедi.
— Иә, — дедi Шәки аз-кем батылданып. — Құлқа батыр төбе басына найзасын шаншып тұрғанда,
Бозғұлдардың иманы ұшып-ақ кеттi.
— Апырмай, ә? — дедi Ережеп не таңданғаны, не кекеткенi белгiсiз дауыспен.
— Бәрi рас, — дедi Шәки әңгiмеге елiге түсiп. Ол абайсызда өзiнiң Құлқа батырдың қайратына
сүйсiнгенiн жасыра да алмай қалды. — Соның алдында ғана ол құдықтан бiр iнгендi суырып алған
едi...
— Қойшы?! Иә, ол шал сүйтедi. — Ережеп ыржиып, бұның қуқыл тартқан жүзiне барлай қарады.
Шәки тiлiн тiстей қойды. Мырзаның кеше өзiн жауыққан ауылына әлдеқандай ниетпен тыңшы ғып
жiбергенi есiне түскенде, мүлдем абдырап, етiгiнiң конышын алақанымен бiр-екi рет сипалады.
Ережеп жүзiндегi күлкi табын тез сөндiрiп, қабағына кiрбiң шауып:
— Мына Бозғұлдар да алжиын деген екен. Олар жетпiстен асып, қаусаған шал не қиратады деп
қорыққан? Азар болса, олардың бiр-екеуiн өлтiрер. Оның есесiне... олар, — деп, шытына қап, сөзiнiң
аяғын жұтып тоқтады. Азырақ ойланып отырып, кенет бұған жымия қарады: — Қалай, келiн сағынып
қалған жоқ па?
— Ол... ендi, — деп Шәки қысылып сала бердi.
— Ә, бәлем, ойыңның дәл үстiнен түстiм бе? Жас кезде бәрiмiз де сүйткенбiз. Оның несi айып?
Кәзiр үйiңе бар да, келiндi қуант. Сосын түстен кейiн Мiрәлiге бар.
Шәки мырзаға қарсы бiрдеңе дей алмады. Бүгiн iшiнен дұрыстап демалармын деген едi. Ендi сол
ниетiнiң жүзеге аспайтынын бiлiп, аяғын ауыр алып, үйiне келдi. Шешесi мен Дархан төсектерiнен
әлдеқашан тұрып кеткен екен. Бұл жуынып, төрге шығам дегенше, кедей үйдiң азанғы шәйы да дайын
болды. Шәки бұқары кесенi қолына ұстап отырып, кенет өзiнiң қатты шаршағанын сездi. Басы iшiне
бiреу балқытып қорғасын күйғандай ауырлап, өңiрiне қарай ерiксiз иiлiп кете бередi. Кiрпiгi де
желiмделiп қалғандай өз өзiнен iлiнiсе қалған.
— Саған бiр тыным болмады ғой. Ұйықтап алсайшы, — дедi шешесi бұған аяй қарап.
Шәки Дархан салған төсекке қисая бере, келiншегiнiң жүзiне бiлдiрмей көз тастады. Қайратты
келiншек соңғы кездерi қуаты бойына теуiп, толыса түсiп, ажарлана бастаған екен. Жүрiс-тұрысы
бұрынғыдан гөрi ауырлай түскендей. Сол арада Шәки Дарханның бiр бүйiрiнiң үрген торсықша бұлтия
бастағанып байқап қалды. Лып ете түскен қуаныш оның өн бойын ысытып жiбергендей болды. Iзiнше
оның кеуiлi әлденеге өрекпiп сала бердi.
Сиыр сәскеге таман күн жанып кеттi. Қараша үйдiң жыртығынан iшке құйыла түскен жарық
киiздiң күйген исiн шығарып, iргеден соғып тұрған азғантай лептi ысытып жiбердi. Шәки дүз киiмiн
шешiп тастап, борша-борша боп отырып ет жедi. Соңынан жас сорпа iштi. Сосын шәйдан бiр-екi кесе
iшiп, ас қайырып, жол жүруге қамдана бастады.
Төменгi жақта шәй құйып отырған Дархан қабағын шытып:
— Тағы да шаруа ма? — дедi.
— Солай боп тұр, — дедi Шәки қипақтап.
— Соңғы кездерi... ат белiнен түспейтiн боп кеттiң ғой. Қатын, бала-шағаңның барлығын да
ұмытпағайсың.
— Ендi... шаруа шығып тұрғасын, — деп Шәки күмiлжи жауап берiп, белiн буынып, керегеде iлулi
тұрған қамшысын қолына алды.
— Шаруа деп жүрiп, шаруаң бiтiп қалмасын.
— Не, не?
— Абайла дейiм, — дедi Дархан сабырын шашпай сөйлеп.
— Е, неден?
— Неденi бар ма? Кәзiр бәле деген аяқ астында емес пе? Ондай iс басына түссе, сенiң сойылыңды
соғар кiм бар?
Шәки келiншегiне аңтарыла қарады. “Ережеп ше? Мен үнемi соның шаруасын күйттеп жүрген
жоқпын ба?”
Дархан қайтадан сөйледi:
— Қайнағаның айтағына ерем деп, ертең күлкiңдi тыя алмай жүрме.
Шәкидiң еркектiк намысы ұстап кеттi. Әсiресе, шешесiнiң көзiнше келiншегiнiң өзiне қарсы тiл
қатқаны жанына қатты батып:
— Әй, онда сенiң жұмысың қанша? Не iстеп, не қоятынымды мен сенен сұрамайым, — дедi ол
даусын көтерiп.
Сол арада сабырлы Дархан табан аузында бұрқан-талқан боп, ыссы су толы бұқары құманды
сыртқа ала жөнелдi.
Жаман сықырлауық есiктi серпе ашты.
Бұл Шәкидiң жынына тидi. Аяқ астында ештеңенiң байыбына бармастан, қатты ашуланып,
табалдырықтан ендi аттай берген Дарханның ұзын бұрымына жармасып, әлемет бiр қуатпен оны
тартып қап, жерге жалп еткiзiп, қолындағы бұзау тiс дойыр қамшысымен қыр арқадан бiр салды.