124
Дархан оң қолын жоғары көтерiп, қорғана берем дегенде, құманның қақпағы ашылып кетiп, ыссы су
лақ етiп санына құйылды. Келiншек баж ете қалды. Сол арада шешесi ойбайын сала жүгiрiп кеп:
— Өй, жетесiз! Қолың сынғыр! Жазығы жоқ келiнiме қол жұмсап, отбасының берекесiн алғаның
не? — деп Шәкидiң қолына жармасты.
Шәки қалт тұра қалды. Әбес жасағанын жаңа сезiп, Дарханның көзiнен ыршып-ыршып шыға
келген мөлдiр жасты ендi көрiп, қатты ыңғайсызданды. Сонда да еркек намысын аяққа таптатқысы
келмей, сыртқа тез шығып, белдеудегi атына ер салды. Тартпаларын тез-тез тартып, үстiне қарғып
мiндi. Сосын қатты тебiнiп қап, Мiрәлiнiң ауылы қайдасың деп тартып бердi.
Тамыз айының соңғы ыстығы жанып тұр. Кеше ғана мамыр айында көккiмбек боп жатқан жапан
дала кәзiр сарғая бастаған. Жантақ, еркектер пiсiп қапты. Ол бiр төбеден асып түскенде, алдынан
теңiзше толқып жатқан қалың құланқұйрық ұшырасты. Барлығының сұйық шашақтары иiлiп, күн
сәулесiне шағылысып, аз ғана лептiң өзiнен судыр-судыр етедi. Ақ шашақтар бiр-бiрiне тұтаса шалқып
кеткенде, дауыл күнгi дария бетiнше құбыла көрiнедi. Шәки соны қақ жара жүрiп келедi. Кенет оның
көзiне мына қалың құланқұйрық дария сықылды боп көрiнiп кеттi. Ойына әлденеге: “Келмейдi
Сырдың суы сирағымнан”, — деген өлеңнiң бас жағы түстi. Сосын қалт тоқтай қалды. “Шынында да,
солай ма? — дедi өзiне-өзi. — Мырзаға арқа тiремесем, тiрiде осылай шапқылап, ат белiнде жүре алам
ба? Бәрi де Ережептiң арқасы емес пе? Ал, егер ол... күнi ертең бұдан жерiп шыға келсе... Иә, сонда
қалай күн көрем? Мына құланқұйрықтар құсап, соққан желдiң ығын алып, тiршiлiк етем бе? Әлде,
әлде...”— Шәки әлденеге кеуiлi қобалжып, ықылассыз, iлби жүрiп отырып, солбырайған қалпы
Мiрәлiнiң қараүйiнiң жанына кеп, ат басын iрiктi.
Мiрәлi ауылы бұрынғы жердiң оты таусылғасын, әлi жас көгiн мал тұяғы таптай қоймаған жаңа
жұртқа аударылып қонған екен. Жиырма шақты ақ үзiктi үй алқа қотан болып тiгiлiптi. Жан-жақтан
жас шөптiң, көлтабанның иiсi араласа шығады. Майда дымқыл леп бетке жайлы тиедi. Шәки атын
белдеуге байлап, ендi қозғала бергенде, басына киген күндыз бөркiнiң үкiсi шайқалақтай, шашына
бiрге өрген шолпысы сылдырлап, Зағипа ақ отаудан шыға келдi. Оның талдырмаш белiн қынай барып
төмен қарай түскен ақ жiбек көйлегi бар денесiне құйып қойғандай екен. Өзi қара торының әдемiсi.
Аздап шешесiне тартып, ақ жарқын боп өскен. Қыз қара көзiн бiр жарқ еткiзе қарап, мұнымен сыпайы
сәлемдестi.
Шәки Зағипаның бұлайша қыз салтанатын құрып, сәуiрдегi қызғалдақша бүр ашқанынан хабарсыз-
тын. Әсiресе, зерлi масаты көкiрекшенi кере тепкен қос омырауына көзi түсiп кеткенде, бұл не iстерiн
бiлмедi.
Зағипа жiгiттiң кеуiлiне шайтан кiргiзгенiне ырза болғандай, күле қарап:
— Сен немене келiншек алам деп, сәлемдесуден де қалғансың ба? — дедi.
— Неге, — дедi Шәки апалақтап. — Жәй, әшейiн.
— Е, солай де. Дегенмен байқа, — дедi де, Зағипа сыңқылдай күлiп, жүре бердi.
Шәки үйге кiрiп, Мiрәлiмен сәлемдестi. Мұны көрген бойда Мiрәлi әлденеге түнерiп:
— Мына... Дадабек иттiң тойымы жоқ екен. Кеше соның айтқанын қылам деп, Сәндiбектiң аулын
шауып, ағайынның өкпесiне қалып ем, ендi кеп, ол... — деп ол сөзiнiң аяғын жұтып, күмiлжiп,
мiңгiрледеi.
— Не ол сонда?
— Ойбай, оның iж айтары жоқ, — деп, Мiрәлi қолын түңiле сермедi.
— Сонда не қылмадың дейдi? — Ойында дәнеме жоқ Шәки оған күле қарады. — Әйтеуiр,
қойныңдағы қатыныңды бер демейтiн шығар?
— Ойбай, ендi аздасын, сүйдейтiн де шығар бұ сарт. Өзi ауышып кеткен бе қалай? Құдайдың құтты
күнi қойныма қыз әкеп сал деп, миымды әбдән ашытып... бiттi.
Мұны естiген Шәки:
— Қойшы! — деп, шыныменен шошып кеттi.
— Рас, рас.
— Сонда.. оның қойнына қыз салып берiп, бiздi немене қара басты дей ме?
— Қара басса, басатын шығар. Басқа iстейтiн не лаж бар? Оған ететiн амалың қайсы? Қашанда көп
қорқытқан, терең батырған, — дедi Мiрәлi шарасыз бiр халын аңғартып, қолын екi жаққа жайып
тұрып.
— Ау, үйтсең... ертең елдiң бетiне қалай қарайсың?
— Әй, қойшы... сол елiңдi! Шiл боғындай бытырап, бiр-бiрiн тiрiдей түтiп жеуге даяр тұрған осы
да ел ме? — деп Мiрәлi қыржия қалды. — Қазақ қашан өзiне-өзi қожа болған? Кеше оны маңғұл
биледi. Бүгiн Хиуа сұрап отыр. Ертең... ақ патша...
— Қой, неге...
— Әй, баламысың деген. Осыншама саудагерi мен жансызын жiберiп отырғанда, ақ патша немене
мына екеумiздiң қамымызды жеп отыр дейсiң бе? Оның пиғылы белгiлi ғой. Оның көкейiн тесiп
тұрған алдыңдағы малың мен далиып жатқан жерiң емес пе? — дедi Мiрәлi бәрiн алдын ала көрiп-
бiлiп отырғандай нық сөйлеп.
— Ау, сонда бiз кәйтемiз?
— Оны кезiнде көремiз. Азар болса, шоқындырар. Қой, ойбай! Әлден сарыуайым жеп бiздiкi не
осы? Онан да, — деп, Мiрәлi ендi сыбырлай сөйледi. — Бүгiн кешке Тұрғалиға барамыз.
— Ау, онда не бар? — дедi Шәки ойына ештеме алмай.
— Не болсын, ашылмаған уызын iшiп, жарылмаған қауынын жеп қайтамыз, — деп, Мiрәлi қатты
қарқылдай күлiп, артындағы күс жастыққа қисая кеттi.
Бiр сұмдықтың боларын айтпай сезген Шәкидiң төбе шашы тiк тұрды. Iзiнше өзiнiң мына
ағайындарынан бұйда үзiп, жырылып шыға алмасын бiлiп, үнсiз отырып қалды.