Стр. 126 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

125
15
Қауын пiсiк басталғалы Тұрғалидың тиышы кеттi. Бiр күн артын басып, үйiнде жайланып
отырмады. Қашаннан кәнiгi диқан кiсi бойына жиған нәрлi шiресi бойына сыймай, түн баласында
әдемi жұпар иiсiн таратып, қарс-қарс айрылып жатқан қауындарды дер кезiнде жинап алуды көздеп, өз
абызындағы адамдарға тiзе бүктiрмей жүр. Оның мұнысына шатақтау, шапыраш көздi iнiсi Ерғали
наразы. Ол пәлектен үзiп ап, қауындарды атыз жиегiне тасыған сайын, әлдене деп күңкiлдеп қояды.
Өзi еңбекке қырсыз. Сонда ана Ережептей мыңғырған малы жоқ ол қатын, бала-шағасын қалай
асыраймын дейдi екен? Оның есесiне Ерғали қарақшылық жайлы алыпқашты дақпырты көп сөзге
ауаланып, күдды өзi бiр қазақтықта жүргендей қоқиланып бiтедi. Ол маңдай терiне жалынғанды
бишаралық көредi. Тұрғали әлге дейiн бiр кiндiктен тараған iнiсiнiң кiмге тартып туғанына түсiнбейдi.
Әкесi пақыр өмiр бойы осы жер жыртып, бар ризығын қос қолымен өсiрген дақылдан алумен өттi. Өзi
де әлi сол жолмен келе жатыр. Оның осы диқаншылығын қатыны да қош көрмейдi. Қырда өскен
шаруаның қызы қорасына бiр-екi жандық айналғалы ел қатарлы жайлауға көшiп, күн көрейiк те деп,
көптен берi қыңқылдап жүр. Мұның сөзiн сөйлейтiн қызы Зәуреш қана.
Бүгiн күн тағы да жанып кеттi. Басына қызыл орамал тартқан Зәуреш бiр қап қауынды арқасына
лақтыра сап, жалаңаяқ қалпы атыздың жиегiне қарай жөнеле бердi.
* * *
Ерғали бүгiн де қашанғы дағдысына басып, күдды айналып қалғандай көрiп, қолымен белiн таянып
тұр. Ау-тауық маңдайынан аққан терiн сүртiп қояды.
— Уһ, мына... белi құрғыр айналып қалыпты ғой. — Ол ләм-мим демеген ағасына қарады.— Кеше
Бозғұлдар дауда жеңiлiп қапты дейдi ғой.
— Е,— дей салды Тұрғали. Сүйттi де өз шаруасымен бола бердi.
— Кiсiсi өлiп — бiр, даудан — жеңiлiп екi, өздерi әбден хас масқара болыпты.
— Арамнан мал жиғысы келгендер сүйтпей кәйтушi едi? — деп, бiр пәлектiң артық сабағын үзiп
жатқан Тұрғали күңк ете қалды.
— Арам болсын, адам болсын, Тайпанның аузынан ақ май ағып отырған жоқ па? Оны жер
шұқыған бiздер деймiсiң? — деп, Ерғали осы тұста кеуiлiнде жатқан наразылығын бiлдiрiп өттi.
— Е, жер шұқыған соншалықты айып па екен?
— Айып-сайыбын кiм бiлiптi. Менiң аңғарғаным, — қолынан iс келетiндер, мал бағады, ұрлық
қылады, жұрттан дүниясын тартып алады. Әйтеуiр, есебiн тауып байиды. Ал мынау деген дәрменсiздiк
қана. Әрi бұл қазаққа қол шаруа емес.
— Сонда қазаққа ыңғайлы кәсiп не?
— Не болсын? Хан жайлауда қымыз iшiп, мал бағып жатқанға не жетсiн?!
— Өйдөйт деген! — Тұрғали iнiсiн қыжырта күлдi. — Содан қазақ ұшпаққа шығар болса, баяғыда-
ақ шықпас па едi? Ондай сенiмсiз байлықтың ақыры бiр жұт емес пе?
— Ол рас. Бiрақ... бiр жыл қуаңшылық боп, егiнi шықпай қалса, диқандар да аш қалмай ма?
— А-а? — деп Тұрғали аузына жөндем сөз түспей, кекештенiп қалды.
— Онан да, аға-ау, өзiңе мал бiтпегенсiн, лажсыздан жер шұқылап жүрмiн деп, анығын айтпайсың
ба? — деп, Ерғали қауын салынған қапқа қарай қолын соза бердi.
* * *
Бүгiн әйелдер жертөле жанындағы бақандарға тiлiнген қауыншектi салбырата асып жатқан едi.
Олардың ендi бiреулерi қауынқақ қайнатып әлек. Зәуреш оларға қауын тасып әуре. Оның жанында бiр-
бiр қарбыз көтерген балалар шапқылап, бiр-бiрiмен алысып ойнап, мәре-сәре боп жүр.
Тұрғали бидай, тары өскен атыздарды шолып қайтты.
Биыл егiс бiтiк. Бұл соны торғай мен шегiрткеден қорып, күн-түнi маза көрмей жүр. Өз ойынша,
ертеңдерi орақты бастап жiберуге әбден болады.
Күн қыза көршi Нарман ауылынан Қалмырза келдi. Ол жаман атының аяғын тарлау етiп тұсап
жiберiп, егiстiң басына келгесiн, Тұрғалимен амандасып тұрып:
— Бақшалық жақсы екен, — деп қойды.
— Ендi... ол өзi... — дедi ырымшылдау Тұрғали мiңгiрлеп. — Әкең қалай, пақуатты ма? — Сосын
ол әйдiк тарғыл қарбызды алып, үлкен пышақпен жара бастады.
— Шүкiршiлiк. — Қалмырза ернiн жыбырлатты да қойды. Ол анадағы Мiрәлiмен болған шатақтан
соң, әкесiне қарны ашып, еш нәрсеге кұлықсыз боп жүрген едi.
— Малға үйренген кiсiге жатақ болу оңай тимейдi-ау, — деп, Тұрғали iрi тiстерiн ақсита күлдi. —
Кәне, қарбыздан ал, шөлдеген шығарсың.
Қалмырза нарттай қызыл қарбыздың бiр кесегiн аузына салып едi, шекердей тәттi дәм тiлiн үйiрiп,
былбырай ерiп жүре бердi. Ол екiншi кесекке қол созды. Сол арада бүгiнгi бiр әңгiме есiне түстi.
Бағана уақ жандықты өрiске ұзатып сап, дария жағасын жайлап отырған балықшы қотыраш
Медеубайға соққан-ды. Қарма жеп отырып, Медеубайдың тосын әңгiмесiн тыңдаған. Оның айтуынша,
түнде Мiрәлi бастаған он шақты жiгiт мұның салымен дариядан бергi бетке өтiптi. Медеубай
жiгiттердiң күбiр-сыбырынан Мiрәлiнiң Дадабектiң қойнына салып берер қыз iздеп шыққанын естiп
қалыпты. Соны естiген бойда Қалмырзаның тұла бойы тiтiренiп кеткен-дi. Ол үйiне келген бойда
қарындасы Ағлестiң бетiне қара күйе жақтырып, үстiне күңдердiң жаман-жұман киiмiн киiндiрiп, оны