126
кiсi көзi түсе қоймас, құрт жаятын күркеге қаматқан едi. Сосын ол Тұрғалиды сақтандырмақ боп
келген болатын.
Осы кезде бұлардың жандарынан Зәуреш өте бердi. Кенет мұны көрiп, ол өзiнiң бой жеткен қыз
екенi есiне түскендей, кенеттен нарттай қызарып сала бердi де, көстеңдеген жалаң аяғын ұлпа
топырақтың iшiне көмiп жiбердi.
Қалмырза оған бiр сәтке туралап көз тастады. Қара жұмыс iстегесiн бе, Зәурештiң мүше-мүшесi
салаланып, аяқ-қолы тертедей боп, көзге түсе бастаған екен. Өзiнiң көкiрек қуысы тарлау, бiрақ
жамбас тұсы кең. Күн жеп, өңiн қашыра бастаған көнетоз бөз көйлектi керiп, қоңды нардың
өркешiнше тырсия қалған бөксесi жас тәннiң уылжи пiсiп қалған ыңғайын анық байқататын сияқты.
Қалмырза оған әлденеге аңсары ауа қарады да, кенет Тұрғалидың қасында тұрғандығы есiне түсiп,
көзiн тез тайдырып әкеттi.
— Ауылыңда не жаңалық бар? — дедi Тұрғали оны аңғармаған боп.
— Пәлендей айта қаларлық iждеме жоқ. Тек... — Қалмырза тамағын кенедi. — Мiрәлi жақында
қолайсыздау бiр шаруа бастапты дейдi...
— Ана... қайын атаң ба?— деп Тұрғали оқыс күлiп жiбердi.
— Ия, сол.
— О не екен сонда?
— Айтуға ауыз бармайды. Оны Дадабек кеуiлдестiккке қазақтан қыз тауып бер деп, қысып жатқан
көрiнедi. Ол кеше дайрадан бергi бетке өтiптi.
— Қойшы?! — деп Тұрғали шошып кеттi. Сол арада қызы есiне түскендей, жан-жағына апалақтай
қарады. — Зәурешжан, осы тасығаның да жетер. Ана шешеңнiң жанында болшы.
Қалмырза жардай боп кетiп бара жатқан Зәурештiң iзiнен бiр қарады.
— Жаман айтпай, жақсы жоқ, Тұреке, соны ескерткелi келiп ем.
Анадай жерде қауын-қарбыз жұлып жатқан Ерғали бұлардың сөздерiн анық естiген едi. Ол қауын-
қарбызды жұлғанын қоя сап, екеуiнiң жанына тақап келдi. Көзi шапыраштанып тұрып:
— Бүйтiп жаман Мiрәлiнiң кiмдi басынғысы келгенi, а? Жаман сартқа өз қызын апарып берсiн, —
деп, түйеден түскендей дүңк ете түстi.
Тұрғали ыңғайсызданып қалды. Iшiнен: “Өй, келеңсiз! Зағипа мынаның қалыңдығы екенiн бiлмей
ме?” — дедi де:
— Қой, үйдеме. Оны қай бiр жетiскенiнен iстеп жүр дейсiң? Бұ да бiр шарасыздың күнi де, — дедi.
— Сонда да... сақ болған жөн, — дедi Қалмырза жүзi сәл-пәл күреңiте түсiп.
— Осыдан келiп көрсiн, кеңiрдегiн суырып, қолына берейiн, — деп, Ерғали қоқилана сөйледi.
Сүйткенше болмады, жертөле жақтан бiр жаман дауыс шықты. Бұлар жалт-жалт қараса, ауыл
сыртындағы иек артпа төбеден он шақты салт атты жертөлелерге қарай құйғытып шауып келедi екен.
Бiр сұмдықтың боларын айтпай сезген Қалмырза Тұрғалидың жанында жатқан кетпендi сабынан
сығымдай ұстап, орнынан ұшып түрегелдi. Ерғали болса, қолына iлiккен бiр жуан таяқты ала сап, ауыл
жаққа қарай тұра жугiрдi. Қалғандары да солай қарай тұра-тұра жүгiрiстi. Осы кезде шешесiнiң
жанында қауын тiлiп отырған Зәуреш тез зып етiп жертөлеге кiрiп кеттi. Шауып келе жатқандарды
көрiп, әйелдер ойбайлап, балалар бақырып, иттер әупiлдесе үрiп, тиыш тұрған жағалық дем арасында
ызы-шу болды да кеттi.
Қалмырзалар жертөле жанына аттылардан бұрын жеттi. Үшеуi шеп құрып, жертөленi қалқалап
тұра-тұра қалысты. Бәрi де кетпен, сойылдарын оңтайлап ұстап, неден болса да тайынбасқа
бекiнгендей.
Мiрәлi оларға жеткеннен соң, қызба жiгiттердi iрiктi де, өзi атын тебiнiп қап, iлгерi шықты.
— Әй, Мiрәлi, саған не керек? — дедi Тұрғали тiл қатып. Онысы тiлге келсе, қантөгiс болмас
дегендiк едi.
Мiрәлi жүзiнен зәрiн төге:
— Бiзге керегi — қызың, — дедi.
— Е, неге?
— Қарай гөр, мына жаман неге дейдi? — деп, Мiрәлi өзiнiң сыртында қаптап тұрған жiгiттерiне
қарап иек қақты. Олар дарақы бiр күлкiге басты. — Оның iж негесi жоқ. Дадабекбек сенiң қызыңды
алып кел деп бұйырды. Мен мәнтай-шәнтайды бiлмейiм. Қызыңды берсең — қолыңнан, бермесең —
жолыңнан. Кәйтсек те аламыз. Сосын... немене оны Дадабек асқабаққа салады деймiсiң... Ертең оны...
тиесiлi сый-сияпатын берiп, әкеп тастайды.
Тұрғалидың жүзi қап-қара боп кеттi. Не дерiн бiлмеген ол тұттығып, кекештене қап:
— Әй, Мiрәлi, ұялмай-қызармай не деп тұрсың? Өзiң де ұл өсiрiп, қыз өсiрiп отқан жоқпысың?
Мынадай әбiрейсiз iске... қалай ұялмай араласпақсың? — дедi.
— Әй, ол мәмiлеңдi басыңа шайнап жақ. — Мiрәлi артына қарап, қолын сiлтедi. — Кәне, жiгiттер,
болыңдар! Мына қу кедеймен бас ауыртып тұрамыз ба осылай? Тез қаптаңдар!
Соны күтiп тұрғандай, әпербақан жiгiттер үшеуiне лап қойды. Қалмырза мен Ерғали бiр-бiрiне
арқа түйiстiре қорғанды. Олар өздерiне жақындай берген жiгiттердiң аттарының танауларына
сойылдарымен соққылап, маңдарына жақындатпады.
— Жаяулап қаптаңдар! — дедi Мiрәлi қатты айқайлап.
Бай ауылының жiгiттерi аттарынан дереу сыпырылып түсе қап, тiзгiндерiн бiр жiгiтке ұстата сап,
шайқасқа ендi шындап кiрiстi. Кiжiне сермелген сойылдар бiр-бiрiне соқтығысып, сарт-сарт ете
қалғанда, шәргез Тұрғалидың иманы ұшып кеттi. Ол басын қолымен қорғаштап, жертөленiң жаман
есiгiн тез ашып, iшке зып бердi.
Қалмырза мына әңгi жiгiттерге өздерiнiң шамаларының жетпейтiнiн бiлдi. Ол сонда да кетпендi
оңды-солды сермеп жүрiп, жанындағы Ерғалидың құлағына:
— Сендер жертөлеге кiрiп ап қорғаныңдар. Мен... кәзiр, — деп сыбыр еттi.