127
Ерғали бұның жүзiне шапыраш көзiмен жалт қарады да, түсiнгендей басын изеп, дереу жертөлеге
кiре бердi. Осы кезде Қалмырза қатты ақырып қап, қылпып тұрған кетпеннiң өткiр жүзiн күн сәулесiне
шағылыстыра жоғары көтерiп ап, анталаған жiгiттерге қарай тұра ұмтылды.
— Өлгiлерiң келмесе, былай тұрыңдар! — деп, алға қарай бiр-екi қадам басты. Сол екен, жанын
шүберекке түйген алпамсадай қараша жiгiттiң жау түсiрер мына түрiнен қаймығып, әпербақан жiгiттер
ығысып, керi серпiле бердi. Осы сәттi күткен Қалмырза тез жолбарысша ытқып барып, оң жақта
әлденеге әңкiлдеп, бұйрық берiп тұрған Мiрәлiнiң атының артына қарғып мiндi. Мiнген бойда оны
жерге ат үстiнен аударып тастап, айқай-ұйқайдан тұяғы қозып, елiрiп тұрған атты қатты тебiнiп қалды.
Ат ала жөнелдi. Қалмырза бiрден ат басын бұйратты жазыққа қарай бұра бердi.
— Қап, мынау иттiң қорлығы-ай! — деп, Мiрәлi жерден үстi-басы шаң-шаң боп ұшып түрегеле
сала, Қалмырзаны бiр боқтады. Өзi түрi қап-қара боп, ашуға булығып тұрып, жiгiттерiне туралап қарай
да алмады. Бiрақ ендi сәл кiдiрсе, жазық мына iсiнiң артының оңбайтынын бiлiп, Шәкиге жалт
бұрылып:
— Бол тез... ана қызды жертөледен сүйреп шық! — деп ақырды.
Шәки iске кұлыққыз кiрiстi. Ол жiгiттердi бастап, сойылдарын оңтайлай ұстап, жертөленiң есiгiне
жақын келдi. Бұл кезде Ерғали есiктi iшiнен сыртқа қарай итерiп тұрған едi. Бұлар жабылып, есiктi
қатты итерiп қалғанда, тақтайы тозған жаман есiк iшiне қарай топсасымен қоса опырылып түстi.
Онымен бiрге итерген екпiндерiн баса алмай қалған бiр-екi жiгiт iшке қарай бiрiнiң үстiне бiрi баса
құлап түстi. Сол сәтте Тұрғали мен Ерғали таяқтарымен оларды бастарына сарт-сарт еткiзiп, бiр-бiр
ұрып үлгердi. Соққы тиген бiр жiгiт қатты бақырып жiберiп, аяқтарын қатты серпiп, бiр аунап түстi.
Оны көрген қалғандары дереу беттерiн от шарпығандай керi серпiлдi.
Сырт жақта Мiрәлi:
— Өй, әкелерiңнiң тап ауыздарын! Сол жаман немеден корқып! Кәне, болыңдар, — деп, жыны
қозып, шәңкiлдеп тұр.
Жiгiттер амалсыздан тағы да жертөленiң iшiне қарай ұмтылды. Бұ жолы жақын келген олардың екi
жiгiтi қатты соққыдан есiк аузында ұшып түстi. Қалғандары керi шегiнiп кеттi.
Олар сыртта жаңқылдасып бiраз тұрды. Аздан кейiн олар үшiншi рет жертөленiң аузына қарай
ұмтылды. Бұл кезде есiктiң қыр көзiнде тұрып алған Ерғали ешкiмдi iшке жолатпады. Ол бұларды
боқтап, айқайлап, есiктiң аузына жақындап келе берген бiр жiгiттi қылпып тұрған шаппашотпен қақ
басына бiр қойып, қара қанын шығара басын жарып, жерге сұлатып түсiрдi. Соны көрген басқалары
ендi жақындауға беттемей, анадай жерде сексиiп, тұра-тұра қалысты.
Мiрәлi ендi қәһарға мiнiп:
— Ендеше бар ғой жертөленi өртеңдер! Жаман Қаракесек қыз-пызымен бiрге шоқ болсын, — деп
бұйырды.
Бiрнеше аусар жiгiт жүгiрiп барып, анадай жерде атыз жиегiнде үюлi жатқан ақ сабанды құшақтап-
құшақтап әкеп, жертөленiң үстiне тастай бастады. Сабан бiраз үйiлгесiн, Мiрәлi қалтасынан шақпақ
шығарып, мақта бiлтесiнiң үстiн қырнай, екi тасты бiр-бiрiне соғып-соғып қалды. Сол сәт қызыл
ұшқын шашырай шығып, бiлте пышырлап, лып етiп тұтанды. Ол кiшкене сарғыш тiлдi жалынға
айналғанда, бiлтенi Мiрәлi отын үстiне лақтырып жiбердi. Әп-сәтте қу сабан күл өңдене қарайып
барып, кенет лап ете қалды да, артынша лаулап жана жөнелдi.
Түтiн исiн сезген iштегi кiсiлер:
— Өртендiк!
— Ойбай, құрыдық!
— Қырылдық! — десiп шуылдап, бiр әбiгерге түстi де қалды.
Ерғали есiк алдында ащы түтiндi қақала жұтып тұрып, iлгерi ұмтылған аға-жеңгесiн сыртқа
шығармады. Бiрақ осы кезде өзi гүрлей жанған от қызуына шыдамай, көзi удай ашып, тұншыға
бастады да, жан ұшырған аға-жеңгесiн ұстап үлгере алмады. Жеңгесi көйлегiнiң етегi далақтап, сыртқа
шыға бергенде, Тұрғали да оның соңынан қуып жетiп қалған едi. Әпербақан жiгiттер ағасын басына
сойылмен бiр қойып, жалпасынан түсiрдi. Қайтадан тұра берген Тұрғалидың үстiне соққы қайтадан
жауып кеттi. Мiрәлi оны жағасынан ұстай ап, сүйрелеп, әрi апарды да, қайқы тұмсық етiгiмен басқа-
көзге қара-май былшылдатып тебе бастады. Күйеуiне ара түсе берген қатынды қамшысымен бiр
салып, басын жарды.
— Құдай-ау, саған не жаздық?! — деп барқыраған жеңгесiн бiр жiгiт шашынан сүйрелеп, қораның
тасасына алып кеттi. Соны көрiп, Ерғали не iстерiн бiлмей, қолы қалтырап, қысқа шаппашотын
сығымдап ұстай бердi. Осы кезде жертөленiң төбесiне жабылған қу сақ пышырлай жанып, соққан
желмен ұйтқи түсiп, гүрлей жөнелген де едi. Жертөле iшi ыстық. Оның үстiне будақтаған ащы түтiн
көз аштырмай, тынысты тарылтып барады. Сол арада Ерғали жан далбасалап, керi қарап едi, қолына
бағана қауын тiлiп отырған ұзын пышақты қыса ұстаған Зәурештi көрдi. Оның мына түрi неге болса да
қайыл сықылды.
— Ендi нағылдық? — дедi Ерғали сасқалақтап.
— Бүйтiп өртенiп өлгенше, одан да... ұрысып өлейiк те, — дедi Зәуреш айқайлай сөйлеп.
— О да дұрыс шығар, — деп, Ерғали дереу шаппашотты белбеуiне сабынан қыстыра салды да,
еңкейiп барып, бағанағы сойылын қолына ұстады. Сосын: — Кәне, кеттiк! Менi қалқалап жүр! Ретi
келсе, дайраға қарай қаш! — деп, ол түрi қап-қара боп, сыртқа шыға бердi. Сол арада сарт ете қалған
бiр сойылды сойылымен қағып үлгердi. Бiрақ екiншi бiреуi жақын кеп қалған екен. Оның соққысынан
бұғып үлгiре алмай қалды. Сойыл оң самайына тиiп, ол жел соққан терекше теңселiп кеттi. Сонда да
құламай, еңкейген бойын тiктей берем дегенде, үшiншi соққы оны жерге алып ұрды. Осы кезде iштен
Зәуреш мысықша атқып шыққан едi. Отқа күйген шашы, кiрпiгi, бетi қап-қара. Оның үстiне шоқ тиген
көйлегi лапылдап, жалын кеудесiне қарай өрлеп бара жатқан едi. Қолындағы әйдiк пышақтың жүзi от
сәулесiне шағылысып, қызғыш тарта көрiнедi. Ол тiсi ақсиып, жаман дауыспен бажылдап, iлгерi қарай