128
ұмтылды. Жанып бара жатқан қызды көрiп, жiгiттер шошып қап, керi серпiлдi. Зәуреш жаны
ышқынып, көйлегi лапылдаған күйi дарияға қарай тұра жүгiрдi. Әлемет жалын денесiн қарып, дыз-дыз
етiп күйдiрiп барады. Кеше ғана алапат қызу тiлеген тәнiнiң бар нәпсiсiн әбден қандырғысы келгендей
от тiлi тұла бойын ысыта жалап, қойны-қонышын кеулеп те алған. Қарсы алдынан кенеттен есе
жөнелген әлдеқандай ыссы желден шалқи жанып, кеуде тұсын шарпып, иегiне жақындап та қалды.
Қыздың басы айналып, көзi қарауытып кеттi. Табанына тақ-тақ тиiп жатқан уақ тастардың батқанын
емiс-емiс сездi. Осы бiр қарбалас үстiнде ол ажалдан қорғанғысы келгендей қолымен көйлегiнiң
етегiне жармаса бередi. Бiрақ екi санына жабысып қалған шүберек оңайлықпен ажырасар емес.
Зәурештiң мұрнына өз етiнiң күйген көңiрсiк бiр иiсi келiп, басы айналып, кеудесi тарылып, бiр түрлi
құсық қысқандай болды. Бiреу балғамен ұрып жатқандай қос шекесi зыңқ-зыңқ етедi. Алас-қапаста:
“Шыныменен, өлгенiм бе?» — деп ойлады. Бiр сәтте иманы ұшып кеттi. Iзiнше кеше ғана өзiнiң жас
тән қуатына шыдамай, кеудесiне түскен көрпенi қатты-қатты қысып, әлдеқандай тәттi, удай тосын
нәрдi аңсағаны, ер жiгiттiң тер аңқыған жүн-жүн төсiн қалағаны, тұла бойында ойнақ салған нәпсi
уытын жанының жалынымен басқысы келгенi көз алдына сиқырлы елестей жалт-жалт етiп өте шықты.
Демде көзiне жас тiрелгендей болды. Әлi құрып, тiзесi кiлт-кiлт етiп, жан екпiнiмен Сырдың тiк
жағасына жақындап барды. Еңкейе бере бұл араның құрдым, терең иiрiм, дарияның iшке қарай сұғына
түскен жарлауыт иiнiн орап өтер, ағысы қатты тұсы екенiн емiс-емiс сездi. Бiрақ өне бойын өртеп бара
жатқан лапылға шыдай алмай, жар басынан төмен қарай бiр-ақ қарғыды. Екпiнiмен соққан лептен
лапылдап бара жатып, төменгi жақтан жанына жайлы тиген дымқыл ығал исiн сездi. Суға барып шолп
ете қалғанда, быж-быж еткен дыбысты анық есiттi. Iзiнше қара күңгiрт бiр жаққа батып, тынысы
тарылып, тұншыға бастады. Дереу жан дәрмен деп алас ұра қимылдады. Су бетiне қалқып
шыққанында барып, есiрiк санасына қиын-қыстау сәттiң шын туғаны анық жеттi. Дереу қайрат қып,
қарулы қыз жағаға қарай құлаш ұра бастады. Бiрақ қатты ағыс дарияның ортасына қарай ағызып ала
жөнелдi. Мұның бағына қарай, ортасы тесiле шұқырайып жатқан иiрiмнiң жанынан қол созымдай
жерден өте шықты. Ашық айдынға шыққасын барып, сарқыраған ағыстың пәтi баяулайын дедi. Зәуреш
ендi соңғы күшiн салып, жағаға қарай құлаш ұрды. Ол қолын ауанымен сермеп, ырс-ырс етiп жүзiп
келедi. Ара-арасында көзi қарауытып кетiп, жер-дүния бұлдырап сала бередi. Ондайда кеудесi
қысылып, кеулi өрекпiп кетiп, дереу басын шайқап-шайқап алып, асығыс құлаш ұрады. Ол өлдiм-
талдым дегенде барып жағаға жақындады. Ендi аз қалғанда қол созымдай жер жеткiзiп болмады.
Күйген аяғының сiңiрi тартылып, еркiн қимылдатар емес. Ақыры бақайының ұшы сусымалы қайыр
топыраққа тиген сықылданды. Зәуреш ендi қатты ұмтылып барып, қайтадан аяғын нықтап басты. Осы
жолы бой бар екен, ол қайыр топыраққа екi аяғы тигесiн, бiр-екi рет ұмтылып, жағаға тақап келдi. Сол
арада басы айналып кеттi. Содан қанша уақыт өткенiн бiлмейдi, бiр кезде барып есiн жиса, —
жағадағы тайыз суда шалқасынан жатыр екен. Дереу қыз ұяты есiне түсiп, қолымен жер тiреп,
орнынан тұра бердi. Тұманданған көзiмен тас төбесiнен төңкерiлiп тұрған аспанды, Сырды, кең
дүнияны көрдi. Мына жарық дүнияның, тiршiлiктiң қаншалықты қымбат екендiгiн алғаш рет сезiп,
бағанадан берi қанына қарайып алған қыз қос қолымен бетiн басып, еңiреп жылап жiбердi...
* * *
Бұл кезде ызаланған Мiрәлiнiң жiгiттерi егiстiктi аттарының тұяқтарымен тапап, қауын-қарбыздың
пәлектерiн үзiп, әңкi-тәңкiсiн шығарып жүр едi. Қалмырза бастаған бiр топ кiсiнiң өздерiне қарай
жаяу-жалпылап жүгiрiп келе жатқанын Мiрәлi елден бұрын көрдi. Ол ендi айналмай, жiгiттерiн
аттарына қондырып, қырға қарай сызып шыға бердi.
* * *
Басынан аққан қанды тыймақ боп, киiз күйдiрiп басқан Тұрғали жас балаша еңкiлдеп, көзiнен жасы
сорғалап, кенет батып бара жатқан күнге қарай қалтыраған қос қолын созып:
— Уа, қу құдай, әгәрдә бар болсаң, мына залымның сазайып тартқыз! Маған iстегенiн қатын, бала-
шағасының алдына келтiр! — деп жаман дауыспен лағынат айтты.
16
Дадабек тас-талқан болды. Алдына қолын қусырып, бас иiп, мүләйiмсiп барған Мiрәлiнi
қолындағы қамшысымен қақ басқа салып-салып жiбердi. Мiрәлi жасқанып, қолымен басын
қорғаштады. Сонда да қамшы ұшы оң жақ самайына тиiп кетiп, көгерте iз салып өттi.
— Екiншiгәрi қызсыз келме! Үйтсең... құртам, — дедi Дадабек қалың қабағы сұстана қабарып,
зiркiлдеп.
Мiрәлi кiнәсiн жуып-шайғысы келгендей, кенет жаман дауыспен шарылдап:
— Тақсыр, әкелмейiн деп жүрген мен жоқ. Қазақлар қызын бермейдi, — дедi құдды өзi қазақ
еместей жұртты кiнәлай сөйлеп.
— Неге? Мааған ба? — Дадабек бас бармағымен өз кеудесiн өзi нұқып көрсеттi.
— Иә, — дей берiп, Мiрәлi тұттыға: — Жо, жоқ, қадырданды бек,— дедi. — Олар бермейiн
демейдi-ау. Байқауымша, оларды азғырып жүрген...
— О кiм? Айт, кәне?
— Тақсыр, менiңше... — Мiрәлi оған екi ойлы боп қарады. — Осы елде Хиуа ханына қарсы үкiт
тарататын кiсiлер бар.
— О кiм? Айтшы, өзiн жерге қазық қылып қағып жiберейiн!— дедi Дадабек қап-қара боп.