129
— Ол... ол... Жәнiбек, тақсыр. Ол Бұхарда оқыған, Насрулла әмiрге iш тартады. Аллатағалам барша
бәндадан артық етiп жаратқан ұлы хан Мұхәммәд-Инақтың кұзырына бой сұнғысы келмейдi.
— Со-ола-ай де.
— Жақында оның Құлқа деген туысы орыс керуенiн Бұқарға бастап барып келдi. Оның ойы
белгiлi. Өзiне сардарлық тимегесiн, Бұқар әмiрiнiң панасын сұрамақ.
— Ол өзi... кәзiр қайда?
— Қожанияз бекiнiсiнде жүр, — деп Мiрәлi Дадабектiң сырын сыртына шашпас жылтыр зерең
жүзiне барлай қарады.
— Е, солай де, — дедi Дадабек бiр сөзiн қайталай айтып.
Оның есiне анада Жәнiбектiң бас уәзiр Ядгарбекпен салған жерден шүйiркелесе кеткенi түстi.
Ядгарбектi iшi алмайтын Дадабек Жәнiбектен сонда-ақ күйген терiше жиырылған. “Ендi... ретi кеп
тұрғанда”, — деп ойлап, ол дауысын созып:
— Менiң естуiмше, Жәнiбек Хиуа ханына бек мойынсұнған секiлдi. Сен осы...былай... жала жауып
тұрғаннан саумысың? — деп, түсiн суытып, оған көзiн сығырайта қарады.
Мiрәлiнiң жүзi ду ете қалды. Ол iзiнше бойын тез жиып:
— Жоқ, тақсыр, құдай бiрiн жалған қылмасын, айтқанымның бәрi шындық. Ол Аспандардың бөлiп
әкетiп, Бұхара әмiрiне сардар болуды ойлап жүр, — деп, бұған тақыр құйқасын көрсете басын идi.
Мiрәлiнiң тақыр желкесiне қарап тұрып, Дадабектiң әлденеге күлкiсi келдi. Әсiресе, қара күш пен
лауазымды қатты сыйлайтын надан елдiң аңқау мiнезiн iштей әжуалап, мырс ете жаздап, өзiн-өзi
шаққа тыйды. Дадабек iшiнен: “Бұ қазақты уыста ұстап тұру үшiн... аяр саясат, айла керек. Елге басшы
болар азаматын көзге iлмей, мынадай тiлiн шыған, нәсiлi шала сүмелектерiн би етiп қойсаң, жетiп
жатыр. Әлгi жаман неме ел iшiндегi бас көтерерлерiн өзi-ақ жала жауып, ұстап бередi. Сосын олардың
басын қайқы қылышпен қағып ала бер”, — дедi де, Мiрәлiнiң мына қалпында қандай жаулықтан да бас
тартпас сыңайын байқап, аздап қабағын шытып:
— Жарайды, мен саған сенейiн. Сен соны куәлап, жазып бере аласың ба? — дедi.
— Жазғанда қандай! — Мiрәлi алақанына түкiрiп шыға келдi.
Дадабек екi алақанын сарт-сұрт еткiзiп ұрып, есiк жаққа қарады. Iшке қызметшiсi Әбдулла келiп
кiрдi.
— Кәзiр мына кiсi саған не айтады, соны жазып ал да, бармағын бастыр! — Дадабек оған бұйыра
сөйледi.
— Құп, тақсыр, — дедi Әбдулла басын иiп.
Олар шығып кеткесiн, Дадабек жолға тез дайындалды. Қасына жүз қаралы сарбаз ертiп, Уәйiс-
Нияздың қамалды қалай жөндетiп жатқанын өз көзiмен көргiсi кеп, бiр жағынан Жәнiбектiң аңысын
аңлайын деп, Қожанияз бекiнiсiн бетке алып жүрiп кеттi. Жолшыбай Хиуа ханына өз атынан арнайы
хат жазып, Жәнiбектi тұтқын етiп жiбермекке бел байлады. Сосын кеше Қожанияз қамалының
бастығы Уәйiс-Нияз бектiң қарамында жүрген бұлардың бiр жансызының жеткiзген астыртын хабарын
қара ақылына салып көрдi. Оның айтуынша, соңғы кездерi Уәйiс-Нияз Қоқан бегi Якуббекпен
жақындаса бастаған. Бiр хабарға қарағанда, Қоқан ханы Хұдаяр Бұхара әмiрi Насрулламен тiзе қосып,
Хиуамен соғысудан кетәрi емес көрiнедi. Тек екi ханның ауыздарын бiрiктiре алатын делдал кiсi
шықса, жарап жатыр. Ана жолы осы әңгiменi Елмырза төре де өңiн өзгертiп айтып, көңiрсiтiп кеткен
едi. Оның айтуынша, Қоқан мен Хиуа бiрiгiп, Бұхараны шапқалы жатыр екен. Мұндай арты дүдәмәл
әңгiменi тыңдауға құлқы жоқ, әрi ызалы жердi баспайтын Дадабек iшiн бермей, оған назар аударып
жатпаған. Мұның өз ойынша, кiммен достасу, кiммен қастасу — ұлы ханның өз шаруасы. Мұның
мiндетi ұлы ханның айтқанын қайт етпеу ғана. Қалған дүния күйiп кетсе де, басы ауырмайды. Сол
арада оның бүйiрiне бiр сұрақ тiкенекше қадалды. “Әгәр... сүйтсек”, — дедi iшiнен. Шынында да, осы
арада ептiлiк көрсетiп, араздасып жүрген екi ханның жүздерiн жылытып, Мұхәммәд-Инақтың оң
қабағына iлiнiп алса қәйтер едi? Онда кәзiргiдей ала шаңы бұрқыраған Сыр бойындағы бiр қамалда
ұшыр, зекет жинап жүрмес едi. Бәлкiм, онда Хиуа хандығына қарайтын гүл бақшалы, ажарлы жердегi
бiр ұлыс қолына тиiп қалар. Ондай жағдай туа қалса, салқын да әсем кең сарайда кұмырсқабел үндi,
парсы сұлуларын құшып жатпай ма? Күйшiлерге күй тартқызып, әншiлерге ән айтқызып, бишiлерге би
билетiп, мықынсыз сұлуларды бауырына басып, дүнияның бар рәһатын көрмей ме? Осыны басқалар,
тiптен, Уәйiс-Нияз бектiң өзi ойламайды деймiсiң? Тоқта, осы арада бiр кiлтипан жатқан жоқ па? Неге
ол соншалықты Яқуббекпен ауыз жаласып кеттi? Ол осы ұлы ханның ыңғайын алғалы жүрген жоқ па?
Дадабектiң iшiн бiрдеңе удай ащы тырнағымен осып-осып өткендей болды. Жоқ, ол болмайды. Мен де
бұл алападан құр қалмауға тиiспiн. Таласам, тартысам. Ол ер үстiнде ыңғайланып отырып, астындағы
ақалтеке арғымағын тебiнiп қап, жүрiп кеттi.
Оның соңынан ерiп келе жатқан сарбаздар үн-түнсiз. Олар дулығалары күн сәулесiне шағылысып,
ат тұяғымен Қызылдың бойын дүбiрлетiп, сұстана жүрiп келедi.
Дадабек кенет алдынан қылаң еткен бiр қарайғанды байқап қалды. Биiк төбеге шыға келгенiнде,
әлгi қарайған салт атты қазақтың беталды тырағайлап қашып бара жатқанын көрдi. Бек мырс еттi. Иә,
дедi iшiнен. Қашан да күштi қорқытқан, әлсiз бағынған. Қай заманда да күштiнiң сөзi де күштi, өзi де
күштi. Ал, әлсiз, бишара кiсiлер екi қолын көкке жайып, ғайыптағы қиял мұнарынан әдiлет iздеп,
жоққа иек сүйейдi. Олар бұған кiнәлi өздерiнiң әлсiздiгi екенiн бiлмейдi де, күштi жұрттың, дiнi, тiлi,
әдет-ғұрпы бөлектiгiне қарамастан, бiздер доспыз, бауырымыз бiте қайнасқан деген айлаға толы
арамза сөзiне құдайдай сенедi. Бiр жағынан Хиуа, бiр жағынан Қоқан, бiр жағынан ақ патша
пұшпақтап кесiп алып жатқан даласының асты мен үстiнде ендi бiр жүз жылдан соң ешқандай да
қазына қалмасын бұ қазақлар аңғармайды. Өз басы мұндай лақылдақ, аңқау халықты әлi көрген емес.
Олардың ортасына етi мүжiлген қу сүйектi лақтырып тастай салсаң болды, бiр-бiрiне қимай, қызғанып,
ырылдасып, таласады. Сосын мажалы қашқан оларды қылыш, зеңбiрiктi әуре қылмай, қамшымен-ақ
соғып аласың. Дадабек қазақтардың сонысына таңғалады. Бiр жағынан соны күп көредi. Ертең