Стр. 14 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

13
— Не деу керек? — Елдес серi iнiсiне келемеждей қарады. — Осы қазақ айран iшкен құтылып,
шелек жалаған тұтылып демей ме? Қай заманда құрық нақ кiнәлiнiң қылша мойнына барып түскен?
— Түспесе, түседi.
— Иә, саған! — Елдес Ниязға мысқылдай көз тастады.
Шынында да, ағайынды жiгiттерден оның бiтiмi бөлектеу едi. Жастайынан балуан күресiне
қатысқан әкесi Сағынай қол-аяғы балғадай, екi иығына екi кiсi мiнгендей кiсi едi. Нияз бойында қырым
етi жоқ шешесiне тартқан. Шыңжау, арық. Саусақтары қыздың саусағындай нәзiк, салалы. Сонысына
қарамастан өзi тыраштанып, барынша сәндене киiнедi. Аяғында қонышына алуан түрлi зер салынған
қазақы етiк. Үстiнде шебер қолдан шыққан мақпал шалбар, көйлек. Басында құндыз бөрiк. Осыншама
әлем-жәлемi аздай, Нияз бөркiнiң шошақтау төбесiне қыз тәрiзденiп бiр тал үкi қадап қойыпты.
Соған қарап, Елдестiң күлкiсi келдi. Ол қалың ернiн кере түсiп, көзiн сығырайта ыржиды:
— Сен өзiң серi болам деп, перi болып бара атқан жоқпысың? Жарайды, мақпал шалбар мен
белiңдегi күмiс кiсеңдi жөн дейiк. Ау, мына үкiңе жол болсын? Үкiнi еркек емес, қыздар тақпайтын ба
едi? Әлде, сен... — Елдес жорта кiдiрдi. — Қыз... қызтекемiсiң?
— Әрине, — дедi Нияз аяқ астында қулана күлiп. — Қызға теке болмай, немене менi атан
деймiсiң?
Елдес не дерiн бiлмедi. Мұның iргелi бай жерден қыздай алған бәйбiшесi әбден ерке боп өскен
тiлдi кiсi едi. Ол күйеуiнiң кәукиген бойына қарап, қылжақтап, “қара атан” деп кеткен-дi. Құрдастары
оны сан-саққа жүгiртiп, мазақ қып жүретiн. Елдес ендi соны тұспалдап тұрған iнiсiнен сөзден
жеңiлгенiн бiлiп, оны дұрыстап тұрып бiр боқтады да, терiс айналып жүре бердi.
Нияз қарсы жауап қатайын деп едi, өздерiне қарай беттеген Жәнiбек, Қалдыбай, Қасқырбайларды
көрiп, кiлт тыйыла қойды.
* * *
Жiгiттер аздан соң, сақина алу, жамбы ойындарын көрдi. Iзiнше балуан бәйгiсi басталып кеттi.
Күресуге Қалдыбай мен Алманияз шықты. Алманияз — Сыр бойына ересен күшiмен дәрпi шашылған
балуан. Бұрын-соңды ауыл арасындағы той-томалақта ғана күресiп жүрген Қалдыбайдың ұлы жиын
алқа топқа түсуi осы. Оның жалаңқат қақпа шекпен киген денесi, шынында да, көзге толымды екен.
Саны бураның санындай бiлем-бiлем. Тек қайыс белбеу қынап тұрған белi осалдау секiлдi.
Әйбек би, Сарыбай Бекiш би, Балқы Күртебай би, Төртқара Үмбет би, Сағынай, Мамырайлар әлi
мал тұяғы жапыра қоймаған көгалда алқа қотан боп отыр. Олардың сыртын ала әлi үлкендердiң атын
байлап, кеуiш қоюынан құтыла қоймаған кiсiлер тiзе бүккен. Жәнiбектер өз алдына бiр төбе. Ережеп
бастаған ас егелерi бас бәйгiге тiгiлген алшаңдаған қызыл нар мен екi ту байталды көлденең тартты.
Күрес басталды. Алманияз бен Қалдыбай бiр-бiрiне белдерiн берiспей, ұзақ ырғасты. Бiр-бiрiн
алма-кезек жүлқылап, бақайдан қағысып көрдi. Кенет бiр қайымын тауып, әккi Алманияз Қалдыбайды
белiнен қапсыра қысып, қайыс белбеудi сыртынан бiлегiне бiр бұрап алды. Қалдыбайдың тынысы
тарыла бастағанын сезiп, Шектi балуаны батыл қимылдай бастады. Көре көзге Қалдыбай бел берiп,
ананың iштен iлiп шалар әдiсiне оңтайлана қисайды. Соны көрген Шектiлер у-шу. Әсiресе, жаңа бiр
әзiрде Малдыбаймен сөзге келiсiп қалған Төлеу батырдың қыбы қана түсiп, сирек мұрты едiрейiп,
шегiр көзi ежiрейiп кетiптi.
— Көтерiп ал да, лақтыр!
— Қабырғасын сындыр!
— Бұралқы иттей астыңа бiр бүкте! — деп, Алманияздың жақтастары әлден шулап, өжеңдеп
барады.
Жәнiбектiң тобы самсоз. Олар ендi не болар екен дегенше, қара бетiне қызыл күрең қан ойнап
шыға келген Қалдыбай ананың оң жамбастан асыра лақтыратын машығының алдын орап, қос қолымен
Алманиязды құшақтай көтерiп, даусын қаттырақ шығарып:
— Әуп! — деп қалды.
Алманияз керi қарай ерiксiз еңсерiлдi. Сол кезде зор қуатқа шыдамай, Қалдыбайдың белбеуi бырт
етiп үзiлiп кеттi де, Алманияздың қолы босап сала бердi.
Қалдыбай белiне қайтадан белбеу таққасын, күрес қайтадан басталды. Бұл жолы кеуiлiнiң
өрекпiгенiн басқан қайратты жiгiт салған жерден ұтымды қимылдады. Ол бiр рет оны өзiне қарай
жұлқа тартып, тiк көтере бере оқыс жалт ете қалып едi, Алманияз оң аяғымен жерге дұрыс түспей,
тiзесiн жерге тигiзiп, шөккен нарша шоңқиды да қалды. Қазақша күресте жерге тiзе тию —
жеңiлгенмен пара-пар.
Жұрт Қалдыбайды көтерiп әкеттi. Назаланған Төлеу батыр:
— Бәлем, Шөмекей, тоқтай тұр! Осы кердi алдыңа келтiрмесем бе? — деп, тiстене сөйлеп, дойыр
қамшысымен тартып қап, алатағанақ жердiң шаңын бұрқ еткiздi.
Шектiлер ендi ас егелерiне дау соқты:
— Бұл итжығыс! Тiзесi тиген жауырыны жерге тигендiк емес. Палуандар қайта шықсын!
Ас берушi Әлiм жағы не iстерiн бiлмей дағдарды. Көнек Қалдыбайға бас бәйгiнi берсе, қалың
Шектi Әлiмдер қоныстас, өрiстес болғасын, Шөмекейлерге iшi бұрды дейдi. Ал, балуандарды күреске
қайта шығарса, Шөмендер Әлiмдер өз қарына тартты дейдi. Екi дай жақтың насырын қасымай, бәйгiнi
дау-шарсыз бермесе, астың берекесi қашуы ықтимал. Осы арада тығырыққа тiрелген Ережеп киын
жерден жөн тауып, ортаға шығып:
— Ау, ағайын, — дедi. — Бұрынғы рәсiм бойынша тiзесi тиген жақ жеңiлген боп саналады. Бiрақ
оған керiсiнше Қалдыбайдың белбеуi үзiлiп кеттi. Бұлай деп дау соға берсек, мына күрес кешке дейiн
бiтпейдi. Менiңше, — дедi ол қатты сөйлеп, жұрт назарын өзiне аудара түсуге тырысып, — осы жерде
таңдауды палуандардын өздерiне салайық. Алманияз қапым бар десе, қайта күрестiрейiк.