Стр. 131 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

130
зеңбiрiгiн сүйретiп ақ патшаның әскерi келе қалса, сөзсiз, ала ауыз қазақты оққағар етiп ұстау керек
дейдi. Сосын қалғанын көре жатады.
Дадабек ой үстiнде келе жатып, Қуаңдария бойында орналасқан Қожанияз қамалына қалай
жеткенiн де байқамай қалды. Уәйiс-Нияз қамал iргесiн қалап жатқан қазақтардың жанында бас-көз боп
жүр екен. Ол мұны көрiп, бұрылып кеп амандасты да, бұйра сақалын бiр сипап қойып, iлтипат
бiлдiрiп, сарайына қарай бастап жүрдi.
— Қалай, бек, қазақлар жұмысты ықыластанып iстеп жатыр ма? — дедi Дадабек жымиып.
— Әлбәттә, — дедi Уәйiс-Нияз қулана күле қарап.
— Өткен жолы осыны өздерi қиратып едi, ендi... — деп‚ Дадабек зәрлене жымиды. Онысы өткен
жылы Уәйiс-Нияздың қамалын шапқан қазақтардан қорқып, Ақмешiтке қашып барғанын есiне салуы
едi.
Уәйiс-Нияздың, бетi аздап қызғыш тартты. Сонда да ол зорлана жымиып:
— Ендi өздерiне салғызып жатырмын, — дедi.
— Бек, мұныңыз бiр сауап болған екен.
— Айтары жоқ.
— Айтпақшы, Яқуббектiң ахуалы нешiк екен?
— Аллаға шүкiр, жаман емес.
— Өздерi Құртөбеден айрылып қап, мазасызданып жүрген жоқ па?
— Ондайы да бар. — Уәйiс-Нияз салқын жымиды. — Аллатағалам данышпан етiп жаратқан
Хұдаяр ханның мәртәбәсы әр кезде де жоғары! Ол бәрiн де бұрынғы қалпына келтiредi.
— Унга һич шәк йоқ.
— Кеше Яқуббектiң шабарманы келiп кеттi. Қоқан ханы күш бiрiктiрмесек болмайды дейтiн
көрiнедi.
— Апырмай, ә? — дедi Дадабек сыр бермеуге тырысып.
— Мiне, жайға да келдiк. Кәне, кiрiңiз, мәрһамат! — Уәйiс-Нияз қызметшi жiгiт ашқан есiктi
қолымен нұсқады.
Дадабек iшке кiрдi.
17
Жәнiбек Дадабектiң шабарманы кеп, мұны Құмқамалға шақырып жатқанын естiгеннен соң, көп
кiдiрмей, қасына Қасқырбайды ертiп, ел жатқаннан кейiн, түн жамыла отырып атқа қонды. Бектiң бiр
арам ойын сезiп, Құмқамалға соқпай, Хиуаға тура тартты. Ұлы ханға кiру үшiн бiр керегi болар деп
қоржынның екi басына алтын жамбы, күмiс шаптырған кiсе, белбеу, тайтұяқтарды салып алды.
Осы жолы Жәнiбек Құлқаның ақылын тыңдап, Бесқаланың сүрлеу жолына түспей, Қызылдың
жықпыл-жықпылымен жүрiп отырды. Құмқамалдан ұзап шыққасын барып, жолшыбай хиуалықтардың
шолғыншылары кездеспегесiн, Хиуа, Үргенiш шәһарына тура апаратып айдау жолға түсiп ап, тартты
да отырды. Арада үш қонып, төртiншi күн дегенде Хиуа шәһарының көк тiреген көмбездерi алыстан
сағым көтерiп, құбыла, мұнартып көрiндi. Жәнiбек ендi қалған жолға қам жемедi. Үш күн бойғы салқа
жортыстан борбайы созылып, ақ көбiгi шығып қалған аттарды тынықтырып алмақ боп, айдау қара
жолдың шетiнде қалып бара жатқан кiшкене ауылға қарай бұрылды. Ауыл шетiне кiре бергенде күнге
күйген тезектiң, жаңа орылған жас жоңыршқаның иiсi аңқып қоя бердi. Бұл қарақалпақ ауылы екен.
Жәнiбек қарсы ұшырасқан бiр кiсiден жөн сұрап ап, ауыл ақсақалының үйiне бет қойды. Тамға жақын
кеп, аттан түсiп, соқтан салынған диуалдың бел ортасына орналасқан қақпаны қамшысының басымен
тықылдатты.
Iштен басында төбетейi бар, мұрты жаңа тебiндеп келе жатқан бозбала шығып, бұларға таңырқай
қарап:
— Ауа, сiздерге кiм керек едi? — дедi.
— Құдайы қонақпыз. Азырақ демалсақ деп едiк, — дедi Жәнiбек бозбаланың иығынан асып, әулi
iшiне көз тастап тұрып.
Мұның сөзiн естiсе керек, әр жақтан үстiнде жеңiл шапанды желбегей жамылған отағасының өзi
шықты. Ол жер ортасынан асып қалған, мөлттей қара сақалды, қара мұртты кiсi екен. Мұның үстi-
басына көз тастап тұрып:
— Құдайы қонақ болсаңыз, түсiңiз, — деп iлтипат көрсеттi.
Жәнiбек пен Қасқырбай аттарынан түсiп, әулi ортасындағы төбесiнде бастырмасы бар сәкi үстiне
кеп отырды. Әлгi бозбала бұлардың аттарын қораға кiргiзiп, алдарына бiр-бiр баудан жас күрақ тастап,
қайтып кеп, әкесiнiң төменгi жағына тiзе бүктi.
Отағасы жөн сұраса отырып, осындағы көп жайдан хабар да бере кеттi. Жәнiбектiң байқауынша,
қарақалпақ ағайын да Хиуа ханына онша ырза емес екен. Жыл сайын алым-салық көбейiп барады.
Әсiресе, Мұхәммәд-Инақтың Мәруге жасаған соңғы жорығы сәтсiз аяқталғалы, ханның танабы тарыла
түскен көрiнедi. Ұшыр, зекетке қосымша тағы да үстеме салық түсе ме деп, осы өңiрдi жайлаған қалың
қарақалпақтың демiн iшiне тартып, аңыс аңдап отырған бiр кезi екен. Бiрақ ана жылғы көтерiлiсте
қарақалпақ жұртының басшысы Айдос бидi дарға асса да, Хиуа хандарының жаңа шаруа жасарда
аяқтарын тарта басар жайы бар сықылды. Шамасы, хан тағы да бүлiншiлiк боп кете ме деп, алды-
артына қарайлайтын сияқты.
Отағасы кiшкене кесеге құйылған көк шәйды алып берiп жатып:
— Ал, қазақ ағайынның ахуалы қалай? — деп сұрады.
— Аллаға шүкiршiлiк, — дедi Жәнiбек әңгiмеге ыңғай көрсетiп.