Стр. 132 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

131
— Солай деңiз. Баяғыда Қаратаудың бөктерiн қатар жайлап жатқан туыс ел едiк. Бiз кейiн Қаразым
аудық. Жиен жырау “Посқан ел” деген киссасында... әлгi, не деп едi? — деп ақсақал ойланып қалды.
— Иә, ондай жай болған. — Жәнiбек күрсiндi. — Сол сонымен ада-жұда кетсiн деңiз.
— Бiздiң де тiлейтiнiмiз сол. — Отағасы ақырын сөйледi.— Дегенмен... соңғы кезде өсек-аяң
көбейiп барады. Орыс патшасы осыяққа қарай көп ләшкермен келе жатыр дейдi ғой.
— Әзiр келе қойған жоқ. Бiрақ сондай сөз бар.
— Шамасы, осының жаны бар-ау деймiн. Кәзiр Хиуада ағылшын жансыздары қаптап жүр, — дей
бердi де, отағасы сөзiн кiлт үзе қойды.
Жәнiбек демалып, аяқ созып, ат белiн тынықтырып алғасын, жанып тұрған ыстыққа қарамастан,
түс ауа жолға шықты. Тағы да айдау жолға түсiп ап, егiстiктiң шетiмен тартты да отырды. Бiрде жан-
жағында бос жерi жоқ сыңсыған егiнге қарап, Қасқырбай таңдайын қағып:
— Апырмай, нағыз тоқтық мынаяқта екен ғой. Ел қыста жұтқа ұшыраймыз деп саспайды, ұраға
тыққан астығын шетiнен кертiп алып жей бередi, — дедi.
— Оның не айтары бар. Менiң диқаншылықты кәсiп етейiк деп жүргенiм де сол емес пе? — деп
Жәнiбек Қасқырбайдың тершiген жүзiне күле қарады.
— Ол... дұрыс қой. Бiрақ сағанағы салдырап, көше берудi ұнататын қазекең отырықшылыққа көне
қояр ма екен?
— Көнбей қайда қашар дейсiң?
Олар кештете Хиуа шәһарына жеттi. Жәнiбек дарбазашылармен тiлдесiп, оларға жай-жапсарын
айтып, iшке кiрдi. Сосын у-шуы көп базардан өтiп, ащы iшекше ирелеңдеген тар көшемен жүрiп
отырып, Ядгарбектiң үйiне тақап келдi. Кiсi бойынан асарлық, шым кiрпiштен өрiлген диуалды
жағалап кеп, әйдiк қақпаның алдына тоқтады. Жәнiбек атынан түсiп, қақпаны қақты. Iштен шыққан
жасауылға жөнiн айтты. Жасауыл iшке хабар беруге кеттi. Аздан соң кең қораның әр жағынан аяғын
сабырмен басып келе жатқан Ядгарбектiң өзi көрiндi. Ол мұнымен қол алысып амандасты. Әуелi
iшiндегi кең айбанға жайғасқасын, жөн сұрасты. Жәнiбек салған бетте негiзгi шаруасын айтқанды жөн
көрмедi. Бiрақ Ядгарбек мұның тегiн жүрмегенiн сезсе керек, әңгiменiң тоқ етерiне көштi. Сосын
барып бұл амалсыздан шаруасын айтты.
Ядгарбек тықыр басына киген ала тақиясын қолына алып, жиегiне қарап отырып:
— Қызық екен, — дедi. Сосын бұған көз киығын тастады: — Бұл хақында ұлы ханға бiрнеше рет
айттым. Бiрақ... — деп, ол аз-кем iркiлiп қалды. Бiраздан соң барып: — Хан Мәру үшiн Насрулла
әмiрмен көптен берi қырбай боп жүр. Осы тынымсыз шапқыншылық халықты шаршатып болды.
Кәзiр... Түркмен ағайындар да онша тиыш емес. Өзбек, қарақалпақтар да сондай. Қаншама әскерiң
болса да, халықты қарумен қорқытып ұстап тұру қиын ғой, — дедi.
— Әлбәттә, — дедi Жәнiбек оны қоштап. — Қазақ арасында сүттей ұйып отыр деуге болмайды.
Жақында Бұхараға орыс керуенiнiң Сыр арқылы өткенiн естiген шығарсыз?
— Иә, естiгем.
— Бұл жолды оларға қазақтардың өздерi көрсетiп бердi.
— Кiм үйтiп жүрген? — Бас уәзiр бұған көзiн сығырай-та қарады.
— Сiз Мiрәлi сардарды бiлетiн шығарсыз. Соның Ережеп дейтiн iнiсi бар. Орыс керуенiнiң
басшысы Ахияр дейтiн башкүрт сол Ережептiң үйiне түсiп, жол жайын сұрап алған, — дедi Жәнiбек
қара күреңiте түсiп. Ол бiреудiң сыртынан бұрын-соңды әңгiме айтып көрмегендiктен, қысылып, аздап
абдырап қалды. Сол сәтте маңдайы сәл-пәл тершiгендей болды.
— Сонда... кәзiр керуен Бұхарада ма?
— Иә.
— Ым, — дедi де, Ядгарбек артық тiл қатпады. Буы бұрқыраған палауды көтерiп әкеле жатқан
қызметшiлерiне көз салмастан, жұлдыздары құжынаған түнгi аспанға қарап, ойланып, бiраз отырып
қалды.
Ертесiне Жәнiбек таң азаннан тұрды. Тұла бойының ерекше қунақ тартқанын сездi. Ядгарбекке
тартуын бергесiн, коржынын Қасқырбайға арқалатып, хан сарайына келдi. Бас уәзiр бұларды еңселi,
салтанатты сәулеттi бөлмелердiң iшiмен алып жүрiп, ұлы хан отыратын сарайға кеп кiрдi.
Қасқырбайды сол арада қалдырып, екеуi күзетшiден рүксат ап, iшке кiрдi. Бұл кiрген жерi салқын, кең
сарай екен. Есiктен төрге дейiн кiлем төселiнiп тасталыныпты. Соның ең шетiндегi алтын тақта басына
шымқай қызыл жiбектен шалма ораған қара сақалды, қара мұрты қиылған, орақ мұрынды Мұхәммәд-
Инақ отыр екен. Екеуi iзетпен иiлiп, аяқтарын ақырын басып, алтын таққа жақын келдi. Ядгарбек оң
қолын кеудесiне қойып, басын иiп:
— Аллатағалам барша жаннан артық етiп жаратқан, Қаразым жұртының ырыс-несiбесiн тасытқан
нұр сипатты үлы ханым, сiзге айрықша хабар айтқалы келдiм, — дедi.
Мұхәммәд-Инаққа Жәнiбек ендi анықтап көз салды. Хан ат жақты, сопақ басты, күн тимеген қоңыр
жүзi мына қара көлеңке бөлмеде ақшыл тарта көрiнетiн, талдырмаш денелi кiсi екен. Көзiн сәл
сығырайта қарайды. Ол ақырып қозғалып, лағыл көздi жүзiк салған қолымен айта бер дегендей ишарат
жасады.
Ядгарбек тағы да iзетпен басын иiп:
— Уа, Қаразым жұртының ұлы ханы, мен мына өзiңiздiң кұзырыңызға шын берiлген қазақ елiнiң
ру басысы Жәнiбек мырзадан оқшау хабар естiп келдiм. Ол мырзаның айтуынша, жақында Бұхараға
орыстардың сауда керуенi төте жолмен өтiптi, — дедi.
— Рас па? — деп, Мұхәммәд-Инақ тез арада қолдан жасап отырған самарқау қалпынан арылып,
бұған еңсерiле қарады.
— Бәрi рас. Олардың iшiнде жансыздардың да болуы бек мүмкiн. Керуен Сыр арқылы өтетiн қобы
жолға түсiп алып барған.
— Оған жол көрсетiп жүрген кiм? — Хан қабағын шытты.