132
— Ол жолды сiлтеген Сыр бойындағы Мiрәлi сардардың туған iнiсi Ережеп мырза көрiнедi.
Ханның түрi қап-қара боп кеттi. Сол арада оның сол жағында түрегеп тұрған Сафар би сары
шанаштай жүзiн жылыта, көзi жiпсиiп, дағарадай сәлделi басын идi. Хан оған оң қасын сәл жоғары
көтерiп, көз қиығын тастады.
— Ұлы мәртебелi ханым, — дедi Сафар би иiле түсiп, — мен де бұл жайында естiп едiм.
— Иә, айта бер.
— Кеше кешкiсiн Сыр бойындағы қожалығыңыздың адал сақшысы, сайыпқыран Дадабек бектен
хабар жеттi. Ол бiзге жазған хатында орыс керуенi жайлы айтыпты. Және де мына алдыңызда тұрған
Мамырай ұғылы Жәнiбек мырзаның Сiздiң кұзырыңызға қарсы боп, ел арасына iрiткi салып жүргенi
жайлы жазыпты.
Мұхәммәд-Инақ бұған не дейсiң дегендей Жәнiбекке сынай қарады. Алғаш рет хан алдында
тұрғандықтан ба, Жәнiбек қысылайын дедi. Аяқ астында тұла бойы ысып сала бергендей болды. Дереу
өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, оң қолын төсiне қойып, басын иiп:
— Аллатағалам барша бәндәдан артық етiп жаратқан ұлы хан ием, — дедi ол барынша сабырлы
болуға тырысып. — Мына әңгiменiң төркiнiн ашып беруге рұхсат етiңiз. Мен ешуақта сiздiң
билiгiңiзге шәк келтiрiп көрген жоқпын. Қайта терiскейден ақ патшаның кәупi төнiп тұрған кезде
мұсылман қауымының бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарғанын қалайтын кiсiмiн.
— Ақ патша... кәуiп? — деп, хан мұның сөзiн бөлiп, қабағын шытты.
— Иә, дәл солай.
— О нағылған кәуiп? Өзi... ондай кәуiп бар ма?
— Алдияр тақсыр, ондай кәуiп жоқ. Сiздiң ұлы хандығыңызға бұ дүнияда тiрi жан батып тиiсе
алмайды, — дедi Сафар би күлiмсiреп.
Жәнiбек сасайын дедi. Ол дауысы қалтырай шығып:
— Хан ием, — дедi, — сiздiң ұлы хандығыңыздың терiскейiнде отырған бiзге солай көрiнедi.
Негiзгi гәп онда емес. Мен бiр рудың басшысы ретiнде сiзге арза айта келдiм. — Жәнiбек ендi аздап
батылданып, Хиуа бектерiнiң Сыр елiнде жасап отырған жолсыздықтары жайлы жазылған арызын
ханға ұсынып, оған қосымша ретiнде кейбiр жағдайларды айта кеп: — Уа, хан ием, бұл бассыздық ел
арасына әрекет кiргiзiп отыр. Қазақтардың былтыр Қожанияз қамалын талқандағаны да сондықтан, —
дедi.
Хан арызды қасында отырған дәбирге бере салды. Сол арада Сафар би аяр күлкiсiн бетiне жиып,
иiле түсiп:
— Хан ием, сол шабуыл кезiнде Жәнiбек мырзаның ағасы Елдес дейтiн кiсi де болған, — дедi.
— Ол рас, — деп, Жәнiбек ендi батылдана түстi. — Сонысы үшiн мен ағамды айыптаймын. Бұл
жөнiнде кезiнде Уәйiс-Нияз бекке айтқанмын.
— Оны... бiлем, — дедi Мұхәммәд-Инақ салқын ғана.
— Ендi сiзден өтiнерiм, ұлы хан ием, Сыр жерiндегi бектерiңiздiң жолсыздықтарына тыйым
салсаңыз екен. Сонда қазақ бауырларыңыз ертең Сiзге сенiмдi ел боп, бiлек қосар едi.
— Хан тақсыр, менiңше, мына Жәнiбек мырза Орынбор губернаторының жансызы, — дедi Сафар
би қыстырылып. — Олай дейтiн себебiм, Дадабектiң хабарлауына қарағанда, орыс керуенiн Бұхараға
бастап апарған Құлқа дейтiн батыр мына Жәнiбек мырзаның құдасы көрiнедi.
Хан кенет бұған өткiр көзiн қадап, бiр түрлi қаһарлана қарағандай болды.
— Ол рас, — дедi Жәнiбек қатты қолайсызданып. Кенет әлденеге тiзесi қалтырап кеттi. — Ол кiсiнi
Ережеп бiр ат берiп, жалдап алған. Сосын Құлқа батыр не iстеп, не қоятынын ешкiммен
ақылдаспайды. Бұл арада менiң түк те қатысым жоқ.
Осы жерде Ядгарбек сөзге кiрiстi:
— Алдияр тақсыр, мен Жәнiбек мырзаның адал кiсi екенiне шексiз сенем. Қазақ дейтiн iлiк-
шатысы көп ел. Алыс туысқаны үшiн кiм жауап бередi? Ертеректе Сiздiң кұзырыңыздан қарақалпақ
жұртын бөлiп әкетпек болған Айдос би үшiн оның алыс туыстары жазықты бола ма?
Сафар би қап-қара боп кеттi. Оның Айдос бидiң сұлу немере қарындасын әйел етiп алғаны Хиуа
жұртына мәлiм едi.
Ядгарбек айтқанының нысанаға дарығанын сезiп, сөзiн әрi қарай жалғастырды:
— Ұлы хан ием, Сыр бойы қазақтарына бектерiңiздiң айрықша тiзе батырып отырғаны рас. Ол
ағайынды өкпелетiп алмау үшiн қамалбасыларын ауыстырған жөн деп бiлем.
— Ал, орыс керуенi жайлы не айтасыз?
— Ұлы хан ием, олардың арасында жансыздың болуы ықтимал. Олар әрi Бұхараға апарар тура
жолды бiлiп отыр. Менiңше, керуендi қайтар жолда басып ап, тұтқын ету керек.
— Сонда қалай? Мен орыс патшасымен сауда-саттық жасау, тұтқын алмау жайында шарт жасасқан
едiм ғой.
— Хан ием, ақ патша осы жерде қулық iстеп отыр. Қеруендi елiне аман-есен жiберсеңiз, оның
соңының қиын болуы бек мүмкiн.
Хан азырақ ойланып қалды. Сосын орнынан ширақ тұрып, бұлардың жанына келдi. Жәнiбектiң
жүзiне тура қарап тұрып:
— Жарайды, келiстiм. Мен сарбаз берем, орыс керуенiн мына Жәнiбек мырза тұтқын етiп әкелсiн,
— дедi. Сосын Ядгарбекке бұрылды: — Әгәр мына мырза алдап, қашып кетер болса, басыңды алам!
— Құп, тақсыр! — деп, Ядгарбек басын идi.
Оған iлесе Жәнiбек те иiле түстi.
Екеуi сарайдан шыға бергенде, қазақы бөрiк киген бiр кiсi қарсы ұшыраса кеттi. Ядгарбек оған:
— Ә, сұлтан, жақсымысыз? — деп амандасты.
Сүлтан бiрден мұнымен шүйiркелесе кеттi. Төменгi жақтағы Бөкей ордасын билейтiн Жәңгiр
ханмен сыйыспай, Хиуаны сағалап жүрген Қайыпқали сұлтан осы екен. Оның әңгiмесiнен Жәнiбек