134
олар қайқы қылыштарымен шабады да, оны өзiне қарай сыр еткiзiп тартып, кiсi басын сабағынан
үзiлген қарбызша домалатып жiбередi. Әне, бiрi қаба сақалды солдаттың басын қақшып түсiрдi.
Бассыз қалған оның кеудесi жерге жәйiмен шөге бердi.
Айнала ызы-қиқу шу. Ақырған, бақырған, боқтаған дауыстан, атылған мылтықтардың тарс-
тұрсынан құлақ тұнады. Аздан соң ұрыс саябырлайын дедi. Қорғана алмайтынын бiлген орыс
әскерлерi ендi мылтықтарын тастап, қолдарын көтерiп, бiрдеме деп, шетке шыға бердi. Жәнiбек сонда
ғана есiн жиып, қатты айқайлап, жiгiттерiне тоқтаңдар деп әмiр еттi.
Сарбаздар елу шақты тұтқынды бiр бөлек иiрдi. Сосын үш-төртеуi ортадағы түрi-түсi бөлек
күймеден Ахиярды қоршалап, айдап әкелдi. Оның күйген керпiштей жүзi бозарып кетiптi. Жанында
ұзын бойлы, қоңқақ танау бiр кiсi сүрiнiп-қабынып келедi. Ахияр бұларға жақын кеп тоқтады. Ол
бiрден Жәнiбекке қарап:
— Мырза, мен ұлы Ресей патшасының Бұхараға арнайы жiберген кiсiсiмiн. Маған қол
көтерсеңiздер, ертең ақ патша алдында жауап бересiздер, — дедi.
Жәнiбек мырс ете түсiп:
— Оны көре жатармыз. Мына қасыңыздағыңыз кiм? — дедi.
— Бұл орыс саудагерi. Мен оны құлдықтан құтқарып, Бұхара әмiрiнен сатып алып келе жатырмын.
— Е, солай деңiз, — дедi Жәнiбек тағы да мырс ете түсiп. — Сонымен, патшаңызға қандай мәлiмет
алып бара жатырсыз?
— Мырза, мен жансыз емеспiн, саудагермiн, — дедi Ахияр құп-қу боп.
— Солай ма?
Сол арада бiр сарбаз Ахиярдың күймесiнен бiр буат қағазды әкеп бұған ұсынды. Жәнiбек оның
орамын жазып, жол сиякты ирелеңдеген сызықтарды, жанында жазуы бар қара нүктелердi көрдi.
Мұның Бұхараға апарар жолдың сұлбасы екенiн iшi сезе қойды.
— Ал мынаған не дейсiз?
— Ол... жәй ғана сурет, — дедi Ахияр сыр бермеуге тырысып.
— Мен оған сендiм екен. Бұл деген жәһаннама ғой, — дедi де, Жәнiбек жiгiттерiне бұрылды. —
Мына кiсiнiң қол-аяғына бұғау салыңдар. Қашып кетiп жүрмесiн, Ал тұтқындарды қолдарын
арттарына қайырып байлап, матаңдар.
— Ал мына саудагердi кәйтемiз? — дедi сарбаз Жәнiбекке қарап.
Осы кезде атын тебiнiп қап, имек тұмсық, қара сақалды түрiкпен құрбашысы алға шыға бердi.
Оның түрi өрт сөндiргендей боп кетiптi. Жәнiбек оған жасқана қарады. Кеше Хиуадан шыққалы
бермен одан сақтанып жүрген. Жорыққа аттанарда Ядгарбек жүздiк iшiнде ұлы ханның тыңшысы бар,
абайла деп ескерткен-дi. Бұл ол қайсысы болды екен деп, жасақтағы түрiкпен, өзбек, қарақалпақ
жiгiттерiне барлай қараған. Сол арада желкесiнен қадалған бiр оқты көздi сезген. Жалт қараса,
күрайыш астынан осы түрiкпен барлай қадалып келедi екен. Содан-ақ бұл одан айылын жия жүрген
едi. Осы кәзiрде бұл құрбашыға сақтана қарады.
— Мырза, — дедi ол күңгiрлей сөйлеп, — мына саудагердi маған берiңiз. — Оның дауысында бiр
түрлi әмiр бар.
Сол арада өзiнiң қалайша оған:
— Ала бер, — дегенiн Жәнiбек байқамай да қалды.
Құрбашы өз жiгiттерiне қарап ым қақты. Екi сарбаз әлгiнi шеттеу тұрған жаман атқа қарай
сүйрелей жөнелдi. Ол бiрдеме деп айқайлап, әлгi екеуiне әл бермей, бұлқынып едi, құрбашы атын
тебiнiп қап, жақын барып, дойыр қамшымен оны қыр арқадап остырта-остырта тартып-тартып жiбердi.
Таяқ батқап саудагер бiр уыс боп, екi сарбаздың ырқына көнiп, бүлкiлдей жөнелдi.
Осы кезде сарбаздар тұтқындарды байлап-матап болған да едi. Жәнiбек қол-аяғына кiсен салынған
Ахиярды олардан бөлек ұстады. Содан соң бұл тау-тау теңдердi шешкiзiп едi, iшiнен көп мылтық, дәрi,
бытыра шықты. Сол арада Жәнiбек оқыс шыңғырып жiберген әйел даусынан селк ете түстi. Дауыс
шыққан жаққа жалт қараса, жыңғыл арасына сарбаздар топтала қалыпты. Бұл аяғын асығыс басып
барып, олардың жандарына жақындай бергенiнде, зәресi ұшып кеттi. Жыңғылдың түбiне төселген
жаман тоқымның үстiнде күн шалмаған екi ақ санын қалай болса солай созып жiберiп, шалқ ортасынан
бiр орыс әйелi жатыр. Оның дар-дар жыртылған көйлегiнiң етегi жоғары түрiлiп кетiптi. Оның үстiңгi
жағынан бiр сарбаздың күн тимеген бөксесi бүлкiлдеп көрiнедi.
Соны көрiп, Жәнiбектiң жыны қозып кеттi. Жанындағы бiр жiгiттi итерiп жiберiп, iлгерi қарай
жүрiп:
— Әй, мыналарың айуандық қой! — дедi қатты айғайлай сөйлеп.
Құрбашы мұның алдын кескестеп, түнерiп тұрып:
— Мырза, неге сiздiң кәпiр қатынға жаныңыз аши қалды? — дедi.
— Ендi... бұлай, адамшылықтан шығуға болмайды ғой.
— Сiз оны қойыңыз. Қатын осындай iс үшiн жаратылған. Қайта бұл оған сауап.
— Тапа тал түсте абырайын ашқан да сауап па?
— Ендi қалай деп едiңiз? Кәпiрдiң қатынын аяйтындай дәнеме де жоқ, — деп, құрбашы сол арада
бұған көзiн қыса қарады. — Сiздiң мұныңыз... немене, а? — Ол сосын сарбаздарға қарады. —
Сарбаздар, осының өзi орыстардың жансызы емес пе екен?
Жаңа ғана әйелдiң үстiнен тұра сап, кезегiн келесi кiсiге берген бұқа мойын, жыртық көз бiреу
ұялмастан шалбарының iлгегiн салып тұрып, бұның жанына жақындап кеп:
— О да мүмкiн, — дедi. Өзi жырқ-жырқ күледi.
Жәнiбек мыналармен ерегiсудiң кәуiптi екенiн сезiп, оларды өзiне жауықтырып алмайын деп:
— Жансыз болсам, ұлы хан менi мұндай сапарға жiбере ме? Мен тек... абырай жағын ойлап... аяп,
— дедi.
— Кәпiрдi аяуға болмайды. Жауды аяған жаралы деген.