135
— Оған не сөз бар.
— Ертең жерiңдi ақ патша жаулап алса, дымыңды қоймайды. Сұмдықтың көкесiн сонда көресiң.
Олар қатыныңды қорлау аз, бала-шағаңды тiрiлей отқа өртейдi, — дедi құрбашы түнере сөйлеп.
— Жарайды, өздерiң бiлiңдер, — дедi де, Жәнiбек онымен әрi қарай сөз таластырмай, бұрылып
жүре бердi.
Нәпсi билеп, арсыздана жымыраңдасқан сарбаздар қызыл көрген күшiгендерше жыңғыл маңына
жинала қалыпты. Соны көрiп, Жәнiбектiң аза бойы қаза болды. “Мыналар... қатыгез екен”, — дедi
iшiнен.
Аздан соң бұлар керуендi Хиуаға қарай алып жүрдi. Жолшыбай Жәнiбектiң кеуiлi өрекпи бердi.
Көз алдынан бағана өзi шауып өлтiрген кiсi кетпей қойды. Соны қанша ойламайын десе де, сол бiр
қорқынышты сәттi есiне ала бередi. Ақыры болмағасын, ол бiр қарақалпақ жiгiтiнiң торсығындағы
бозадан сұрап iштi. Удай боза әдепкiде iшiн өртеп кеттi. Бiрте-бiрте бағанағы өзегiн өртеген қыжылды
тұншықтыра бастады. Бойы жайылып, мандайына шып-шып тер шықты. Сәлден соң босаңсыған жаны
қатқылданып, түрпiленiп сала бергендей болды. Жәнiбек ендi өзiнiң қандай шайқастан да тайынбасын
сездi. Сол арада басына бiр күдiк шапты: “Менiң осыным дұрыс емес қой?”
Олар араға үш қонып, төртiншi күнi дегенде Хиуаға барып жеттi. Көп олжаны көрiп, Мұхәммәд-
Инақ кеуiлденiп қалды. Ертесiне ол елу шақты орыс солдатын құл базарына апарғызып, Хорасан,
Ғират, Қандағардан келген бай саудагерлерге саттырып жiбердi. Ал сарбаздар масқаралаған, үш-төрт
күнде денесi iсiп кеткен, орыс саудагерiнiң әйелi Ирина Яковлеваны жергiлiктi бiр өзбектiң байына
күңдiкке бердi.
Сол күнi Хиуа ханы аманатқа деп алып қалған Қасқырбайды мұнымен қауыштырды. Ертесiне хан
сарайынан шығып келе жатып, Жәнiбек әскери киiнген, түрi-түсi бөлек бiреудi көрдi. Оның кiм екенiн
сұрағысы кеп, Ядгарбекке қарай берiп едi, ол ақырын ғана:
— Бұл — Инжлизияның патшасы жiберген кiсi. Бiзге зеңбiрiк құюға, соғысқа дайындалуға
көмектескелi келiп жатыр, — дедi.
“Соғыс”, — деп, Жәнiбек сәл аңтарылып қалды. Бiрден түсiнбей: “О нағылған соғыс?” — дедi
iшiнен.
Ядгарбек жымиды:
— Бiр керуенiн таладым деп, есiре беруге болмайды. Не нәрсеге де дайын отырған жөн. Айтпақшы,
жаңа мен ұлы ханмен сейлестiм, сiздi Шөмекей тайпасының сардары етiп тағайындайтын болды. Ол
хақында фирман бүгiн-ертең шығып та қалады.
— Алдыраз болсын, — дедi Жәнiбек не дерiн бiлмей. Бiр сәтте әрi қысылып, әрi қуанып, iштей әрi-
сәрi болды.
Сол күнi Жәнiбек Хиуа базарына барып, сауда жасап, базарлықты көптеп алды. Сосын үш түйе
сатып ап, теңдердi буып-түйiп, жол жүруге дайындала бастады.
19
Ядгарбектiң сөзiне қолқ етiп түсе қалғанына Мұхәммәд-Инақ хан ендi таңғалды. Осы бас уәзiрiнiң
кiсi арбайтын бiр сиқыры бар сияқты. Ол асықпай-аптықпай, өзгелер құсап адамшылық қасиетiнен
жұрдай боп құлдық ұрып жатпай-ақ, қандай шаруаны да дұрыс өлшеп-пiшiп айтады. Сонысы үшiн де
ұлы ханы оны сыйлайды. Бiрақ бұл осалдығын ол басқаларға бiлдiрмейдi. Иә, ел билеген ханның
осалдығы басқа кiсiге көрiнбеуге тиiс. Сенiң ондай сәл ғана босаңсыған сәтiңдi байқап қалса, кеше
өзiңнiң аяғыңды құшып, табанынды жалап жүрген жалпылдақтар iшiнен сықақ етiп күледi. Оған дер
кезiнде тойтарыс бермесең, қара халық басыңа секiредi. Үйте қалғанда, оны дұшпандарың қажетiне
жаратып, өзiңдi алтын тақтан тоңқалаң асырады. Сондықтан қай заманда да тақ үшiн, билiк үшiн күрес
тиылмақ емес. Кәзiрде де сондай.
Ұлы хан қозғалақтап қойды. Оның есiне iнiсi Бақтияр түстi. Өзi аздап әумесерлеу. Соны ана бiр
жылы дұшпандары үгiттеп, мұның тағын осы кезде тартып алмасаң, саған мұрагерлiк жоқ, деп бұған
қарсы айдап салды. Ұлы хан сол жолы Ядгарбектiң арқасында бiр өлiмнен аман қалды. Ядгарбек ертең
түс әлетiнде хан алдына у қосылған палау келетiнiн, оны ұйымдастырып жүрген бас уәзiр мен Бахтияр
екенiн дер кезiнде ескерттi. Сол күнi хан түнiмен көз шырымын алмай шықты. Жатар бөлмесiн күзетер
сарбаздарды ауыстырып, сенiмдi-сенiмдi деген жiгiттердi қойса да, сәл тықырдан селк етiп оянып
кетiп, жастығының астына тығып қойған қылышының балдағын ұстай алады. Ақыры ол таң алдында
ғана талмаусырап барып ұйықтап кеттi. Шаршағандықтан ба, неше түрлi быжықы-тыжықы түс көрдi.
Аздан соң қызметшiсiнiң мысық табандап келе жатқан сыбысынан оянып кетiп, көзiн ашып алды.
Мүләйiмсiп, қос қолын алдана қусырып келе жатқан мына селдiр сақал-мұртты, қысық көздi кiсiге кең
халатының iшiнде жасырып тұрған қаруы жоқ па екен деп, күдiктене қарады. Ол бөлмеден шығып
кеткесiн, орнынан ширақ тұрып, тез-тез киiндi. Жуынып-шайынып болғасын, һәрам сарайдың
жанынан өте бере, жуан дiңгек бағананың артында тығылып тұрған бiреудi көзi шалып қалды. Тұла
бойы суық шалғандай дiр ете түсiп, екi қолын сарт-сұрт еткiзе соғып-соғып жiбердi. Анадай жерде
тұрған үш-төрт жасауыл семсерлерiн суырып-суырып ап, мұның жанына жетiп келдi.
— Анаяққа қараңдаршы, — дедi бұл қолымен бағананы нұсқап.
Жасауылдар жүгiре жөнелдi. Әлгi жуан бағананың алды-артын айналып, тексерiп шықты. Жан
адам жоқ.
Мұхәммәд-Инақ өзiнiң үркектiгiнен жаман қысылды. Бойын тез жинап ала қойып, кеудесiн керiп,
баяғы кербез, паң қалпын қайта тапты. Сонда да iш жағынан бiр дауыс: “Қорқақтығыңды күзетшiлер
көрiп қалды. Ертең мұны олардың бүткiл Хиуа шәһарына жаймасына кiм кепiл? Ондайда ел iшiнде
әбiрей, беделiңнен не қалады?” — деп мазасыз күңкiлдеп бақты. Ақыры ол сол әзәзiл дауыстың