136
айтқанын тыңдап, жаңағы жасауылдардың бәрiн тұтқынға алдырып, тiлдерiн кестiрiп, терең зынданға
тастаттырды. Бұл қылмысын ақтау ретiнде оларды ханға қастандық жасамаққа тырысты деп, жалпақ
жұртқа жариялатып жiбердi.
Түс әлетiнде ұлы хан бас уәзiр бастаған нөкерлерiмен бiрге тамақтанатын болды. Көлдей түктi
парсы кiлемiнiң үстiнде алтыннан зер жүргiзiлген дастарқан жайылды. Буы бұрқырап, табақ-табақ
палау, iшiне сарымсақ салынып‚ еркек сексеуiлдiң шоғына қақталған қәбәб, көкнәр дәнi себiлiп
пiсiрiлген тандыр нан, Хорасан тауларының гүлдерiнен аралар жиған сары бал, гөзәл Фәрғана
алқабына әкелiнген қара көк жүзiмдер, әр түрлi шабдалы, алхоры, анар, өрiк, мейiз дастарқан үстiне
қойылды. Сақи қызметшi сарай астындағы салқын құжырада үш жыл бойы ұсталып, бабына кеп
ашыған лағыл шарапты кеселерге әдеппен күйды. Ұлы хан көз қиығымен барлығын қалт жiбермей
қадағалап отырғанын сездiрмей, манаураған қалпы, өзiне аңтарыла қараған нөкерлерiнiң үстiнен
асыра, әлдеқайда қадала қалған. Аздан соң ол сәл серпiлiп, нөкерлерiне дәм алуға ишарат жасады.
Бiрақ өзi алдында тұрған дәмге қол соза қоймады. “Қайсысына у қосылған екен?” — деп ол
аңтарылып, аз отырды. Ақыры мына қалпының өрескел екенiн сезiп, алдындағы палауға қолын соза
бергенiнде, Ядгарбек орнынан тұрып:
— Тақсыр, сiздiң алдыңыздағы тағамға у қосылған, — дедi.
Бұл оған жорта таңғала қарап:
— Сен оны қайдан бiлдiң? — деп сұрады.
— Тақсыр, сiздiң тағыңызды қызғанатын бiр дұшпанларыңыз солай iстеп отыр.
Сол арада бас уәзiр күлiмсiреп:
— О қай дұшпан? Ондай болуы мүмкiн емес, — дедi.
Хан қабағын шытты. Ол бас уәзiрдiң жүзiне барлай қарап:
— Жарайды, мен сiзге сенейiн, онда мына палаудан жеп көрiңiз. Осыдан аман қалсаңыз, мына
Ядгарбектiң басын алам. Ал, өлсеңiз, өзiңiздiң басыңызды өзiңiз алған боласыз, — дедi.
Бас уәзiрдiң жүзi лезде қуқыл тартты. Оның палауға амалсыздан созған қолы қалтырап кеттi. Бiрақ
та ол қарсы сөз айтуға батпай, палаудан қолымен алып, аузына сала бердi. Сәлден соң құп-қу боп
кеткен уәзiрдiң басы бiр жағына қарай қисайып бара жатты.
Сол жолы бұл дұшпандарын тас-талқан қылды. Тек шаруаның алдын алған Бахтияр бiр есебiн
тауып, қамалдан шыға қашып, құтылып кетiп, Насрулланы паналады. Бұл бiрнеше рет Бұхара әмiрiне
дұшпанымды өзiме бер деп, елшi жiберiп едi, Насрулла әр түрлi сылтау айтып, сөздi ұзартып жiбердi.
Содан берi мұның одан аларға өшi жоқ.
Келесi күнi ұлы хан Ядгарбектi өзiне бас уәзiр еттi. Бiрақ та одан аяғын тарта жүрдi. “Ақылды кiсi
сұм келедi”, — дедi iшiнен. Қулық та, сұмдық та ақылдан шығады. Оған тақыс алған айла қосылса, өте
кәуiптi. Ондай кiсiден, әсiресе, белең алған атқа мiнгендей тақ күзеткен патшаның абай болғаны жөн.
Кiм бiлiптi, жау жоқ деме, — жар астында деген. Содан берi ұлы хан Сафар бидi iшiне тартқан боп,
екеуiн арбастырып қойып‚ олардың қызығына сыртынан қарап жүр. Әрине, өзi Сафар бидiң өресiз,
тайыз екенiн, мұндайлардың айтқаныңды қайт етпейтiнiн жақсы бiледi. Бiрақ ондайлар қиын-қыстау
шақта ақыл қоса алмай, кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы боп, дән шоқып кете барады. Ондайлардан
гөрi алды-артын бекем болжап отырар Ядгарбектер пайдалы. Бiрақ кәуiптi. Бұл бас уәзiрдi тежеп ұстау
үшiн бiрде Сафар биге: “Өзiңiз бас уәзiрлiкке қолай кiсiсiз-ау”, — деп, оны үлкен қызметтен есек дәме
етiп тастаған. Содан берi ақылсыз неме Ядгарбектiң әр қадамын андып, күнде кеп мұның құлағына бар
күбiр-сыбырды құйып кетедi. Бұған керегi де сол. Ақылды дұшпанды байлап-матап ұстау үшiн ақымақ
дос керек. Оларды осылайша өзара бақастырып қойсаң, бiрiн-бiрi аңдып, бiрiн-бiрi шаршатып бiтедi.
Екеуiн әбден қажаса-қажаса шаршағасын, былай аулаққа лақтырып тастай саласың. Ол орнынан
тұрып, күнi бойы отырғандықтан, ұйып қалған буындары күтiрлеп, кең сарай iшiнде әрлi-берлi жүрдi.
Тағы да Бахтиярдың жайын ойлады. Бiр хабарға қарағанда, оған Насрулла әскер берiп, Хиуаны шауып
ал деп, қайрап жатқан көрiнедi. Соған құлағын түрiк ұстап отырған бұл кеше әдейi Ахияр керуенiн
шапқызып алды. Ондағы ойы — Ресей патшасы мен Бұхара әмiрiнiң арасына от салу. Мұның ендiгi бiр
көздеп отырғаны — Қоқан ханы Хұдаярмен татуласу. Бiрақ оған өз аяғымен барғанды жөн көрмей,
арада басқа бiреу делдалдық етсе екен деп ойлады. Ол соны ойлап, анада Ташкенттегi Баймырза
сұлтанмен жең ұшынан жалғасып, Хұдаярдың ау-жайын байқап көрдi. Ендi сол жөнiнде оңашада
ақылдаспақ боп, Ядгарбектi шақырып алды.
— Бас уәзiр, — дедi бұл оны жанына алып жүре сөйлесiп, — сiз осы Коқан ханының жағдаятынан
хабардарсыз ба?
— Әлбәттә, тақсыр, — дедi Ядгарбек басын иiп.
— Құртөбе әлi қолдан қолға өтiп жүр ме?
— Иә, тақсыр.
— Сонда... Хұдаяр ханның Бұхара әмiрiне шамасы жетпегенi ме?
— Тақсыр, Қоқанның iшкi ахуалы онша емес, дедi ол жұмсақ сөйлеп. Ұлы хан Хұдаярды “хан”
деп айтқанды жақтырмайтын. — Қыпшақтар Әндижан, Фәрғана алқабын басып алған. Соған
жергiлiктi басқа рулар наразы.
— Ә, солай де, — деп ұлы хан оның жүзiне жымия қарады. — Осы Ташкент күшбегiсiнiң ақ
патшадан темiр балқытатын муһандис сұрап алдырғаны деген не?
— Ол рас.
— Сонда... күшбегi оларға сыр алдырып қоям деп қорықпай ма екен?
— Ояғын бiлмедiм.
— Дұрыс, — деп, ұлы хан тағы да iлгерi жүрiп кеттi. Есiне Хиуаға келiп жатқан Түркия, Англия
өкiлдерi түстi. Олардың айтуынша, Хнуа мен Қоқан хандықтарының терiскей жақтағы қожалық
жерлерiне шыныменен кәуiп төнiп тұр. Сiбiр мен қазақ даласына бекiнiстер салып, сұғына кiрiп келе
жатқан орыс патшасының орам алар уақыты жақын сияқты. Оған тойтарыс беру үшiн күш